• Басты
  • «Мерейлі отбасы»: Мұқашевтар отбасының жалпы ұстаздық еңбек өтілі - 640 жыл
9 Қыркүйек, 2014 14:03

«Мерейлі отбасы»: Мұқашевтар отбасының жалпы ұстаздық еңбек өтілі - 640 жыл

Ақмола облысы Ақкөл ауданы Өрнек ауылының Мұқашевтер отбасы – «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының қатысушысы. Олардың жалпы ұстаздық еңбек өтілі 640 жылды құрайды.
«Мерейлі отбасы»: Мұқашевтар отбасының  жалпы ұстаздық  еңбек  өтілі - 640 жыл

Еңбек әулетінің негізін қалаушы – Мұқашев Ешмұхан Мұқашұлы, оның есімі  ауылдастарының  жадында мәңгіге сақталған. Ол 1912 жылы дүниеге келген, ұстаздық жолын 18 жасында туған ауылы Өрнек қаласының орта мектебінен бастаған.

«Біздің әулеттің басты символдарының бірі әулеттегі үш ұрпақтың да бас қосатын жеріне арналған қара шаңырақ. Бұл үйді 20 ғасырдың басында атамыз Мұқаш салған екен. Осында Мұқаш ақсақалдың барлық сегіз баласы дүние есігін ашып, ер жеткен. Осы үйден әулеттің өмір жолы басталды десек артық айтқандық болмас еді. Аталмыш байқауға қатысуға ниет білдіргеннен кейін әулет болып бас қостық. Сонда отырып есептегенімізде біздің әулеттің ұстаздық қызметіне 640 жыл толғанын анықтадық», - дейді Ешмұхан Мұқашевтың қызы Зейін Аюпова.

Айта кету керек, Ұлы Отан соғысы жылдарында Е.Мұқашев Мәскеу түбінде Отан қорғаған. Сталинград шайқасы кезінде атақты Павлов үйінде болған. Әскери қызметі үшін орден-медальдарға ие болған. Көпжылдық еңбек уақытында «Қазақ ССР-ын гүлдендіру үздігі» төсбелгісімен және бірнеше алғыс хат пен мақтау қағаздарымен марапатталған.

Ақсақалдың өмір жолын үлгі тұтқан оның бес баласы ұстаздық жолды таңдады. Ал тағы үш немересі ғылыми жұмыстарға өз өмірлерін арнаған. Сонымен қатар, туған ағасы Кенжебек Мұқашевтың 4 баласы да мұғалімдік қызметті өз өмірлерінің мәні деп білген.  

«Бүгінгі таңда отбасы мәнін кеңінен түсіндіруге деген қажеттілік жоғары. От басы, ошақ қасының жылуы мен мейірімі кімнің болса да адамдық жетіліп, рухани кемелденуіне алғышарт болатыны анық. Өйткені отанға деген махаббат, адамзатқа деген адалдық отбасынан басталады», - дейді Ешмұхан Мұқашевтың немересі Фариза Аюпова.

Өдеріңізге де белгілі, 5 қыркүйекте «Мерейлі отбасы» байқауының республикалық кезеңіне дауыс беру аяқталды. Енді үш кезеңнің жалпы қорытындысы бойынша жалпы байқаудың жеңімпазы анықталатын болады.  Байқауға Қазақстанның әр өңірінен 16 отбасы қатысуда. Дауыс беру елдің сайттарының бірінде онлайн тәртіппен және хабарлама жөнелту арқылы жүргізілді.

Аталмыш байқау Тұңғыш ұлттық байқау болып табылады. Онда отбасы құндылықтары мен неке институты мәртебесін арттыруға басымдылық берілген. Шараға спорттық шараларда, еңбек жолында, шығармашылықта, зияткерлік салаларда және ғылыми тұрғыда белгілі бір деңгейге жеткен отбасылар қатысады.

Индира Қауметова

Барлық жаңалықтар