Қазақстанда күзгі аң аулау маусымы ашылды – АШМ

8 Қыркүйек, 2014 12:17
6 қыркүйек күні Қазақстанда суда жүзетін құстарға, тұяқты жануарларға және жыртқыш аңдарға күзгі аң аулау маусымы ашылды.

Ауыл шаруашылығы  министрлігінде хабарлағандай, биыл құстардың 59 түрі мен сүтқоректілердің 34 түрін бекітілген аңшылық шаруашылықтарының аумақтарында ғана аулауға болады. Бекітілген аңшылық шаруашылықтарда барлығы 2482 қорықшы және 2286 автомашина бар.

Әуесқойлық (спорттық) аң аулау үшін аңшыда куәлік, жануарлар әлемін пайдалануға берілген рұқсат және аңшылық шаруашылығы субъектісінің жолдамалары болу тиіс. Бұнымен бірге, аң аулағанда атыс қаруын қолданар кезде оны сақтау және алып жүру құқығын беретін Қазақстан Республикасы Ішкi iстер органдарының рұқсаты болуы қажет.

Сондай-ақ, аушы жыртқыш құстармен аң аулаған кезде белгіленген тәртiппен берiлген тіркеу құжаттары болуы тиіс.

Тұяқты жануарлар мен қоңыр аюды олжалау қорықшының немесе жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспектордың қатысуымен жүргізіледі және атып алғаннан кейін, олар жануарлардың олжаланғаны туралы белгi жасайды.

«2014 жылдың бірінші жарты жылдығы бойынша 259 факті анықталды, оның 256 әкімшілік жауапкершілікке және 9 қылмыстық жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.

 

Барлық жаңалықтар