• Басты
  • П.Маглели: Қазақстандықтарды бейбітшілік, келісім мен бірлік біріктіреді

П.Маглели: Қазақстандықтарды бейбітшілік, келісім мен бірлік біріктіреді

5 Қыркүйек, 2014 11:32
Барлық қазақстандықтарды, 130-дан астам ұлт өкілдерін басты құндылықтар - бейбітшілік, келісім мен бірлік біріктіреді, деп есептейді Ақтөбе қаласы болгар этномәдени бірлестігінің мүшесі Павел Маглели.

Сөз басында Павел Маглели атап өткендей, барлық қазақстандықтарды, 130-дан астам ұлт өкілдерін басты құндылықтар - бейбітшілік, келісім мен бірлік біріктіреді.

«Мен бала кезімнен туып өскен жерім, балалық шағым өткен жерді және әлі күнге дейін тұрып келетін мемлекетті өз отаным деп білемін. Мен ата-бабамның туған жері Болгарияда болдым, ол кезде жас едім, қасымда достарымда болды. Мен бұл елдің әсем табиғатын тамашаладым. Алайда, мен әрқашан маған Қазақстанның жетпей тұратынын сезіндім. Менің ойымша мұның астарында барлық этнос өкілдерін біріктіріп тұрған  басты құндылық жасырылып тұр - ол Отанға деген махаббат. Елдегі ахуалдың ағымына берілмеген менің туған туыс бауырларым жаңадан бұғанасы қатып келе жатқан жас мемлекет Қазақстаннан кетіп қалмады. Біз өзімізді өз туған жерінің нағыз патриоттары деп есептейміз», - деп ағынан жарылды П.Маглели.

Сонымен қатар, ол атап өткендей, Ақтөбеде тұратын болгарлардың басым бөлігі қазақ тілін жетік меңгерген. «Бұл тілді біздің ата-бабаларымыз қазақ жеріне табан тіреген уақыттан бастап меңгеріп алған. Олар оны мәжбүрлегеннен үйренген жоқ, керісінше тар жол тайғақ кешкен заманда қол ұшын берген қазақ халқына құрметі үшін үйреніп алды. Ал, Қазақстанда туып өскен ұрпағымыз туғанынан бастап қазақ тілін үйрене бастады. Қазақ тілін нығайту керек, алайда өзге тілдерге шектеу қою арқылы емес. Бұл Елбасының сөзі, тек шыдамдылық керек», - деп түйіндеді ол.

Барлық жаңалықтар