• Басты
  • Жаңалықтар
  • Н.Назарбаев: Ауыл шаруашылығы саласына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау жылдан жылға ұлғаюда

Н.Назарбаев: Ауыл шаруашылығы саласына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау жылдан жылға ұлғаюда

4 Қыркүйек, 2014 09:01
Кездесудің алдында Мемлекет басшысы «Аскөп» ЖШС-нің егіс алқаптарындағы астықтың жағдайымен танысты және қолданыстағы ауыл шаруашылығы техникаларының үлгілерін көрді, деп Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

«Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен және агрокәсіпорындардың басшыларымен әңгіме барысында Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдау жылдан жылға ұлғайып келе жатқанын айтты», - делінген хабарламада.

«Саланы дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданды, ол ауыл шаруашылығы құрылымдарын қаржылық сауықтыруды, субсидиялау жүйесін одан әрі жетілдіруді қарастырған. Осының бәрі сіздердің жұмыстарыңызға қолайлы жағдай жасауға бағытталған», – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев астық шығымын арттыру мәселесіне назар аударуды тапсырды.

«Ауыл шаруашылығында өнімділікті арттыру маңызды. Қазақстан бойынша орташа астық түсімі гектарына 15 центнерден келеді, ал бұл ретте 20 центнер жақсы деп бағаланса, озық шаруашылықтар 22-25 центнерден алады. Біз орасан қаражат жұмсап жатырмыз және ол нәтиже беруі тиіс», – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы азық-түлікке сұраныстың өсе беретінін еске салды.

 «Үкімет қажетті шаралар қабылдап, жағдайдың өрістеуінің түрлі нұсқаларын қарастыруда. Елде барлық бағыттар бойынша орнықты дамуды қамтамасыз етуге септігін тигізетін мемлекеттік бағдарламалар іске асырылып жатыр. Әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу үшін біз барлығын істейтін боламыз», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Барлық жаңалықтар