ЖҚЖК аясында қыркүйекте Аршалы ауданының Жастар орталығы іске қосылады

15 Тамыз, 2014 14:47
Аршалы ауылында 15 қыркүйекте ашылатын Жастар орталығында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаға 37,5 млн теңге бөлінді. Бұл туралы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Ақмола облысының Аршалы және Целиноград ауданында ұйымдастырылған баспасөз турында Аршалы ауданының жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы Бақыт Сыздықова мәлімдеді.

90-шы жылдары бұл мекеме сауда орталығы болған, қазір ЖҚЖК аясында қайта жаңғыртылуда.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Аршалы ауылында Жастар орталығының жөндеу жұмыстары жүруде. Жоба 37 млн 472 мың теңгеге қарастырылған, 20 жұмыс орны ашылды. Ішкі жөндеу жұмыстары жасалуда. Жөндеу жұмыстары шілде айында басталды, 15 қыркүйек күні аяқталады», - деді Б. Сыздықова.

Ол атап өткендей, орталықта мәдени және шығармашылық үйірмелер ашылатын болады.

«Аталмыш Жастар орталығында би, вокал үйірмесі, теннис, шахмат үйірмелері ашылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, тақырыптық кештер мен жастарға арналған би кештері өткізіледі. Оның бірінші қабатында көңіл көтеретін ұйірмелер орналасса, екінші қабатында кітапхана орналасатын болады», - деді ол.

Оған қоса, үйірмелердің барлығы тегін ұйымдастырылмақ.

«Жалпы, үйірмелердің барлығы тегін, тек би кеші 250 теңге болуы мүмкін,себебі мәдениет бөлімі бюджетті толықтыруы қажет. Бұл мәдениет нысандарының ішіндегі ең ауқымды жөндеулердің бірі», - деді ол.

Индира Кауметова

Барлық жаңалықтар