• Басты
  • Жаңалықтар
  • Н. Назарбаев елшілерді елдегі дипломатиялық қызметтердің басталуымен құттықтады

Н. Назарбаев елшілерді елдегі дипломатиялық қызметтердің басталуымен құттықтады

12 Тамыз, 2014 15:37
Қазақстан Президентіне Төтенше және өкілетті елшілер – Малайзиядан Хидайат Абдул Хамид, Эстония Республикасынан Яан Рейнхольд, Ливиядан Салим Абдурахман әл-Суейти, Иран Ислам Республикасынан Можтаба Дамирчилу, Тәжікстаннан Назирмад Ализода, Канададан Шон Стайл – сенім грамоталарын тапсырды, деп Ақорданың бапасөз қызметі хабарлады.

Нұрсұлтан Назарбаев  елшілерді біздің елдегі дипломатиялық қызметтерінің басталуымен құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.

Мемлекет басшысы Қазақстан Тәжікстанды Орталық Азиядағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.

«Тәжік экономикасына салынған қазақстандық инвестициялар бүгінде 125 миллион доллардан асты.  Бұл елде казақ капиталының қатысуымен 40 шақты кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Соған қарамастан, өзара сауда көлемін ұлғайтып, ынтымақтастық аясын кеңейтуге күш салу қажет. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, құрылыс, жеңіл және тамақ өнеркәсібіндегі екіжақты жобаларды іске асыруға мүдделіміз», - деді Қазақстан Президенті.  

Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміздің Иранмен саяси-экономикалық байланыстары жылдан жылға нығайып келе жатқандығына тоқталды.

«Биыл іске қосу жоспарланған Қазақстан-Түрікменстан-Иран жаңа теміржолы соның айғағы. Бұл бағыт жалпы өңірдегі сауда-экономикалық ынтымақтастыққа серпін береді. Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі ахуалды тездетіп реттеу өңірдегі тыныштық пен ынтымақтастық үшін аса маңызды. Біз арағайын «алтылық» пен Иран арасындағы келіссөздердің екі раундын Алматыда өткізу арқылы бұл үдеріске өз үлесімізді қостық. Баршаны  қанағаттандыратын ұзақмерзімді келісімге таяу уақытта қол жеткізіледі деп үміттенеміз. Біз келесі айда Президент Хасан Руханидың Қазақстанға тұңғыш ресми сапарын күтіп отырмыз. Бұл сапар  екіжақты байланыстарды жаңа сапалы деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», - деді Мемлекет басшысы.  

Президент Қазақстан мен Малайзия қарым-қатынастары қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.

Мемлекет басшысы Канадамен жан-жақты ынтымақтастық дамыту Қазақстан үшін маңызды екенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев Эстонияны Қазақстанның Балтық өңіріндегі маңызды саяси және экономикалық серіктесі ретінде атады.

Қазақстан Президенті араб әлеміндегі перспективалы серіктес ретінде қарастырылып отырған Ливиямен тығыз ынтымақтастық орнатуға ниетті екенімізді айтты.  

Мемлекет басшысы дипломаттардың жаңа қызметтеріндегі белсенді жұмыстары өзара тиімді жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға септігін тигізетініне сенім білдірді.

 

Барлық жаңалықтар