• Басты
  • Жаңалықтар
  • Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі конкурсқа өтінім қабылдау жалғасуда

Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі конкурсқа өтінім қабылдау жалғасуда

8 Тамыз, 2014 10:51
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз 2014» конкурсына өтінім қабылдау жалғасуда, деп ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі хабарлады.

Конкурстың  ұйымдастырушылары – ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі,  жергілікті атқарушы органдар, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы, облыстық және Алматы, Астаны қалаларының жергілікті атқарушы органдары.

Номинацияларға келетін болсақ,  «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» - бұл номинацияда өз персоналын қолдауға, мүмкіндігі шектеулі адамдарды әлеуметтік бейімдеуге және жалпы қоғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды (еңбекақыны және әлеуметтік төлемдерді төлеуді, кадрларды кәсіптік даярлау мен қайта даярлау жүйесін ұйымдастыру, мүмкіндігі шектеулі адамдарды барынша көп мөлшерде жұмысқа орналастыру және тағы басқалар) іске асыратын үміткерлердің қызметі қаралады.

 «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» - бұл номинацияда еңбек қызметі процесінде қызметкерлердің денсаулығын сақтауға мүмкіндік беретін еңбек жағдайларын жасайтын үміткерлердің қызметі қаралады.

Ал, «Үздік ұжымдық шарт» -  бұл номинацияда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қызметкерлердің еңбек және әлеуметтік құқықтарын едәуір жақсартатын және нығайтатын ұжымдық шарттар қаралады. Конкурсқа қатысу үшін үміткерлер конкурсты ұйымдастырушыларға материалдарды бір данада береді.

Сондай-ақ, «Экологияға қосқан үлесі үшін» - бұл номинацияда қоршаған орта жағдайын жақсартуға бағытталған табиғатты қорғау (экологиялық) бағдарламаларын іске асыруда ерекше көзге түскен үміткерлердің қызметі қаралады.     

«ЖАО әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық комиссиялардың алдын ала жасаған қорытындыларын және конкурсқа қатысуға үміткерлердің өтінімдерін ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне а.ж. 1 қазанына дейін жібереді», - деп хабарлады ведомствода.

 

Барлық жаңалықтар