Астанада ISO халықаралық форумы басталды (ФОТО)

5 Тамыз, 2014 10:35
Бүгін Астанада Халықаралық стандарттау ұйымы (ISO) ұйымдастыруымен Орталық Азияның, Шығыс және Орталық Еуропаның стандарттау жөніндегі ұлттық органдарының басшылық ететін атқарушы директорларының ISO форумы басталды.

"Көптеген елдердің стандарттау бойынша басшылары мен  ISO бас хатшысы Роб Стилдің қатысуымен өтіп жатқан форум дәстүрге айналары сөзсіз. Бұл форумның алатын орны, маңызы мен міндеті өте салмақты ",- деді сөз басынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев.

Елімізде басымдылық берілген бағдарламалардың бірі Өндірістің дамуы, стандарттау бағдарламасы.

"Халықаралық талаптарға сай заманауи технологияларды енгізу өте маңызды. Өндіріс талаптарын ISO талаптарымен сәйкестендіру экономиканы әртатаптандыруға , бизнесті дамытуға оң әсер етеді ",- деп ол толықтырды.

Форумның мақсаты - 2016-2020 жылдарға арналған ISO Стратегиясы жөнінде ұсыныстар әзірлеу, зияткерлік меншікті қорғау мәселелерін талқылау, клиент мұқтаждығын қанағаттандыру. Сондай-ақ алқалы жиында ISO қатысушы елдердің нарықтық ұлттық стратегияларын дамытудың өзекті мәселелері сөз болмақ.

Айта кетерлік жайт, алдағы форумға 20 мемлекеттің техникалық реттеу және метрология саласының топ менеджерлері қатысатындығын растаған. Олардың арасында Румыния, Хорватия, Беларусь, Албания, Латвия, Литва, Әзербайжан, Грузия және басқалары бар. Мұндай деңгейдегі ISO форумы соңғы рет 2013 жылдың маусым айында Бакуде өткен болатын.

Қазақстан 1994 жылдан бастап ISO тең құқылы мүшесі болып табылады. ISO (Халықаралық стандарттау ұйымы) халықаралық стандарттарды әзірлеумен және жариялаумен айналысатын әлемдегі ең ірі ұйым болып табылады.Алқалы жиынның елімізде өтуі халықаралық стандарттаудағы қазақстандық сарапшылардың қатысу белсенділігін білдіріп, алдағы уақытта Қазақстанның әлемдік аренадағы беделін айтарлықтай көтеруге септігін тигізбек.

Естеріңізге сала кетейік, ISO - бір ел бір комитет-мүшені білдіретін 163 елдің стандарттау бойынша ұлттық ұйымдар желісі. Барлық жүйені үйлестіретін орталық хатшылығы Женева, Швейцарияда орналасқан.

Ауқымда шара 3 күнге созылады.

Мадина Нұрбекова

Суретті түсірген Азамат Әлиев 

Барлық жаңалықтар