• Басты
  • Скрининг сапасы мен дәрігерлердің онкологиялық ауруларды анықтауда қырағылығын арттыру керек

Скрининг сапасы мен дәрігерлердің онкологиялық ауруларды анықтауда қырағылығын арттыру керек

2 Тамыз, 2014 11:28
Денсаулық сақтау министрі С.З.Қайырбекова Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Шағалалы дәрігерлік амбулаториясында және облыстық онкологиялық диспансердің оңалту бөлімінде болды. Бұл туралы ведомсвтоның баспасөз қызметінен хабарлады.

Емдеу мекемелерінде Салидат Қайырбекова медицина қызметкерлерімен және науқастармен әңгімелесіп, еліміздің денсаулық сақтау саласында, оның ішінде ауыл халқына көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады. Науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жайын сұрастырды.   

Министр осыдан 2 жыл бұрын қабылданған онкологиялық көмекті дамыту салалық бағдарламасы қазір оң нәтижесін бере бастағанын айтты. Қазақстанда жыл сайын 6 өңірдің тұрғындары өңеш, асқазан, бауыр және еркек безі скринингтік зерттеулерімен қамтылуда. 2016 жылы республиканың барлық өңірі онкоскринингпен қамтылатын болады. Осы орайда Салидат Қайырбекова скринингтік іс-шаралардың сапасын және дәрігерлердің онкологиялық ауруларды анықтауда қырағылығын арттыру керектігін атап өтті.   

Ауруларды ерте анықтау емді сапалы жүргізіп қана қоймай, мемлекет шығынын азайтуға мүмкіндік береді. Мысалы, сүт безі обырын 1-2 сатыда емдеуге мемлекеттен 780 мың теңге жұмсалса, 3-4 сатысында емдеу 26,5 млн. теңгеге шығады. Республика бойынша сүт безі обырын анықтау көлемі 10 пайызға артқан жағдайда 9 млрд. теңге үнемделеді. Бұл тек аурудың бір түрі бойынша келтірілген мысал.         

Салидат Қайырбекова ұқсас бағыттарын біріктіру мақсатында 2012-2016 жылдарға арналған Онкологиялық көмекті дамыту салалық бағдарламасы «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасымен ықпалдастырылғанын айтты.

Сонымен қатар, министр Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде елімізде 2011 жылдан бері «350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік тіректер және емханалар құрылысы» жобасы іске асып жатқанын тілге тиек етті. Бұл жоба медициналық көмектің халыққа, оның ішінде ауыл тұрғындарына қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған. Жоба 2016 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Қазір осы бағдарлама аясында 122 денсаулық сақтау нысаны салынып бітті және ағымдағы жылдың соңына дейін тағы 100-ден астам емдеу мекемесін халықтың пайдалануына беру жоспарланып отыр.    

Барлық жаңалықтар