Мәжілісмендер бекіре өсіру жобасының орындалу барысымен танысты

11 Шілде, 2014 14:31
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Батыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапарында Жәңгір хан атындағы БҚАТУ базасындағы зертханадағы бекіре тұқымдас балықтарды өсіру ерекшеліктерімен танысты.

Депутаттар Шаухат Өтемісов, Самиғолла Оразов, Виктор Киянский бекіре тұқымдас балықтар өсірілетін акваорталық пен зертханаларды аралады. Аталмыш жоба «Парасат» ұлттық холдингімен бірлесіп іске асырылуда. Ондағы мақсат Оралды сақтау мәселесін кешенді шешу мен бекіренің жоғалып кету қаупінің алдын алу, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жоба жетекшісі Нұрлан Серғалиев мәжілісмендерге балықты өсіру технологиясы мен жобаның ғылыми-зерттеу нәтижелері туралы айтты. Өңірде бекіре тұқымдас балықтарды сақтап қалу мәселесі қай кезде де өзектілігін жоймай келе жатқандығын атап айтқан ол аталған жобаның «Парасат» ұлттық холдингімен бірлесе жүзеге асырылып жатқандығын жеткізді.

Мұнда негізінен ақсерке, орыс және сібір бекіресі, сүйрік және балықтардың гибридтелген түрлері өсіріледі. Зертхананың аға ғылыми қызметкері Бекбол Сариевтің айтуынша, бұл жұмыс 2006 жылдан бері жүргізіліп келеді. Осы уақыт ішінде бекіре тұқымдас балықтардың 2000-ға жуық шабағы жасанды жолмен өсірілген. Сондай-ақ зертханада әртүрлі жолмен уылдырық өндіру жұмысы да қолға алынған. 
Табиғи жағдайларда бекіре тұқымдас балықтардың жыныстық жетілуі мен уылдырық бөлу мерзімі түріне қарай 8-16 жылды құрайды. Ал зертханалық жағдайда бұл мерзімді 4-5 жылға дейін азайтуға қол жеткіздік. Бұл жобаның басты жетістіктерінің бірі, - дейді Б.Сариев.

Депутаттар бекіре тұқымдас балықтарды зертханалық жағдайда өсірудің ерекшеліктеріне, уылдырық алу тәсілдеріне қызығушылық танытып, балық өсіру үшін қолданылатын тұйықталған сумен қамтамасыз ету құрылғысының тиімділігін және суды үнемдеуге мүмкіндік беретін атап өтті. Бұл құрылғыда суды тазартудың алты деңгейі қарастырылған, тіпті ауыстыру кезінде қалатын 10 пайыз судың өзі тазартылып, балықтың өмір сүруіне қолайландырылған деңгейге жеткізіледі.

Нұрлан Серғалиннің айтуынша, бұл жоба Жайық өзенін, ондағы бекіре тұқымдас балықтардың тектік қорын сақтап, көбейту мәселесін шешудің кешенді түйіні болып табылады.

Барлық жаңалықтар