Мәжіліс депутаттары Алматыдағы Әлеуметтік баспананы аралады

9 Шілде, 2014 11:45
Мәжіліс депутаттары Гүлмира Исімбаева мен Камал Бұрханов бүгін Алматыдағы Әлеуметтік баспананы аралады.

2001 жылы Алматыда ашылған арнайы әлеуметтік тұрғын үй кешені негізінен жалғызбасты зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, сонымен қатар тұрмыстық және медициналық қамқорлықты қажет ететін жандарға тұрақты тұру үшін арналған, деп   Мәжілістің баспасөз қызметінен хабарланды.

Мәжіліс депутаттары атап өткендей, бүгінде «Нұр Отан» партиясы тарапынан «Ардагерлерді ардақтайық» атты жобасы қолға алынды. Аталған жоба негізінен қоғамда Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, қарт адамдар мен жалғызбасты зейнеткерлерге қамқорлық қарым-қатынасты нығайтуды мақсат тұтады.

Бұдан бөлек, зейнеткерлермен әңгіме барысында депутаттар қарт адамдарды әлеуметтік қолдау бағытында атқарылып жатқан мемлекеттік шаралар жайында әңгімеледі. Сонымен қатар, Парламенттегі заң шығармашылығы туралы да сұхбаттар орын алды.

Барлық жаңалықтар