Өскемендегі Астана көшесінде Елорда күні тойлануда

6 Шілде, 2014 17:21
Өскеменде Елорда күнін тойлау шаралары Астана көшесінен бастау алған велошерумен басталды.

Астана күніне арналған «Флаг-гасе» велошеруіне 100 велошабандоз қатысты. Шараның қатысушылары мен жеңімпаздары ақшалай сыйлықтармен марапатталды, деп хабарлайды ШҚО ақпараттық орталығы.

Жалпы, мерекені тойлауға 3 мыңнан астам халық жиналды. Мереке қарсаңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Өскемен колледжінің түлектеріне диплом табыстады.

«16 жыл бұрын әлем картасында Астана деген қала пайда болды. Осы уақыт аралығында ол қаланың кісі танымастай өзгергенін біз жақсы білеміз. Астана қазіргі таңда Орта Азиядағы ең ірі қалалардың бірі. Ол бейбітшілік пен келісімнің астансы. Оған дәлел жыл сайын өткізілетін ондағы түрлі халықаралық шаралар. Астана жастар мен болашақтың қаласы. Сіздердің болашақтарыңызға жолдама болып табылатын дипломдарыңыздың Астана күнінде берілуі де тегін емес», - деді әкім.

Мереке аясында өскемендіктерге түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылып, қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесі мен көше суреттерінің байқау көрмесі көрсетілді. 

Барлық жаңалықтар