Қызылордада ана мен бала орталығы ашылды

2 Шілде, 2014 15:16
Астана күні қарсаңында Қызылордада 200 төсекке арналған облыстық перинаталдық орталық салтанатты түрде ашылды.

Денсаулық нысаны 4 қабаттан тұрады. Мұнда әйелдер мен жаңа туылған нәрестелерге неонатология, анестезиология, реаниматология, акушерлі және гинекология мамандықтары бойынша қызмет көрсетіледі, деп облыс әкімдігінде хабарлады. 

Ана мен бала орталығы соңғы жаңа заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

«Аймағымызда халық денсаулығын жақсартуда ілкімді істер атқарылуда. Әсіресе, ана мен бала өлімін азайтуға айрықша мән бердік. Нәтиже бар. Өңір табиғи өсім бойынша алдыңғы қатарда. Сондықтан мұндай орталықтың аймақ үшін маңызы зор. Ең бастысы бұл нысан бас қаламыз Астана күні қарсаңында пайдаланылуға берілді. Бұл Сыр елінің бас қаламызға тартуы», - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.

Расымен соңғы 2 жылда облысымызда ана өлімі 30 пайызға, сәбилер өлімі 27 пайызға төмендеді. Ал 3 жылда өңірде 39 медициналық нысан пайдаланылуға берілсе, биылдың өзінде 18 обьекті  ашылады деп жоспарлануда.

Жаңадан пайдаланылуға берілген перинаталды орталық ана мен балаға көмек көрсететін барлық емдеу, сауықтыру, аурудың алдын алу ұйымдарының үйлестірушісі болады. Бұл жерде мамандар даярланып, өзара тәжірибе алмасады. 

Барлық жаңалықтар