Елордада «Астананың үздік тауары - 2014» көрмесі ашылды (ФОТО)

2 Шілде, 2014 12:09
Астанадағы Конгресс-холлда «Астананың үздік тауары-2014» атты өңірлік байқау-көрмесі ашылды. Онда шағын және орта бизнес өкілдері өнім мен тауарларын ұсынуға, сонымен қатар Жылдың үздік тауары атағына таласуға мүмкіндік алады. Байқау үш аталым бойынша өтеді: «Өндірістік бағыттағы үздік тауар», «Халыққа арналған үздік тауар», «Үздік азық-түлік тауары».

«Жыл сайын Қазақстанның үздік тауарларын анықтау мақсатында осындай байқаулар тұрақты ұйымдастырылып тұрады. Әсіресе Астана мен Алматы қалаларында. Бүгінде біз Астанада 45 кәсіпкерліктің басын қосып аталмыш номинациялар бойынша озаттарды анықтаудамыз. Сонымен қатар, шағын кәсіпкерлік, орта кәсіпкерлік және ірі кәсіпкерліктер өзара сынасады. Желтоқсанда өтетін республикалық байқауға қактысатын тоғыз үміткер бүгін анықталады», - дейді Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Доғалов.

Айта кету керек, байқаудың басты міндеттемесі елорданың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы шағын және орта кәсіпкерліктің маңызын насихаттау. Сонымен қатар, заңды және жеке тұлғалардың қызметін жандандыру. Және де Қазақстан нарығының сапалы тауармен қамтамсыз етілуіне жол ашу.

«Біз 2000 жылдан бастап «Астананың үздік тауары» байқауына қатысып келеміз. Осы уақыт аралығында бірінші және екінші орындарға ие болдық. Халыққа өзімізді таныстырып, осы шараның арқасында өнімдерімізді жарнамалаудың сәті түсіп отыр», - дейді «Апрель» ЖШС сапа қызметінің жетекшісі Юрий Герман.

Индира Кауметова 

Фото-Азамат Алиев 

Барлық жаңалықтар