Астанада «Қазақстан және ғарыш» халықаралық конференциясы өтті

2 Шілде, 2014 09:28
Астана қаласында Тәуелсіз Қазақстан ғарышкері Талғат Мұсабаевтың ғарышқа алғаш ұшуының 20 жылдығына арналған «Қазақстан және ғарыш» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

«Тәуелсіз Қазақстан ғарышкерінің алғашқы ұшуы егемен еліміздің даму тарихында мәңгілік орын алды және ел тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі болып қалады»,-деді Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші Орынбасары Б.Ә.Сағынтаев.

Конференция жұмысына Қазақстан Республикасының ресми тұлғалары, Ресей, Украина, Франция, Германия, Ұлыбритания, Жапония, Голландия, Румыния елдерінің ұлттық ғарыш агенттіктері мен жетекші ғарыш компанияларының басшылары мен мамандары, ғалымдар, сарапшылар, қоғамдық өкілдер, отандық ғарыш саласының мамандары қатысты, деп Қазғарыштың баспасөз қызметі .

Іс-шараның құрметті қонақтарының арасында Т. Мұсабаевпен бірге ұшқан танымал ресей ұшқыштары – Юрий Маленченко, Юрий Батурин, ресейлік Ю.Гагарин атындағы ғарышкерлерді даярлау орталығының басшысы, ғарышкер Юрий Лончаков, КСРО ұшқыш-ғарышкері Анатолий Арцебарский және басқалар болды.

Конференция қатысушылары ғарыш қызметі саласындағы Қазақстан Республикасының қол жеткен жетістіктері мен даму перспективаларын, әлемдік ғарыш қауымдастығында әрі қарай ықпалдасу мәселелерін талқылады, сондай-ақ  ғарыш саласының ғылыми жетістіктері мен тәжірибе алмасты.

Сонымен қатар, конференция шеңберінде Т. Мұсабаевтың алғашқы ұшқанынан бастап, агенттіктің ағымдағы қызметіне дейінгі аралықты қамтитын Қазақстанның ғарыш саласының даму жолын көрсететін арнайы фотокөрме, сондай-ақ Қазғарыштың қарамағындағы ұйымдардың жетістіктері мен қол жеткізген табыстарына арналған көрме ұйымдастырылды.

Бұдан басқа, конференция жұмысына қатысумен қоса, шетелдік қонақтарға ведомство қызметін таныстыру мақсатында Астанада салынып жатқан Ұлттық ғарыш орталығына бару мүмкіндігі берілген болатын, оның ішінде ертең Ақкөл қаласындағы Ғарыш аппараттарын жерүсті басқару кешеніне бару да жоспарланған.

          

 

Барлық жаңалықтар