Шымкентте заманауи спорт кешені ашылды

1 Шілде, 2014 18:15
Астана күні мерекесіне орай Шымкент қаласы Қажымұқан атындағы орталық стадион аумағында кезекті заманауи кешенді жоғары спорт шеберлігі мектебінің әкімшілік ғимараты мен оқу-жаттығу спорт кешені ашылды.

Салтанатты шараға облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысып, спортшыларды құттықтады. Аталған нысанның құрылысы 2013 жылдың наурызында басталып, оған облыс бюджетінен 792 млн. теңге қаржы жұмсалды. Төрт қабаттан тұратын бұл ғимаратта 400 көрерменге арналған зал, волейбол, баскетбол, қол добы сынды спорт түрлеріне арналған ойын алаңдары мен күрес, бокс секциялары заманауи жабдықталған. 10, 25, 50 шаршы метрлік оқ ату галереясы швейцариялық электронды қондырғыларымен қамтылған, деп облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жарты ғасырдан астам тарихы бар осы жоғары спорт шеберлігі мектебі 9 «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шеберін», 108 «Халықаралық дәрежедегі спорт шеберін», 500-ге жуық спорт шеберлерін тәрбиелеген. Мектепте еңбек еткен 41 жаттықтырушы «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы» атағын иеленген. Миллион тұрғыны бар қалаға қадам басып отырған Шымкенттегі Қажымұқан атындағы орталық стадион аумағында ауқымды спорттық нысандар шоғырланып, біркелкі сәулеттік шешіммен дараланған спорт қалашығы қалыптасып келеді.

 

Барлық жаңалықтар