• Басты
  • Жаңалықтар
  • Нұрлан Нығматулин: Біз Елбасы тапсырмаларын орындаудың берік заңнамалық негізін қамтамасыз етеміз

Нұрлан Нығматулин: Біз Елбасы тапсырмаларын орындаудың берік заңнамалық негізін қамтамасыз етеміз

2 Қыркүйек, 2013 00:00
Халық қалаулылары Елбасы тапсырмасын абыроймен атқаруға дайын, әрі барлық күш-жігерін бұрынғыдай «Қазақстан – 2050 Стратегиясына» сәйкес, Президенттің алға қойған міндеттерін заңдық тұрғыдан жүзеге асыруға бағыттайды. Бұл туралы Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин V шақырылған Парламенттің 3-сессиясы аясында өткізілген Палаталардың бірлескен отырысында мәлімдеді.

Нұрлан Нығматулиннің атап өткеніндей, Елбасы әлеуметтік бағыттағы заңдарға баса назар аударды. Сондықтан, кәсіподақтар туралы, ең төменгі әлеуметтік стандарттар мен кепілдіктер туралы, сондай-ақ, кәсіпкерлікке қатысты бірқатар заңдардың маңыздылығы зор. 

Қылмыстық, Қылмыстық – процессуалдық, Қылмыстық – атқарушылық және Әкімшіліктік Кодекстер, сондай-ақ, халықаралық келісімдерді ратификациялау да депутаттық корпустың басты назарында болмақ. 

Мәжіліс Төрағасының айтуынша, жыл соңына дейін депутаттардың өздері бастамашы болған бірқатар заң жобаларын қарау да жоспарланған. Олардың қатарында, «Қазақстан Республикасындағы төменгі мемлекеттік әлеуметтік стандарттар туралы», «Бірқатар заңнамалық актілерге агроөнеркәсіптік кешен мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Бірқатар заңнамалық актілерге тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», басқа да заң жобалары бар.

- Алдағы уақытта да нақты әлеуметтік бағдар, тұрғындардың маңызды әрі өзекті мәселелерін шешуге ұмтылу – депутаттардың заңнамалық бастамаларының негізгі ерекшелігі болмақ.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бізге әрқашанда осындай міндет жүктеп келеді,-деді Нұрлан Нығматулин.

Қазіргі уақытта Парламент қоржынында 35 заң жобасы бар.

Барлық жаңалықтар