Қазақстан мен Индонезия өзара ынтымақтастықты дамытуға мүдделі

2 Қыркүйек, 2013 00:00
Қазақстан мен Индонезия өзара ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Бұл жөнінде бүгін Индонезияның Президенті Сусило Бамбанг Юдойононың Қазақстанға ресми іс-сапары аясында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

«Өткен жылы мен Индонезияға мемлекеттік сапармен бардым. Біздің делегацияны аса қонақжайлылық мен ықыласты көңілмен қарсы алдыңыздар. Бүгін Президент Сусило Бамбанг Юдойоно менің шақыруыммен жауапты мемлекеттік сапармен келіп отыр. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 20 жылында екі жақты байланыстарды дамыту үшін сенімді іргетас қаланды деп айтуға болады. Бұдан үш жыл бұрын Астанада Индонезия елшілігі, өткен жылы Джакартада Қазақстанның елшілігі ашылды. Мұның бәрі арадағы тиімді ынтымақтастықты әрі қарай дамытатын болады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол екі мемлекет те әрі қарай дамудың ауқымды жоспарын жүзеге асырып жатқанын атап өтті. Қазақстан алға әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру міндетін қойды. Ал Индонезия өз экономикасын жеделдетіп дамыту бойынша бас жоспар қабылдаған.

«Ол 2025 жылға қарай әлемнің ірі 10 экономикасының қатарына кіруді көздейді. Осылайша, екі ел де өзара ынтымақтастықты дамытып, кеңейтуге мүдделі. Ең алдымен, әрине экономикаға қатысты. Екі ел арасындағы өзара сауда айналымы , әзірге 100 млн долларға әзер жетеді. Бұл біздің экономикалар үшін аз», - деді Президент.

Барлық жаңалықтар