• Басты
  • Жаңалықтар
  • Ерболат Досаев пен Маркус Бонтури Қазақстанның ЭЫДҰ-мен ынтымақтастығын талқылады

Ерболат Досаев пен Маркус Бонтури Қазақстанның ЭЫДҰ-мен ынтымақтастығын талқылады

23 Маусым, 2014 14:29
ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев пен ЭЫДҰ сыртқы байланыс директоратының басшысы Маркус Бонтуримен кездесті.

«Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мемлекеттік басқару және аймақтық даму, бәсекеге қабілеттілікті арттыру мен іскерлік климатты жақсарту, қазыналық саясат мен қоршаған ортаны қорғау салаларында Қазақстанға көрсетіп отырған қолдауды ерекше бағалаймыз», - деді Ерболат Досаев.  

Министр сонымен қатар ЭЫДҰ Хатшылығы мен ЭЫДҰ министрлер кеңесінің 2014-2016 жылдарға арналған ЭЫДҰ-мен ынтымақтастықтың мемлекеттік бағдарламасын алуда Қазақстанның кандидатурасын қолдағаны үшін алғыс білдірді.

Бағдарлама ұйымның құрылымдық бөлімшелерімен өзара ынтымақтастықты нығайту мен мемлекеттік экономикалық саясатты іске асыру тиімділігін арттыруға бағытталған.

Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің хабарлауынша, Мемлекеттік бағдарлама Қазақстанның ЭЫДҰ елдерінің стандарттарын қамтитын ұсыныстар мен өзге де құқықтық құралдарға, декларацияларға қосылуын және шолу мен ынтымақтастықтың өзге де түрлерін өткізуін қарастырады.

Қазіргі таңда Мемлекеттік бағдарлама жобасына 5 сала енгізілген. Олар: мемлекеттік басқару, қоршаған ортаны қорғау, қазыналық саясат, бәсекеге қабілеттілікті арттыру мен іскерлік климатты арттыру, әлеуметтік-экономикалық саясаттың сектораралық мәселелері.

Барлық жаңалықтар