«Инновациялық автобус» Қазақстанның барлық аймақтарын аралайды (ФОТО)

23 Маусым, 2014 11:10
Бүгін Астанада инновациялық автобусты іске қосуға арналған салтанатты шара өтті. Республикалық NIF$50K инновациялық бизнес-жоспарлар байқауының ұйымдастырушылары Қазақстанның түкпір-түкпірінен жас талантты ғалымдарды және болашақ кәсіпкерлерді іздестіруге кірісті.

ҚР Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі  Ерлан Сағадиевтың айтуынша,  автобус бір ай ішінде барлық облыс орталықтарын байқау туралы толыққанды ақпарат беру үшін аралап шығады.

«Бүгін жолға шыққалы тұрған автобус инновациялық байқау NIF$50K туралы хабардар ететін болады. Сонымен қатар, ол инновация саласында жеткен соңғы жетістіктерімізді де паш етеді. Ол 3D принтер және 3D сканермен жабдықталған. Аталмыш құрылғы өнертапқыштардың ойлап тапқан заттарын дәл сол жерде тестілеуден өткізуге мүмкіндік береді», - деді Е. Сағадиев.

ҚР ИЖТМ вице-министрі хабарлағандай, байқаудың жүлде қоры - 11 млн теңге.  Жүзден жүйрік атанған - 7,5 млн. теңгені иеленсе, екінші орын жүлдегері - 2,5 млн. теңге алады. Ал, үшінші орынға табан тіреген жан - 1,5 млн. теңгені қанағат тұтпақ. Бүгін «Инновациалық автобус»  Петропавл қаласына жолға шығады.

«Индустрия және жаңа технологиялар министрі атынан барлық отандық өнертапқыштарды аталмыш байқауға қатысуға шақырамын. Өз күштеріңізді және инновациялық идеяларыңызды бағалап көріңіздер. Іс-сапар қорытындысы бойынша біз байқауға қатыстырылатын авторлар тізімін жасақтаймыз. Жеңімпаздар Астанаға шықырылады және сол кезде біз үздік үштікті анықтаймыз», - деді Е.Сағадиев.

Естеріңізге сала кетейік, автобус республикалық NIF$50K инновациялық бизнес-жоспарлар байқауы шеңберінде осымен үшінші рет аймақтарды аралайтын болады. Өткен жылы автобустың арқасында 1,5 есе көп өтініш қабылданды және аудиторияны инновацияға қолдау көрсету құралдары туралы барынша ақпараттандыруға мүмкіндік берді.

«Жалпы, соңғы үш жылда 1000-ға жуық өнертапқыш бұл байқауға қатысты. Бүгінде өткен жылдың жеңімпаздары өз идеяларын өндірісте немесе жеке компанияларда жүзеге асыруда», - деді ол.

Барлық жаңалықтар