• Басты
  • Жаңалықтар
  • «Болашақ» шәкірттері ағылшын тілін Қазақстанда үйренетін болады - Ғ. Нығыметов (Брифинг бейнебаяны)

«Болашақ» шәкірттері ағылшын тілін Қазақстанда үйренетін болады - Ғ. Нығыметов (Брифинг бейнебаяны)

19 Маусым, 2014 13:51
Бұдан былай қазақстандықтар «Болашақ» бағдарламасы аясында ағылшын тілін отанында үйренетін болады. 2015 жылдан бастап ағылшын тілі курстары Назарбаев Университеті мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де ұйымдастырылатын болады. Бұл туралы ОКҚ өткен брифингте «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығыметов мәлім етті.

«ҚР Мемлекеттік хатшысы Әділбек Жақсыбековтың төрағалығымен өткен отырыста тіл курстарының жаңа үлгісін жасақтау мәселесі талқыланған болатын. Қазіргі таңда біз қысқамерзімге шет мемлекетке тіл үйренуге жібереміз. Жеңілдіктері бар топтағылар  - мемлекеттік қызметкерлер, БАҚ өкілдері, ғылыми-педагогикалық саланың мамандары шет мемлекетке тіл үйренуге 18 айға жіберіледі. Ал, келер жылдан бастап біз тіл үйрену курстарын Қазақстанда Назарбаев университеті мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де «6+6» жаңа үлгісін ұйымдастырмақшымыз», - деді Ғ. Нығыметов.

Сала маманы атап өткендей, бағдарлама бойынша білім алушылар 6 ай Қазақстанда ағылшын тілін үйренсе, 6 ай ағылшын тілі ортасында шетелде тіл білімін жетілдіреді.

«Осылайша біз тіл үйренуге кеткен шығынды азайтып, тиімділігін арттырамыз», - деп Ғ.Нығыметов түсіндірді.

Мадина Нұрбекова

 

Барлық жаңалықтар