• Басты
  • 1 млн қазақстандық зейнетақы қорындағы қаражатын шеше алады

1 млн қазақстандық зейнетақы қорындағы қаражатын шеше алады

28 Желтоқсан, 2020 16:10

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмади Сарбасов Орталық коммуникациялар қызметінде қазақстандықтардың зейнетақы қорындағы қаражатын шешу туралы брифинг өткізді. Сонымен кімдер зейнетақы қорындағы ақшасын пайдалана алады. Strategy2050.kz тілшісінің материалынан біліңіз.


23 желтоқсанда зейнетақы жинақтарының бір бөлігін Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделуге ақы төлеуге немесе жеке қаржы компанияларының басқаруына беруге пайдалану құқығын беретін заң қабылданды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмади Сарбасовтың айтуынша, ақша шешіп алуға құқылы үміткерлердің үш санаты бар.

Бірінші санат – БЖЗҚ-да жинақтары бар, тиісті жаста «жеткіліктілік шегінен» асатын соманың бір бөлігін пайдалана алатын жұмыс істейтін азаматтарға құқық берілетін болады. Осындай 760 мыңға жуық азамат бар. Орта есеппен бір адамға 2,3 млн теңгеден келеді. Белгілі бір сома салымшының шотында қалуы тиіс.

Екінші санат - зейнеткерлер. Олар зейнетақысының жиынтық мөлшері айырылған табыстың 40% деңгейінде алмастыруды қамтамасыз еткен жағдайда, жинақтардың жартысына дейін пайдалана алады. Мұндай қазақстандықтардың саны 170 мыңға жуық. Орта есеппен, әрқайсысына жарты миллион теңгеден.

Үшінші санат - зейнетақы аннуитетін ресімдеген және БЖЗҚ-да жинақтары бар азаматтар. Онда орта есеппен 23 мың адамның әрқайсысына 2,5 млн теңгеден келеді.

Сарбасовтың мәлімдеуінше, осы үш санат бойынша шамамен 1 млн адам зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға, алуға құқылы.

«Азаматтар зейнетақы жинақтарының ахуалын және отбасының қажеттілігін ескере отырып, оларды алып қою мәселесіне байыпты қараулары керек. Үкімет зейнетақы төлемдерін мақсатты пайдалану жөніндегі өкілетті операторды айқындайтын болады. Бірінші кезеңде «Отбасы Банкті» белгілеу ұсынылады. Барлық механизмдер ережелерде көрсетіледі. Тұрғын үй жағдайларын жақсарту жөніндегі қағидаларды Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, емделуге ақы төлеу мәселелері бойынша Денсаулық сақтау министрлігі бекітеді. Тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр, қаңтар айында заңға байланысты барлық нормативтік-құқықтық актілер қабылданып, азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу құқығын беру тетігін толығымен іске қосамыз деп күтілуде», - деді ол.

Барлық жаңалықтар