- Басты
- Жаңалықтар
- «Құқықтық мемлекет» ұғымы және Қазақстан
«Құқықтық мемлекет» ұғымы және Қазақстан
Қазақстанның дербес нарық экономикасын дамыту, демократиялық, құқықтық қоғам құру бағытында өзін тәуелсіз мемлекет қылып жариялауы қоғам мен мемлекет өмірінің конституциялық негіздерін жаңадан қалыптастыру қажеттігін туғызды. Егемендік декларациясынан бастап, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы заң, кейінгі Конституция мен оның реформасы құқықтық қоғам құрудың берік негізін қалап берді. Әлемдегі қал-ахуал мен әлеуметтік-экономикалық модернизацияға қарай заң-құқықтық нормалар да жетілдіріліп, заң үстемдігін орнату талпынысы артады. Қазіргі кезеңдегі мемлекеттілік басқару жүйесінің жаңа деңгейінің қалыптасуындағы жаңа әлемдік тәртіпті ескере отырып, мемлекет, құқық және олардың арақатынасы туралы іргелі ұғымдар мен идеяларға деген қызығушылық арта береді.

«Заңның үстемдігі» және «құқықтық мемлекет» тұжырымы құқықтық ойлаудың ұзақ аралықтағы тарихи дамуының нәтижесі болып саналады. Бұл ұғымдар құқықтық дамудың әртүрлі жолдарын, қалыптасқан құқық жүйесінің ерекшеліктерін, құқықтық және саяси сананы, теориялық және практикалық құқықтың түрлі мектептерін білдіреді. Олардан мынадай тұжырымдамалардың негізін іздеуге болады: 1) құқық пен мемлекеттің, құқық пен саясаттың арақатынасын түсіндіру; 2) адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау; 3) әртүрлі жағдайда мемлекет пен оның тиісті органдарының шектен шыққан әрекеттерін тоқтату; 4) орнықты дамуды қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті тұрақты қылу; 5) төтенше жағдайлар мен дағдарыстарды ойдағыдай еңсеру, құқық бұзушы саяси режимдердің тарихи дағдарысынан шығу қағидаттарын қарастыру. ХХ ғасырда, әсіресе оның екінші жартысында, әртүрлі авторлар "Rechtsstaat"(құқықтық мемлекет) ұғымын былайша түсіндіреді:
а) "Конституциялық мемлекет" ұғымының баламасы, өйткені конституцияда адамның құқықтары мен бостандықтарына кепілдік берілген;
б) "әкімшілік әділет идеясы мен жүйесін мойындайтын мемлекеттің" эквиваленті ретінде;
в) Кельзен енгізген формалистік түсінікке сәйкес "мемлекеттің заңнамасы" және "мемлекет құқықтық құбылыс ретінде" ұғымдары "құқық" түсінігімен сәйкес келеді, сондықтан бұл мағынада әр мемлекет өзінше құқықтық мемлекет болып табылады;
г) "rule of Law"(заң үстемдігі) ұғымының синонимі ретінде;
д) заңның үстемдігі қағидаты негізінде мемлекеттік органдардың барлық қызметіне база болатын ұғым ретінде.
Біріккен Ұлттар Ұйымында адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясының (1948) кіріспесінде пайда болған заңның үстемдігі ұғымы халықаралық ауқымда бірқатар принциптерді алға жылжыту үшін қолданылады. БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комиссиясының 2005 жылы қабылдаған қарарында биліктің бөлінуі, заңның үстемдігі және заң негізінде тең қорғау сияқты аспектілер көрсетілген. "Rechtsstaat" ("Заң Үстемдігі") термині Германияның негізгі Заңының бірқатар ережелерінде, атап айтқанда Германия мен Еуропалық Одақтағы Конституциялық тәртіпке қатысты тұстарында кездеседі. Ұлыбританияда "Ruleoflaw" ("заңның үстемдігі") ұғымы Үкіметтің іс-әрекеті мен билікті шектеу ретінде танылған маңызды конституциялық қағида болып табылады. Бұл ұғымды соттар да қолданады, ал 2005 жылғы конституциялық реформа туралы заңда "құқық үстемдігі" ұғымы нақты айтылған.
Заңның үстемдігі (немесе құқықтық мемлекет) ұғымы Орталық және Шығыс Еуропаның бұрынғы социалистік елдерінің бірқатар Конституцияларында мемлекеттік жүйенің негізі ретінде белгіленген. Негізінен, заңның үстемдігі ұғымын Конституцияның кіріспесінде немесе жалпы ережелерден көруге болады. Испанияда «заң үстемдігі» нақты ережелерде қарастырылған, оған сәйкес «соттар биліктің түрлі ережелерді қабылдау процесін бақылайды және басқару органдарының заңның үстемдігі принципін сақтауын бақылайды; соттар, сондай-ақ прокуратура да заңның үстемдігі қағидасына бағынады. Швейцарияда "мемлекеттің қызметі заң үстемдігіне негізделген және сонымен шектеуге алынған".
Қазақ жерінде қағанат, хандық кезеңінен қабылданған заң-жарғылар қоғамның құқықтық негіздерін қалап берді. Қазақстанның құқық ғылымы үшін Ш.Уəлихановтың қазақ құқық тарихы туралы, оның əлеуметтік мазмұны мен келешегі туралы айтқан пікірлерінің маңызы зор. Әдеттік құқылық нормалар туралы ол өзінің «Записка о судебной реформе» атты еңбегінде талқылап жазған. Алаш белсендісі Ж.Ақпаев қазақ қоғамның ежелгі заманнан бастап мемлекеттік құқықтық мəселелерін зерттеген ғалымдардың бірі. Оны қазақ мемлекеттілігімен бірге қазақтардың құқық жүйесінің, құқық ұғымының, терминдерінің қалыптасуы қызықтырған. Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде орнауы оның тәуелсіздік алуымен тығыз байланысып жатқаны белгілі. Қазақстан «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы» болып тұрған кезде оның ұлттық мемлекеттілігі әлі де заңдық күші бар КСР Одағы шеңберінде нығая бастады. Оның құқықтық негізі 1990 жылы 25 қазанда жарияланған Қазақ КСР-інің Мемлекеттік Егемендігі туралы Декларациямен байланысты болды. Аталған құжатта Қазақ КСР-і Егемен Республикалар Одағына басқа республикалармен ерікті түрде бірігетін және олармен шарттық негізде өзара қарым-қатынас орнататын егемен мемлекет екендігі жазылған. Осы құжаттың 5-бабында Қазақ КСР аумағында «Қазақ КСР Конституциясы мен заңдарының үстемдігі белгіленсе», 9-бапта «жер және оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі және басқа да табиғи ресурстар» осы республиканың айрықша меншігі болып саналатыны анық жазылған. Мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылданған соң, мемлекеттік биліктің үстемдігі нығайды. Дәл осы мемлекеттік егемендік туралы Декларацияда алғаш рет мемлекеттік билікті заң шығарушы, атқарушы және сотқа бөлу принципі бекітілді.
Қазақстанның дербес нарық экономикасын дамыту, демократиялық, құқықтық қоғам құру бағытында өзін тәуелсіз мемлекет қылып жариялауы қоғам мен мемлекет өмірінің конституциялық негіздерін жаңадан қалыптастыру қажеттігін туғызды. 1991 жылдың бірінші желтоқсанында Қазақстан Президентінің жалпыхалықтық сайлауы өтті. 10 желтоқсанда Парламент қабылдап, «Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп қайта атау туралы» Заңға қол қойылды. 1991 жылғы 16 желтоқсандағы "Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы" Конституциялық заң республиканың дербес егеменді ел ретінде нығаюының заңды жалғасы болды. Бұл Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдаған алғашқы конституциялық заң болды, онда тәуелсіз мемлекеттің іргесін нығайтудың, билік жүйесінің құрылымдық және функционалдық ұйымдастырылуының басты бағыттары көрініс тапты. Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігінің жариялануымен осы кезеңде қазақстандықтардың бірыңғай азаматтығы, дербес экономикалық жүйе, қаржы-несие, салық және кеден қызметтері іске қосылды. 1992 жылдың 4 маусымында егемендіктің айшықты рәміздері – Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран бекітілді. 1992 жылы 2 наурызда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып қабылданды.
1993 жылғы Конституция Қазақстандағы құқықтық мемлекеттілік құрылысының жаңа тұжырымдамасы болып саналады. 1993 жылғы Конституция конституциялық құрылыстың негіздерін, адам мен азаматтың конституциялық-құқықтық статусын анықтады, құрамдас бөліктері: отбасы, қоғамдық бірлестік, меншіктің алуан түрлілігі, саяси және идеологиялық плюрализм болып табылатын қоғамдық құрылыстың негіздерін айқындады. Ал 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда жалпыхалықтық дауыс беру жолымен қабылданған ҚР Конституциясы Қазақстан азаматтарының саяси және азаматтық құқықтары мен бостандықтарының кеңеюіне, демократия институтының құрылуына тікелей ықпал етті. Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мемлекеттік егемендікті бекіту және әлеуметтік құқықтық мемлекет құру базасын нығайтумен қатар конституционализм идеяларының іргетасын қалады.
2017 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев ел Президентінің жекелеген өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке беруге арналған конституциялық реформаны жариялады. Сондай-ақ, халықаралық қаржы орталығының құқықтық аспекілеріне өзгерістер енгізілді, атап айтқанда, қаржы саласында ерекше құқықтық режим орнатуға мүмкіндік берілді. Сонымен қоса террористік қылмыс жасағаны үшін, мемлекеттің мүддесіне нұқсан, қоғамның өміріне зиян келтіргені үшін соттың шешімімен қылмыскерлерді азаматтықтан айыру мәселесі қарастырылды. Заңнамалық-құықтық өзгерістердің аясында ел Президентіне үміткер ретінде қатысушылардың жоғары білімнің болу талаптары күшейтілді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2020 жылы 27 тамыздағы ҚР Конституциясының 25 жылдығына арналған халықаралық конференцияда Ата заңымыз Тәуелсіздіктің берік құқықтық негізін қалағанын айтты. Ол еліміздің аумақтық тұтастығы, қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, құқық үстемдігі және демократия қағидаттары бас құжатымызда айқын көрініс тапқанына тоқталды. Мемлекет басшысы жалпыға ортақ демократиялық қағидаттарды нығайта түсу, адамдардың және азаматтардың құқығы мен бостандығына кепілдікті күшейту еліміздің алдында тұрған басты міндет екеніне тоқталды. Қ.Тоқаев сонымен қоса жаңа ахуалға сай Ата заңның қоғам тарапынан туындаған әлеуметтік-экономикалық және саяси сипаттағы талап-тілектерге толыққанды жауап беретіндей мүмкіндіктері мол екенін айтты.
Бүгінгі таңға дейін елімізде экономикадағы құрылымдық реформалар жүзеге асырылды, мемлекеттік меншікті жекешелендіру іске асты, халықаралық нарық стандарттарына сай шаруашылық қалыптастыру талпынысы бар. Республикада осы отыз жыл көлемінде құқықтық-заңнамалық реформалар да қатар орындалып отырды және құқықтық мемлекет орнатуға негіз қалады. Бүгінгі таңда тәуелсіздік жылдары Қазақстан Республикасында жүзеге асырылған ауқымды реформалар, қоғам өмірінің барлық салаларындағы даму көрсеткіштері, халықаралық дәрежедегі байланыстардың орнауы Конституцияның қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени модернизацияның өзегі болып табылатынын айқын растайды. Мемлекеттің басты заңы күнделікті өмірде азаматтың құқығы мен бостандығының кепілі болып саналады, оның үйлесімді дамуы үшін қажетті құқықтық-заңнамалық жағдайларды қамтамасыз етеді. Әлеуметтік-экономикалық даму тұрақты болуы үшін қоғамның құқықтық негіздерін нығайтып, Конституция мен заңнама нормаларының орындалуын қатаң қадағалап отыру қажет.

-
Сарапшы: «Қазақстан ұлт болып ұйысудың өзіндік моделін қалыптастырды»
-
Қазақстан мен әлемдегі эпидемиологиялық жағдай: «Омикрон» штамы әлемнің 20 мемлекетінен табылды
-
Қазақстан сыртқы саясатының 30 жылдық белестері
-
ІІМ: Учаскелік инспектордың рөлі, құзыреті және халықпен кері байланыс
-
«Аңсаған сәби» бағдарламасына кімдер қатыса алады және іріктеу қалай жүреді
-
ЖИТС және АИТВ: Ауруды алдын-алу мен емдеу шаралары
-
Асқар Мамин: Қазақстан өз даму жолында сапалы серпіліс жасады
-
ДСМ: Қазақстанда коронавирус жұқтыру 2,4 есеге азайды
-
Қазақстанда ревакцинациялау науқаны басталды
-
Қазақстанның сыртқы саясаты: Экономикалық дипломатия, геосаяси жағдай, экспорт және инвестиция
-
АШМ: Қазақстанда дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды жинау аяқталды
-
Astana Hub: IT-стартаптарды дамыту, оқыту және қаржыландыру
-
Ұлттық кеңес: Медицина кадрының жетіспеушілігі, ана мен баланың қауіпсіздігі және білім саласындағы мәселелер
-
ЖОО-ларды қаржыландыру, академиялық адалдық саясаты және оқытушылар жалақысы
-
Елордада электр энергиясын беру және бөлу тарифі төмендетілді

