• Басты
  • Қ.Тоқаев «Жанұя» отбасын қолдау институты орталығына барды

Қ.Тоқаев «Жанұя» отбасын қолдау институты орталығына барды

1 Қараша, 2019 14:33

Қасым-Жомарт Тоқаев «Жанұя» отбасын қолдау институты орталығына барды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

 


Мемлекет басшысы астаналық отбасыларға «бір терезе» қағидаты бойынша заңгерлік, психологиялық, әлеуметтік қызмет көрсететін орталықтың жұмысымен танысты. Бұл жерде денсаулық сақтау, білім беру, кәсіпкерлік, атаулы әлеуметтік көмек алу және тұрғын үй бағдарламаларының орындалуы жайында кеңес алуға болады.

«Жанұя» орталығының бастамаларын жоғары бағалаған Мемлекет басшысы аталған мекеменің тәжірибесін еліміздің барлық аймақтарында іске асыру керек екенін айтты.

Сонымен қатар Президент орталықтың базасында іске асып жатқан «Кәсіпкер ана» жобасының қатысушыларымен де әңгімелесті.

«Біздің елімізде жұмыс істеп, жетістікке жеткісі келетін адам – оның жолын іздейді және табады. «Іздеген жетер мұратқа», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Елордадағы №23 орта мектепке барды.

Мектепті аралау барысында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Президентке астананы дамыту жөніндегі кеңесте берілген тапсырмалардың орындалуы туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл 5 мың орындық 6 жаңа мектеп, ал 2020 жылы 9 мың орындық 12 мектеп пайдалануға беріледі

Мемлекет басшысына Елорда халқының 25 пайызы тұратын қала аумағындағы 16 тұрғын үй алабын дамыту жөніндегі тапсырмаларының жүзеге асырылу жайында да мәлімет берілді. Сондай-ақ Алтай Көлгінов қазіргі уақытта қалада үш ауысымды 8 мектеп барын, келешекте олардың саны орташа есеппен жыл сайын 10-12 мектепке артатынын айтты.

Сонымен қатар әкім Президенттің тапсырмасы бойынша бұқаралық спортты дамыту мақсатында 4 жаңа спорт нысанының құрылысы басталғанын хабарлады.

Мемлекет басшысы №23 мектептің материалдық-техникалық базасымен танысып, оқу кабинеттерін аралады, оқушылармен және мұғалімдермен әңгімелесті. Мұғалімдер Президентке мектептің қажеттіліктері туралы айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев мектептің түйткілді мәселелерімен таныс екенін, аталған ауданда қысқа мерзім ішінде жаңа мектеп салу жөнінде тапсырма бергенін атап өтті.

«Бұл – іске асатын жоспар. Сіздерге алдағы уақытта жаңа мектепте жұмыс істеуге мүмкіндік болады», – деді Мемлекет басшысы. 

 

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар