• Басты
  • Қ.Тоқаев: Пандемия кезінде туындаған қиындықтарға себеп болған кінәлілерді жауапқа тарту керек
10 Шілде, 2020 12:20

Қ.Тоқаев: Пандемия кезінде туындаған қиындықтарға себеп болған кінәлілерді жауапқа тарту керек

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында дәл қазір қоғамда өршіп тұрған мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды Strategy2050.kz тілшісі.

Қ.Тоқаев: Пандемия кезінде туындаған қиындықтарға себеп болған кінәлілерді жауапқа тарту керек

Қ.Тоқаев желіде қызу талқыға түскен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметіне қатысты дауларды шешуге тапсырма берді.

Қиындықтардың туындауына себеп болған барлық кінәлілерді жауапқа тарту керек, тексеру жұмыстарын жүргізу қажет. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының және «СҚ Формация» басшылығын жұмыстан шығарып, тергеу амалдары жүргізілсін. Індет кезінде осындай жолмен пайда тапқысы келгендерді қатаң жауапқа тарту қажет. Менің тапсырмамнан кейін бұл бағытта жұмыс басталып кетті. Оны соңына дейін жеткізу керек. Себебі бұл – түптеп келгенде, ұлттық қауіпсіздік мәселесі - деді Президент.

Қ.Тоқаев «СҚ Фармация» компаниясына білікті мамандарды тарту мәселесіне тоқталды.

Қазақстанда дәрі мен медициналық бұйымдардың көптеген түрін өндіруді жолға қоятын кез келді. Қашанға дейін импорттық дәрілерге тәуелді боламыз? Намысымыз қайда? Халықты үрей мен қорқыныш билеген. Тіпті олар өздеріне қажет емес дәрілерді де сатып алып жатыр. Адамдар әлеуметтік желідегі әртүрлі күмәнді ақыл-кеңестерге құлақ асуда. Сall-орталықтардың тәулік бойы қызмет көрсетуін қамтамасыз етіп, жұмысын күшейту керек, - деп тапсырма берді Қ.Тоқаев.

Халықты індет жайлы ақпараттандыру жағына да көңілі толмаған Президент телеарна мен әлеуметтік желілерге білікті дәрігерлердің шығуы керектігін айтты.

Беделді дәрігерлер телемедицина, телеарна және әлеуметтік желі арқылы емделудің дұрыс жолдарын үйретіп, жүйелі түрде түсіндіруі қажет. Олай болмаған жағдайда, дүмбілез, алаяқ емшілердің күмәнді кеңестері халықтың денсаулығына кесел келтіреді, -деді ол.

Сондай-ақ дәрігерлердің денсаулығына алаңдаушылық білдірді.

Дәрігерлеріміздің денсаулығын сақтау, олардың жұмысқа қабілеттілігі мен ынтасын арттыру – өте маңызды, - деді ол.

Президент Үкімет пен әкімдердің жұмысын қатаң сыңға алды.

Үкіметтің және әкімдердің қабылданған шараларды түсіндіруінде олқылықтар бар. Олардың қоғам пікірімен тиісті деңгейде жұмыс істей алмай отырғаны байқалды. Бас санитарлық дәрігердің пікіріне ешкім құлақ асқан жоқ. Кәсіби дағды мен ұйымдастыру жұмысы жеткіліксіз болды. Нәтижесінде біз гуманитарлық көмек алып, шетелдік мамандарға кеңестері үшін алғыс айтып отырмыз, - деді Тоқаев.

Денсаулық сақтау саласы халықтың күмәнін туғызатын емдеудің әдіс-тәсілдерін өзгерте беретіні жайында айтты. Президенттің айтуынша, бұл да бір кемшілік.

Мәселен, бұрынғы басшылық аяқ астынан науқастарды симптомды және симптомсыз деп бөлу керек деп шешті. Қазір бұл әдістемеден бас тарттық. Міне осындай әрекеттер халық арасында күмән туғызады. Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшылығы уақыттың жеткілікті болғанына қарамастан, індетпен күреске тиісті деңгейде әзірлене алмады. Науқастар саны және басқа да көрсеткіштер бойынша олардың жасаған барлық болжамдары қате болды., - деді Президент.

Президент цифрландыру қызметінің жұмысына да көңілі толмайтынын білдірді.

Бұл мәселеге қатысты Үкімет тарапынан да өрескел қателіктер жіберілді. Мұны ашық айту керек. Дағдарыс кезінде цифрландыру қызметінің де рөлі мүлде байқалған жоқ. Цифрлық комиссарлар қандай жұмыс бітіріп жатыр?, - деді ол. 

Бүгінгі отырыста Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысы күн тәртібіндегі басты мәселе болды. Президент Денсаулық сақтау министрінің ұсыныстары мен талаптары Үкіметтің өзге мүшелері мен әкімдер үшін бірінші кезекте орындалатын міндет болуға тиіс екендігін айтты.

Бұл төтенше жағдай болғандықтан, пандемияға қатысты барлық шешімдерді жедел қабылдауымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, пандемия кезінде Денсаулық сақтау министрін ерекше мәртебеге және құзіретке ие деп есептеңіздер. Министрлікке пандемиямен күрес жөніндегі күнделікті есептің және ақпараттың берілуін қамтамасыз етуді Үкімет пен әкімдіктерге тапсырамын, - деді.

Президент екі аптадан кейін жағдай оңалмаса, Үкімет құрамының жұмыс істеу мүмкіндігі туралы мәселе туындайтынын айтты. Сондай-ақ экономикалық дағдарыспен күресуге қаражаттың бар екенін, заңнамалық шешімдердің қабылданғанын айтқан Қ.Тоқаев өңдеуші өнеркәсіп орындары, құрылыс жұмыстары және инвестиция көлемдерінің азаюуы қисынсыз деді. Бір қызығы коронавирус пандемиясы жаңа мүмкіндіктер мен жаңа нишалардың туындауына себеп болған. Сондықтан экспортқа шығаратын тауарлар жағын қарастырып, оны нарыққа аз уақытта шығару керектігін айтты.

Біз «Жұмыспен қамту жол картасын» қабылдадық. Оны жүзеге асыру үшін 1 трлн теңге қаржы бөлдік. Бірақ жоспарда көрсетілгендей 255 мың емес, 150 мыңға жуық адам ғана жұмысқа орналасты. Жобалардың дені, негізінен, жөндеу жұмыстарына бағытталған. Жобалардың 6 пайызында ғана тұрақты жұмыс орны қарастырылған. Оның өзінде мемлекеттік секторларда, яғни мектептер мен ауруханаларда. Мұндай жұмыс мені қатты алаңдатады. Үкімет әкімдермен бірлесіп, шұғыл түрде тұрақты жұмыс орындарын көбейтуге кірісуі керек, - деді Президент елдегі жұмыссыздық мәселесіне тоқталып.

Еліміздің қаржы жүйесі де бүгінгі отырыста талқыланды.

Маусым айында жылдық инфляция 7%-ға жеткен. Инфляция деңгейін 8-8,5% көлемінде ұстап қалуды қамтамасыз ету қажет. Ол үшін тиімді ақша-кредит саясатын жүзеге асыру қажет. Қаржы жүйесіне тұрақтылық керек. Ұлттық банк қаржы жүйесін тұрақты деп есептейді екен. Алайда, кредиттік тұтыну саласында өсім байқалады да, ал экономиканың нақты секторларында өсім жоқ. Мен Агентство мен Ұлттық банкке бизнесті несиелендіруге қатысты тапсырма бердім, - деді Қ.Тоқаев.
Барлық жаңалықтар