• Басты
  • Қ. Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында бірқатар кездесу өткізді
25 Қыркүйек, 2019 09:06

Қ. Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында бірқатар кездесу өткізді


Нью-Йоркте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-сессиясының жұмысы аясында бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлады Strategy2050.kz.
Қ. Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында бірқатар кездесу өткізді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесті.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Ұйымның халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдаудағы, халықаралық қақтығыстардың алдын алу мен реттеудегі басшылық рөлін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның қазіргі заман талаптарына сай бейімделуінде Антониу Гутерриштің белсенді қызметін қолдайтынын білдірді.

Президент БҰҰ БА-ның осы сессиясында көтеріліп отырған "Кедейлікпен күресті жан-жақты күшейтуді ынталандыру, сапалы білім беруге, климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі іс-шараларға және инклюзивтілікке ықпал ету" тақырыбы аса өзекті мәселе екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыруға әзір. Өйткені бұл құжат біздің елдің алдағы экономикалық және әлеуметтік жаңғырту мәселелері бойынша жариялаған жоспарымен үндеседі.

Өз кезегінде Антониу Гутерриш Тұрақты даму мақсаттарын іске асыруда Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесімен өзара іс-қимылына оң баға берді. Қазақстанның жаһандық ядролық қаруға қарсы күнтәртібінде жетекші рөл атқаратыны, өңірлік қақтығыстарды реттеу ісінде халықаралық күш жұмылдыруы, соның ішінде Сирия мәселесі бойынша өткен Астана процесі аясындағы қомақты үлесі айтылды. Бас хатшы Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2019 жылдың мамыр айында БҰҰ-ның 16 аймақтық өкілдігін бір шаңырақ астына біріктірген Алматы қаласындағы Халықаралық ұйымдар ғимаратын ашқаны үшін алғыс білдірді.

Кездесу барысында Қазақстан мен БҰҰ-ның алдағы өзара практикалық іс-қимылының перспективалары, оның ішінде еліміздің халықаралық ұйым аясында бітімгершілік операцияларға қатысуды кеңейту мүмкіндігі қаралды. Сонымен қатар, тараптар әлемдік саясаттың бірқатар өзекті мәселелері бойынша да пікір алмасты.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев Иордания Королі ІІ Абдалламен кездесті.

йордан.jpg

Кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі жай-күйі мен перспективаларын талқылады.

Екі көшбасшы да түрлі салалар бойынша өзара тиімді әріптестікті одан әрі дамытуға дайын екендерін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Иорданиямен арадағы инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге әзір екенін айтты. Сондай-ақ, ол ІІ Абдаллаға Қазақстанның дінаралық диалогты нығайтуға қатысты бастамаларын үнемі қолдап келе жатқаны үшін ризашылығын білдірді.

Оған қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев Украина Президенті Владимир Зеленскиймен кездесті.

зелен.jpg

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Зеленский бірін-бірі өз мемлекеттеріндегі ең жоғары қызметке сайлануларымен құттықтады.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы тарихи тамырластық пен ортақ болашақ жайын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Украинамен арадағы саяси және сауда-экономикалық  ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін, бұл бағыттағы мүмкіндіктеріміз зор екенін айтты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Зеленский бір-бірін өз мемлекеттеріне сапармен келуге шақырды.

Мемлекет басшысы Грузия Президенті Саломе Зурабишвилимен кездесті.

   Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясы аясында Грузия Президенті Саломе Зурабишвилимен де екіжақты келіссөздер жүргізді.

джордж.jpg

Мемлекеттер көшбасшылары екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, сауда-экономикалық, инвестициялық, көлік-логистикалық салаларда өзара іс-қимылдарды кеңейту қажеттігін атап өтті.

«Қазақстан Сіздің еліңізбен достық қарым-қатынасты дамытуға, саяси диалогты тереңдетуге және экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге зор мән береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы көлік-логистика саласындағы бірлескен жұмыстардың,  соның ішінде, қазақстандық Ақтау және Құрық порттарын пайдалану арқылы екі ел арасындаға жүк тасымалын жүзеге асырудың маңыздылығын айтты.

Өз кезегінде, Саломе Зурабишвили Грузияның инвестициялық және көлік-логистикалық жобаларына Қазақстан капиталының белсенді қатысып отырғаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс білдірді.

   Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцария Конфедерациясының Президенті Ули Маурермен кездесті.

БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-ші сессиясының алаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Швейцария Президенті Ули Маурермен екіжақты кездесу өткізді.

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары екіжақты күн тәртібіндегі көптеген  өзекті мәселелерді талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Швейцария арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін атап өтті.

швейц.jpg

« Швейцария – Қазақстан үшін екі жақты сауда және инвестиция көлемі бойынша Еуропадағы негізгі әріптес. Біздің елдеріміз банк, құрылыс және аграрлық салалардағы жобаларды белсенді дамытып келеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті швейцариялық әріптесінің назарын қаржылық қызметтер, машина жасау, химия және фармацевтика, ауыл шаруашылығы, азық-түлік, туризм салаларында бірлесіп атқарар бірқатар перспективалық жобалардың бар екеніне аударды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ули Маурерді биыл Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Сондай-ақ,Қасым-Жомарт Тоқаев Болгария Президенті Румен Радевпен кездесті.

болг.jpg

 Қазақстан Президенті швейцариялық әріптесімен өткізген кездесуден кейін Болгария Президенті Румен Радевпен келіссөз жүргізді.

Көшбасшылар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен оны нығайтудың перспективаларын талқылады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасында сындарлы диалог орнағанына тоқталып, еліміздің Болгариямен өзара іс-қимылды одан әрі қарқынды дамыта түсуге ниетті екенін айтты.

«Қазақстанның Болгариядағы дипломатиялық миссиясын Елшілік ретінде қайта құру туралы шешім қабылданғанын білесіздер. Өкілдігіміздің мәртебесін арттыру және Елшіні тағайындау Қазақстан мен Болгария қарым-қатынастарын дамытуға тың серпін беретініне сенімдімін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы болгарлық компанияларды Қазақстанда жұмыс істеп, кейіннен өңір нарығына да шығуға шақырды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Румен Радевті Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Оған қоса, Қасым-Жомарт Тоқаев Польша Президенті Анджей Дудамен келіссөз жүргізді.

анджей.jpg

БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-ші сессиясы алаңында Қасым-Жомарт Тоқаев Польша Президенті Анджей Дудамен екіжақты келіссөздер жүргізді.

Кездесу барысында мемлекеттер көшбасшылары екіжақты ынтымақтастықтың перспективалары, соның ішінде, Еуропалық Одақ шеңберіндегі қарым-қатынас мәселесі талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясының аясындағы жоғары деңгейдегі Қазақстан-Польша кездесулері игі дәстүрге айналғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Анджей Дуданың 2015 жылы қыркүйек айында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен танысқанын, сондай-ақ, Польша көшбасшысының 2018 жылдың қаңтар айында Елбасымен бірге БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тақырыптық брифингіне қатысқанын мысалға келтірді.

Мемлекет басшысы Нұр-Сұлтан мен Варшава арасындағы достық және өзара тиімді қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға дайын екенін атап өтіп, Қазақстан мен Польша арасындағы байланыстардың беки түскенін айтты.

« 2018 жылы елдеріміздің арасындағы  екі жақты тауар айналымы 1,2 млрд долларды құрады. Қазақстанда Польшаның 100-ден астам компаниясы белсенді жұмыс істеуде. Біздің қарым-қатынастарымыздың дамуына Қазақстанның Польша азаматтары үшін визалық режимді алып тастауы, сондай-ақ, 2017 жылы Нұр-Сұлтан мен Варшава арасында тікелей әуе қатынасының іске қосылғаны елеулі үлес қосты», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Анджей Дудаға Қазақстанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылғанын айтты. Дәл осындай құрылым Польша Президентінің басшылығымен бұл мемлекетте де жұмыс істейді.

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды