- Басты
- Жаңалықтар
- Қ.Тоқаев АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпеоны қабылдады
Қ.Тоқаев АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпеоны қабылдады
Қасым-Жомарт Тоқаев «Ақорда» резиденциясында Нұр-Сұлтан қаласына ресми сапармен келген АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпеоны қабылдады.
Мемлекет басшысы америкалық дипломатқа ілтипат білдіріп, екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған кезден бастап екіжақты ықпалдастықты дамытуда мол табысқа қол жеткізілгенін атап өтті.
«Америка Құрама Штаттары – Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындаған ел. Біз бұл тарихи фактіні үнемі есімізде ұстаймыз. Мемлекеттеріміз арасында көптеген бағыт бойынша, оның ішінде, ядролық қаруды таратпау, халықаралық терроризммен күрес және экономикалық ынтымақтастық секілді салаларда тығыз қарым-қатынас орнаған. Сонымен қатар өзара ықпалдастығымызды одан әрі дамыту мақсатында пайдалануға болатын әлеуетіміз де бар», – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йорк қаласында өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 74-сессиясы кезінде АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездескенін атап өтіп, Америка көшбасшысына өзінің сәлемін жолдады. Сондай-ақ Қазақстан Президенті америкалық әріптесімен әлемнің кез келген жерінде кездесуге дайын екенін, дегенмен, бұл жүздесудің Қазақстанда өткенін жөн санайтынын айтты.
Тараптар барлық бағыт бойынша, оның ішінде сауда, инвестиция, IT-технология, демократиялық құндылықтарды ілгерілету және халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл салаларындағы екіжақты байланыстарды тереңдетудің маңыздылығын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстанда Ауғанстан бойынша арнайы өкіл лауазымын ашуға ниетті екенімізді айтты.
АҚШ-тың сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қазақстан Президентіне қонақжайлық көрсеткені үшін алғысын айтып, екі елдің экономика, халықаралық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау бағыттарында дәстүрлі әрі сенімді серіктестік қалыптасқанын жеткізді.
« Біздің экономикалық байланыстарымыз өте жақсы. Екі ел арасында тікелей әуе қатынасын ашу мүмкіндігі қарастырылуда. Энергетикалық бағыттағы ынтымақтастықтан бөлек, басқа да салалардағы байланыстарды өркендету үшін әлеуетіміз зор. Президент Дональд Трамп сізге сәлем жолдады. Бүгін осында өзіңізбен кездескеніме қуаныштымын, – деді Майкл Помпео.
Америкалық дипломат Қазақстанның «Жусан» операциясы аясында Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағынан өз азаматтарын қайтарып алғанын жоғары бағалады. Ол еліміздің Ауғанстанда бейбітшілік орнатуға, оның экономикасы мен адами әлеуетін күшейтуге қосқан үлесіне тоқталды.
Майкл Помпео елімізде қолға алынған саяси реформалар жайында да жылы пікірін айтып, оның іске асуына сәттілік тіледі.
Сонымен қатар тараптар өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылады. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Американың Орталық Азияға қатысты жаңа Стратегиясының негізгі ережелері туралы мәлімет берді.
Мемлекет басшысы С5+1 (Орталық Азиядағы бес ел + АҚШ) диалогы форматының маңызды екенін атап өтіп, оның 3 ақпанда Ташкентте өтетін кезекті отырысының табысты болатынына сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Майкл Помпео Әуе қатынастары туралы үкіметаралық келісімге қол қойылғанын құптады. Аталған құжат «ашық аспан» қағидаттарына жауап береді, сондай-ақ, Қазақстан мен АҚШ арасында тұрақты әрі тікелей әуе рейсін ашу үшін құқықтық негіз қалады.
-
ІІМ: Мемлекеттік қызметтер мен жол қозғалысын цифрландыру және мектептердегі қауіпсіздік шаралары -
Азаматтық алу, электронды мемлекеттік қызмет және заңсыз көші-қонды анықтау шаралары -
Отандық өнеркәсіп салаларының дамуы және мемлекеттік қолдау шаралары -
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 451 мыңнан астам адам қатысты -
Жолдау 2021: Мемлекеттік қаржылыны тұрақтандыру және өңірлерді дамыту шаралары -
Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 30 жылдығына орай АҚШ Мемлекеттік департаменті мәлімдеме жариялады -
Шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары -
Биыл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 397 мыңнан астам адам қатысты -
Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің жай-күйі қалай -
Қандай білім беру ұйымдары мемлекеттік аттестаттаудан өтеді -
Қаржы саласы: Бюджетті жоспарлау, мемлекеттік сатып алуды жетілдіру және цифрландыру шаралары -
Қаржы министрлігі: Бюджет шығыстары мен кірістері, мемлекеттік активтерді басқару және мемлекеттік аудит -
31 мамыр: Саяси құрбандарды ақтау, мемлекеттік комиссия жұмысы және әлеуметтік төлемдер -
Биыл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына 158 мыңға жуық адам қатысты -
ШОБ: Алдағы үш айда мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары күшіне енеді