• Басты
  • Жас аналарға арналған отандық «SuperMoms club» жобасы әлемдік нарыққа шықпақ
23 Қыркүйек, 2020 10:33

Жас аналарға арналған отандық «SuperMoms club» жобасы әлемдік нарыққа шықпақ

Қазақстанда жүкті әйелдер мен балаларға медициналық қызмет көрсетудің сапасы артырру бағытында бірқатар шара қабылдануда. Десек те, 2019 жылғы ресми статистикаға сүйенсек, елімізде соңғы үш жылда сәби өлімі 3 есеге артқан. Осы орайда жуырда отандық және шетелдік нарыққа жол тартқан аналар мен жүкті әйелдерге  арналған «SuperMoms club» жобасы жөнінде айтқан жөн. Жобаның негізін қалаушы Азат Хайрикенов пен құрылтайшысы Камилла Шунгаринаның сөзінше, бұл жобаның негізгі мақсаты - еліміздегі ғана емес, әлемдегі бала мен ана өлімін азайтуға өз үлестерін қосу. Олардың айтуынша, қазіргідей пандемия кезінде, медициналық орталықтардың жұмысы тоқтаған сәттерде мұндай бағыттағы қосымшаның маңызы зор. Өйткені платформа арқылы жас аналар мен жүкті әйелдер пікір алмасып, өз тәжірибелерімен бөлісіп, сонымен қатар психолог мамандардан тегін кеңес ала алады. Бұдан бөлек ерлі-зайыпты жас кәсіпкерлер жоба туралы, қаржылық қиындықтары, қандай мамандардан кеңес алуға болатыны, қосымшаға қалай тіркелу керек, ерешеліктері мен артықшылықтары жөнінде Strategy2050.kz тілшісіне кеңінен әңгімелеп берді.

Жас аналарға арналған отандық «SuperMoms club» жобасы әлемдік нарыққа шықпақ

«SuperMoms club» қосымшасын жасау идеясы қайдан келді?

Камилла: Біз 2017 жылы біз бірінші баламызды күтіп жүрген кезде мен жүкті аналарға арналған бірқатар қосымшаны пайдаландым. Оның бірінде баланың бойы мен салмақ өлшемдеріне қатысты мәлімет алып, сонымен қатар күнделігін қолдандым. Ал енді бірінің өзім секілді аяғы ауыр аналармен сұрақ-жауап алмасатындай мүмкіндігі бар еді. Сол сияқты басқа қосымшада баланың физикалық және психологиялық дамуына қатысты ақпарат алып жүрдім. Жолдасым да соның бәрін көріп, бақылап отыратын. Кейін осының бәрін бір платформада біріктіріп, жаңа отандық қосымша жасауды ұсынды. Бұл платформа өзімізге деген қажеттіліктен дүниеге келді. Бірақ біздің басты мақсатымыз – Қазақстандағы ана мен сәби өлімін азайту. Бұл қосымшаны жасауды қолға алмас бұрын сараптамалық талдау жүргіздік. Одан көргеніміздей, соңғы жылдары елеміздегі ана мен сәби өлімінің көрсеткіші артып отыр. Ал пандемия басталған тұста бірқатар медицина мамандарымен де сұқбат жасадық осыған қатысты. Олар қазіргі індеттің салдарынан да бала мен сәби өлімі бұрынғы көрсеткіш деңгейінен артуы мүмкін екенін айтты. Сондықтан дәл қазіргідей сәтте жүкті әйелдер мен жас аналарды өз проблемаларымен жалғыз қалдырмай, мәселені шешуге қандай да бір үлес қосу керегін түсіндік. Сол себепті пандемияға байланысты бұл қосымшаның қажеттілігі бұрынғыдан да арта түсті. Сондықтан қазірдің өзінде мен секілді көптеген ананың көмекшісіне айналып үлгерді деп айта аламын.

Азат: Бұл Қазақстанда бұрын соңды болмаған жоба болғандықтан, біз нарықты зерттедік. «Еліміздегі жүкті әйелдерге не қажет» деген сауал төңірегінде зерттеу жұмыстарын жасадық. Зерттеу жұмысымыздың нәтижесі бойынша, жүкті аналардың басым көпшілігі психолог мамандардың қызметін керек ететінін түсіндік. Оның астарына үңілсек, қазіргі пандемия жағдайында көп аналардың жүйкесіне салмақ түсетін секілді. Өйткені жайшылықта баланың денсаулығына көңіл бөліп, тәрбиелеп, психологиясын дамыту үшін біраз күш-қуатты қажет етеді, ал қазір оған мына індет қосылып отыр. Сол себепті де жас аналар, тіпті тәжірибелі аналарға псхолог маманның көмегі бұрынғыдан қатты керек екенін ұқтық. Сондықтан қазіргі таңда психолог мамандармен келісу жұмыстары жүріп жатыр, оның біразымен бұған дейін де келісіп қойдық. Олардың қызметі тегін. Ана болуға дайындалып жүрген келіншектер өзіне қажетті сұрақтарға маманнан жауап ала алады.

Платформа қашаннан бастап іске қосылды және жасау үшін қанша қаражат жұмсалды?

Камилла: Бұл платформа биыл сәуір айынан бастап қолданысқа енгізілді. Негізінен платформаны жасау үшін 9 айдай уақыт кетті. Қазіргі таңда техникалық жұмыстары аяқталды. Жалпы 15 млн теңгеден астам қаржы құйылды. Бұл қаражаттың көбі қосымшаның техникалық жұмыстарға, мамандарға, дизайнына, сонымен қоса қосымшаның маркетингтік жұмыстарын жүргізуге және жарнамаға жұмсалды. Бүгінгі таңда біздің қосымшаның 19 мыңнан астам қолданушысы бар. Олар - Қазақстан, Ресей және Украинаның азаматтары. Біз қазірдің өзінде әлемдік нарыққа шықтық, бірақ болашақта мемлекет санын арттыру жоспарда бар.

Қазақстанда сіздікіне ұқсайтын қосымша бар ма? Сіздің қосымшаңыздың қандай ерекшелігі бар?

Камилла: Қазақстанда біздің жобаға балама платформа жоқ. Біз оны қолғанда-ақ ескердік. Мен бастапқыда қолданған қосымшалардың барлығы ресейлік және америкалық болды. Ал осы сықылды отандық жоба жоқ. Сондықтан да осы жобаны жүзеге асыруды қолға алдық. Отандық нарықта біздікіне ұқсайтын платформа болмағандықтан, оның ерекше жоба екені айтпаса да түсінікті. Басында айтып кеткенімдей, біздің бағыттағы шетелдік жобалардан біздің басты ерекшелігіміз – барлық модульдің бір қосымшада тоғысуы. Мәселен, біздің платформа арқылы жас аналар мен жүкті әйелдер баланың салмағы мен бойының өлшемдерін, сонымен қатар сұрақ қойып, жауап та ала алады. Енді психолог мамандардың да кеңесін тегін алуға мүмкіндіктері бар. Сонымен қоса сізге әрдайым ескертулер келіп отырады автоматты түрде. Ол үшін қолданушы әрқашан бала салмағының, бойының өскені секілді мәліметтерді жаңартып отыруы тиіс. Сол кезде соған сәйкес ақпараттар мен ескертулер жіберіліп отырады. Біздің қолданушылардың басым көпшілігі сұрақ-жауап модулін ұнатады. Өйткені ол жерде еркін өздерінің тәжірибесімен бөлісіп қана қоймай, өздеріне керекті сауалдар қоя ала алады.

Қолданушылар анонимді түрде сұрақ қоя алады

Камилла: Жуырда біз қолданушылар үшін жаңа функция қостық. Қазір олар анонимді түрде сауал жолдай алады. Ең қызығы, біз осы функцияны енгізгеннен кейін тіркелгендер саны бірден өсті, сонымен қатар қосымшадағы олардың белсенділігі де арта түсті. Өйткені жүкті болып қалған кейбір жас қыздар атын, жасын жасырғанды қалайды. Сонымен қатар олар құрбысына, айналасындағы адамдарға, ата-анасына айта алмауы мүмкін, сұрай алмауы мүмкін сұрақтардың жауабын бізден табады. Сондықтан анонимді түрде кез келген сұрақты қойып, өздері іздеген жауапты алуға мүмкіндіктері бар.

Қосымшада жалпы қанша модуль бар? Барлығы тегін бе, әлде?

оуоуо.jpg

Камилла: Біздің плаформамыздағы модульдердің барлығы сауалнама, зерттеу жұмысының нәтижесінде дайындалды. Оның ішінде «Сұрақ-жауап» бөлімін ерекше атап өткім келеді. Өйткені менің де, қолданушылардың пікірінше де бұл модулі өте пайдалы жас аналар үшін. Онда жүкті әйелдер мен аналар бір-біріне сұрақ қойып, өз тәжірибелерімен бөліседі. Сонымен қоса өздеріне ұнаған посттарға «лайк» (ұнату батырмасы) басуға мүмкіндіктері бар. Бұл посттың маңызын арттырады.

Алғашында қосымша тегін қызмт көрсетті. Қазіргі таңда ақылы да қызмет көрсетуге көштік. Қосымша толықтай емес, жартылау ақылы, яғни кейбір модульдеріне ғана ақша төлеу керексіз. Мәселен, қазақстандықтар үшін 1жылға – 1990 теңге, ал айына – 199 теңге төлеу арқылы барлық бөлімдерін пайдалана алады. Олардың 1 айға, 6 айға және бір жылға жазылуға мүмкіндіктері бар. Бір жылға жазылған жағдайда жеңілдік беріледі. Ал Ресей мен Украина азаматтарына 5-6 есе қымбат. Қазақстан азаматтарына не үшін арзан деген сауалға тоқталсам, бұл отандық жоба. Сондықтан еліміздегі жас аналар, жүкті әйелдер үшін қолжетімді бағада болу керек деп санаймыз. Өздерін толғантқан сқрақтарға толықтай жауап алуға мүмкіндік жасау мақсатымыз. Өйткені басынан бұл жобаның мақсаты еліміздегі ана мен баланың денсаулығына, психолгиясына позитивті тұрғыда әсер ету, сәби мен ана өлімін азайтуға барынша үлес қосу болған.

Жобаны жасау барысында қандай қиындықтар кездесті?

Азат: Қиыншылық деп айтуға келмейтін шығар, бірақ қаржылық жағынан оңай бломағаны анық. Өйткені құрылтайшың не ұтып алған грантың болмаған соң, сенімдірек қимылдай алмайсың. Әр қадамыңды елеп-екшеп, тәуекелге баруға тура келеді. Ал грант ойға алған жұмыстарды тезірек аяқтауға, нәтижеге тезірек жетуге септігін тигізер еді. Біздің жобаға ұқсайтындай жұмыстарға берілетін гранттарды әлі кездестірген жоқпыз. Жергілікті әкімдік грант ойнатқан, алайда біз ол туралы кеш білдік.

Алғашқыда біз тегін қызмет көрсетуді мақсат тұттық. Алайда біраз қаражат құйғаннан кейін, ақша табудың да жолын қарастыра бастайсың. Өйткені пайда көрсмесең де, бастаған жұмысты одан әрі жалғастыру үшін де қомақты қаржы қажет.

Біз Денсаулық министрлігінің өкілдері болған хакатонға қатыстық. Бұл жобаларға арналған байқау. Осы конкурста министрлік өкілдерімен кездесіп, өзіміздің жобамыз туралы айтып бердік. Олардың тарапынан қызығушылық байқалғандай көрінді. Сол кездері бізде 6 мың қолданушы болды. Оның басым көпшілігі – қазақстандықтар екенін де тілге тиек еттік. Біз оларды жобаға медицина мамандарын тартуды сұрадық. Өйткені жүкті әйелдер мен жас аналарға жоғары дәрежелі дәрігерлердің қызметі қажет-ақ. Алайда олар үнсіз қалды. Егер олар бізге екі-үш медицина мамандарын беріп, қолдау көрсеткенде біз тегін қызмет көрсетуді жалғастыратын едік. Оның үстіне карантин кезінде жас аналар бірқатар қиындықтармен бетпе-бет келді. Карантин режимі енгізілген тұста көптеген медициналық орталықтар қызметін тоқтатты. Осы сәтте біздің платформа үйіне дәрігер шақыра алмай қиналған аналардың хаттарына толды. Жүкті әйелдер өз проблемаларымен жалғыз қалды, себебі дәрігерлердің басым көпшілігі індетпен күресуге күш салды. Осы кездері олар қалай тіркелу керек деген сауалға да жауап таппады. Ал жүктіліктің 12-аптасына тркеліп үлгермесеңіз, одан кейін тіркелу оңай емес, оларды қабылдамайды. Сонымен қатар айыппұл салады. Ал егер біздің қосымша арқылы сұрақтарға жауап беретін мамандармен қамтығанда, ондай проблемалар туындамас еді. Негізгі біздің мақсатымыз - ана мен сәби өлімін азайту.

Сіздің ойыңызша, отандастарымыз қосымшаны пайдалану үшін ақша төлеуге дайын ба?

Азат: Біздің елімізде қосымшаны пайдалану үшін ақша төлеу мәдениеті әлі қалыптаспаған. Оның түрлі себептері бар. Дегенмен, Еуропамен салыстырғанда Ресейде де төмен, бірақ Қазақстанмен салыстырғанда жағдай жақсырақ көрші елде. Бастапқыда Ресейдің барлық өңіріне таргет жасадық, алайда олардың үлкен қалаларында жүктеп алу, қолдану үшін ақша төлеу көрсеткіші жоғары екенін байқадық. Ал кішкентай қалалар мен елдімекендерде белсенділік төмендеу. Жоғарыда айтып өткендей, біздің қосымша басында тегін жұмыс істеді. Сәуір айынан бастап шілденің соңына дейін өзіміздің қаражатымызды жұмсадық. Сондықтан ең болмаса жобаны жалғыстыру үшін қаражат жасау үшін, ақылыға көштік.

Ең қызығы, Қазақстанды цифрландыру туралы көп айтылады, алайда, мәселен, біздің жағдайымызда медицинадағы қызмет көрсетуді жеңілдетуге қатысты идеямызды жүзеге асыруға келгенде ешкім қолдау көрсетпейтіні қынжылтады. Бірақ біз «жабық есіктерді» қаға бергенше, әлемдік нарыққа шығуды таңдадық. Қазіргі таңда ағылшын тіліне қосымша аударылды, енді жақын күндері әлемнің басқа да алпауыт елдеріне шығуға дайынбыз.

Командада қазір қанша адам жұмыс істеп жатыр?

Камилла: Қазіргі таңда командада 5 маман жұмыс істейді. Карантинге дейін жұмыс әдеттегідей офисте болды, ал қазір еліміздегі жағдайға байланысты, сонымен қатар біздің топтағы мамандардың денсаулығын сақтау мақсатында қашықтан жұмыс істеп жатырмыз. Біздің қызметкерлердің барлығы Қазақстанның түкпір-түкпірінен, атап айтсам, Көкшетау, Ақтөбе, Атырау, Алматы секілді қалалардан. Қазар телефон, әлеуметтік желі арқылы байланысып, жұмысты жалғастырудамыз.

Сұхбат үшін рахмет!

Барлық жаңалықтар
34.236.245.255, 192.168.88.100