• Басты
  • Қ.Өскенбаев: Тұрғын үйді тіркеу рәсімі максималды түрде жеңілдетіледі
28 Қаңтар, 2020 16:31

Қ.Өскенбаев: Тұрғын үйді тіркеу рәсімі максималды түрде жеңілдетіледі

"Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты бұдан былай тұрғын үйді тіркеу рәсімі максималды түрде жеңілдетілмек. Бұл туралы елордада өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев мәлім етті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Қ.Өскенбаев: Тұрғын үйді тіркеу рәсімі максималды түрде жеңілдетіледі

Бірінші вице-министрдің айтуынша, "Тұрғын үй қатынастары туралы" ҚР Заңының көптеген нормаларын жетілдіру қажет болғандықтан, "ҚР кейбiр заңнамалық актiлерiне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР заңы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын реформалау мақсатында әзірленген.

Сонымен қатар Қайырбек Өскенбаев мүліктің меншік иелері бiрлестiгi тiркеу мәселелерiне тоқталып өтті. Себебi, оның айтуынша, бүгiнгi күнi халыққа қызмет көрсету орталықтары тарапынан тіркеу кезінде "мүліктің меншік иелері бiрлестiгiнiң үлгiлiк жарғысы жоқ" деген себеппен қайтарып жiберген жағдайлар болған.

"Қазіргі таңда көппәтерлі тұрғын үйлердің кондоминиум объектісі ретінде тіркелуінің төмендігітүрлі себептер бойынша байқалып отыр. Мәселен, тіркеу процедураларының қиындығы, үйге қажетті құжаттардың болмауы (техникалық паспорт, жер учаскелеріне актілер және басқалары). Қолданыстағы 78 мың көппәтерлі тұрғын үйдің тек 21 мыңы ғана немесе 27 пайызы кондоминиум объектісі ретінде тіркелген", - деді ол. 

Оныі айтуынша, бұдан былай тұрғын үйді тіркеу рәсімі максималды түрде жеңілдетілмек.

"Азаматтарға жайлы жағдайлар жасау мақсатында қолданыстағы көппәтерлі тұрғын үйлердің кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін анықтай отырып, мемлекеттік техникалық бақылауын қамтамасыз ету, мемлекеттік тіркеуге құжаттарды қалыптастыру және ұсыну бойынша міндеттемелер жергілікті атқарушы органдарға жүктелді және жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асатын болады. Осылайша, тіркеу рәсімі максималды түрде жеңілдетілді", - деді Қайырбек Өскенбаев.

Оның айтуынша, енді өтініш екі меншік иесінен берілетін болады. Сонымен қатар мерзімі 1 жұмыс күніне дейін қысқартылып, объектілерді тіркеу процесін автоматтандыру қарастырылған. Сондай-ақ ол құқық белгілеуші құжаттардың наториалды көшірмесін ұсыну алынып тасталғанын атап өтті.

Бұдан басқа ол өз сөзінде басқару органдарының қызметінің ашықтығын арттыру керектігін айтты.

"Пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар иелері және тұрғын үй құқық қатынастарының басқа да субъектілерімен өзара қарым-қатынасын жақсарту және бизнес процестердің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын электрондық-ақпараттық ресурстар мен жүйелерді енгізу арқылы цифрландыру көзделген", - деді Қайырбек Өскенбаев.

Сонымен қатар ол тұрғын үй-құрылыс және тұрғын үй кооперативтерінің қызметін жетілдіруді үшін қолға алынатын шараларға тоқталып өтті.

"Тұрғын үй-құрылыс кооперативтерінің қызметінде бұзушылықтарды болдырмау үшін кооператив құрылған кезде тек бір көппәтерлі тұрғын үй үшін құрылатын болады. Мүшелер саны пәтерлер санынан аспауы тиіс және құрылыс мемлекеттік тіркеуден кейін және жалдау құғында немесе жеке меншігінде жер учаскесі болғанда жүргізіледі", - деді ол.

Бұдан бөлек Қайырбек Өскенбаев әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде қауіпті техникалық құрылғыларды, газ және газбен жабдықтау объектілерін қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету туралы сөз қозғады. Оның айтуынша, заң жобасы аясында жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй инспекцияларын газ, газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік бақылауды және әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде қауіпті техникалық құрылғылардың қауіпсіз пайдаланылуын қадағалауды жүзеге асыру бойынша құзыреттілік бөлінген.

"Бүгінгі күні лифт шаруашылығының басым бөлігі өзінің нормативтік пайдалану мерзімінен асып кеткен және осы мәселені шешу үшін лифтілерді жөндеу мен ауыстыру жұмыстарын қаржыландыру қайтарымды негізде жергілікті бюджет есебінен жүзеге асатын болады", - деді бірінші вице-министр.

Осылайша, ол атап өткендей, заң нормалары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық субъектілерінің ара қатынасын жақсартуға, сонымен қатар қауіпсіз әрі ыңғайлы орта құру арқылы халықтың тұрмыс-тіршілігін арттыру көзделуде.

Назерке Сүйіндік

Барлық жаңалықтар