• Басты
  • Ә.Құсайынов: Елбасы елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етті
19 Наурыз, 2020 15:11

Ә.Құсайынов: Елбасы елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етті

Осыдан бір жыл бұрын ҚР тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқтатты. Сөйтіп, елбасы президенттіктен өз еркімен бас тартқан Орталық Азия кеңістігіндегі алғашқы басшы болып тарихта қалды. Осы орайда тарихи күннің бір жылдығына орай қоғам қайраткері Әбілғазы Құсайыновпен сұхбаттасуды жөн көрдік. Әңгіме барысында қоғам қайраткері елдегі билік транзиті, тәуелсіздік алған жылдардағы Қазақстанның экономикадағы және саясаттағы жетістіктері, Қауіпсіздік кеңесінің мемлекетті басқару ісіндегі рөлі мен қазіргі президенттің қабылдап жатқан шаралары жөнінде пікір білдірді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Ә.Құсайынов: Елбасы елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етті

Қоғам қайраткері Қазақстан экономика мен саясатта, әсіресе егемендіктің алғашқы 15 жылында қарқынды даму жолына түскенін атап өтті. Оның сөзінше, бұның бәрі елдегі тұрақтылықтың арқасы.

"Егемендік алғаннан кейін өзіміздің заңдарымыз жасалды, түрлі бағытта жұмыс істейтін институттар құрылды. Атап айтсам, алғашқы 15 жылда біз өте жақсы көтерілдік. Саясат жағынан болсын, экономика жағынан болсын еліміз қарқынды дамыды. Иә, тұңғыш президентіміз көп жыл билікте болды. Мысалы, көрші елдермен салыстырсақ, бізде тұрақтылық болды. Саясатта бірінші болғанымыз тағы бар. Экономикамызды да қарқынды дамытуға күш салды. Елімізде дайындалған кадрлар баршылық, себебі білімді, талапты жастарымызға шет мемлекеттерде білім алуға мүмкіндік жасалды. Бұл да үлкен жетістік", - деді Әбілғазы Құсайынов.

Ол өзі бірнеше жыл қызмет жасаған транспорт саласына тоқталды. Оның айтуынша, сол жылдары-ақ елімізде әлемнің дамыған елдерінде бар автожолдар салынған. 

"Мен транспорт саласында көп жыл жұмыс істедім, өз көзіммен көрдім. Керемет төрт қатарлы жолдар салынды. Германиядағы автожолдар бар ғой, бізде де сондай бетонды жолдар салынды. Экономика көтерілді. Егемендік алғанда елде 2 млн-ға жуық транспорт болатын. Оның өзі ескі, кеңес үкіметінен қалған транспорттар еді. Қазіргі уақытта шетелдің мықты машиналары бізде. Баршылық заман, жағдай жақсы екенін осыдан-ақ көруге болады", - дейді сарапшы.

Оның сөзінше, тек транспорт саласы ғана емес, бүгінгі күні Қазақстанда медицина саласы да жақсы жолға қойылған.  "Медицина саласы да жақсы жолға қойылды. Бұрындары жүрек ауруымен адамдар ауырып, қайтыс болатын. Қазіргі таңда Қазақстанда жүрек ауруына қатысты түрлі деңгейдегі оталар жасалады. Тек үлкен қалалардағы ғана емес, бұл салада облыстардағы жетістіктер де аз емес", - деп атап өтті ол. 

Жалпы спикер жоғарыда атап өткендей, бүгінгі күні елімізде дайындалған кадрлар баршылық. Сарапшының сөзінше, көптеген жастар дамыған елдерде білім алып, елге қызмет етуде. Осы орайда айта кету керек, елбасы ел басқарған тұста өзі негізін қалаған "Болашақ" бағдарламасы арқылы шетелде білім алған талапты, білімді жастарды басшылық қызметтерге тағайындады. Осы орайда сол жастар елбасының сенімін ақтай алды ма? Бұл туралы сарапшы былай деді: 

"Елбасы өзі билікте болған кезде біраз жастарды билікке тартты. Олардың көпшілігі тұңғыш президенттің сенімін ақтай білді. Басқа жолмен тыңдамай кеткендері бар шығар. Ондай әр заманда да болған. Адам баласы болған соң түрлі жағдайлар болады. Қазір үкіметте де, басшылық орындарда да жастар көп. Оларға тәжірибе керек, ал тәжірибе жинақтау үшін жұмыс істеу керек. Біздің қазіргі жастарымыз өте білімді", - екенін айтып, жас ұрпақтан зор үміт күтенін жеткізді. 

Тек елбасы ғана емес, осыдан бір жыл бұрын ел тізгінін қолға алған Қасым-Жомарт Тоқаев та талапты жастарға көңіл бөлді. Өткен жылы ғана Президенттік кадрлық резервті жасақтауды тапсырған еді. Қоғам қайраткерінің сөзінше, бұл басшылық тарапынан қабылданған өте дұрыс шешім, себебі жастарды қазірден бастап ел басқару ісіне баулу керек.

"Қазіргі президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Президенттік жастар кадрлық резервіне жастарды іріктеп алуы оңтайлы шешім болды. Оларды басшылық қызметке қою керек, өткені жоғарыда айтқанымдай, тәжірибе тек жұмыс істегенде ғана келеді. Оларды үйрету керек. Қазірден бастамаса, олар ертеңгі ел тізгінін ұстай алмайды. Жастарға да оңай емес. Алайда оларды бақылау керек. Білетін, мықты мамандармен бірге жұмыс істету керек", - деді Әбілғазы Құсайынов.

Десек те, қазіргі биліктегі азаматтардың көпшілік дені елбасы тұсында да қызмет еткен тұлғалар. Осы орайда мемлекет басшысы билік еткен бір жылда өз командасын жасақтай алды ма деген сауалымызға спикер:  "Бұл мәселе бір жылда шешілетін мәселе емес. Қасым-Жомарт Кемелұлы да осы бағытта көптеген жүмыс істеп жатыр. Жастарды конкурс арқылы іріктеп жатыр. Жастарды тартып жатыр. Десек те, бір жылдың ішінде жаңа топ жасақтау оңай дүние емес. Қазір айтқанымдай, жастар таңдалып, іріктелуде. Бұл өте дұрыс", - деді қоғам қайраткері.
Сонымен қатар сөз барысында Әбілғазы Құсайынов елбасы өз уақытында ел тізгінін халық білетін азаматқа тапсырғанын, мемлекет басшысының да Нұрсұлан Назарбаев пен халық артқан сенім үдесінен шығатына сенім білдірді. 

"Билік транзитіне бір жыл болды. Өзің айтқандай, ел арасында түрлі пікір бар. Демократияның да біраз жеріне барып қалдық. Халықтың айтқысы келгеннің бәрін айтуға мүмкіндігі бар. Бірақ ауыздан шыққан сөзге дәлел керек. Екіншіден, шындық керек. Бұрынғы билік уақытында, дер кезінде ел білетін азаматты мемлекет басшысы етіп тағайындады. Бір жыл қанша жұмыс атқарылды. Әрине, оңай емес", - деген спикер Тоқаевтың бір жылда қандай қиыншылық кездессе де халық арасынан табылғанын ерекше атап өтті.

"Қиыншылықтар брінен соң бірі туындап жатыр. Жарылыс болған Арыстағы мәселені де шешті. Халық риза. Үлкен жетістік деп айтуға болады. Жамбыл облысындағы оқиғаны да дұрыс шешіп, елдің батасын алуда. Енді мынау дерт пайда болды. Басқа елдермен салыстырғанда жағдай жақсы. Үкімет өте дұрыс шаралар қабылдап жатыр. Ең басты мәселе -тәртіп. Келешекті, бала-шағаны ойлау керек. Президент қабылдаған шаралардың бәрін орындауымыз керек. Елде барлығы жеткілікті", - деді сарапшы.

Сонымен қатар сарапшыдан қазіргі таңда елбасы басқарып отырған Қауіпсіздік кеңесінің мемлекетті басқару ісіндегі рөлі жөніндегі пікірін сұрадық. Оның айтуынша, аталған кеңестің елімізде түрлі  қиыншылықтар болғанда, егемендігімізге қатер төнген да маңызы өте зор.

"Қауіпсіздік кеңесінің тәуелсіздігімге қатер төнгенде, не егемендігімізге қайшы келетін мәселелер туындаса, не елімізге қатысты түрлі қиыншылықтар болған кезде араласуы керек. Бұл осы жағынан алғанда кеңестің рөлі зор. Елбасының сыртқы мәселе де болсын, ішкі саясат та болсын тәжірибесі мол. Әлемдегі мемлекет басшыларын жақсы біледі, олар да елбасыны сыйлайды. Осы бағытта тәжірибесін, ақылын пайдалануымыз қажет. Сондықтан мұндай кеңес өте қажет", - деді қоғам қайраткері. 

Сонымен бірге елбасының өкілеттігін тоқтатып, өз еркімен президенттіктен бас тартуын әркім әртүрлі қабылдағаны белгілі. Бұл жағдайды халықтың қалай қабылдағаны жөнінде сарапшының пкірін сұраған едік: "Халықтың атынан айта алмаймын. Десек те, ел арасында жүрміз, менің таныстарым, достарым, туыстарым өте жақсы қабылдады. Басқа елдердегі билік транзиті қалай болып жатқанын көріп отырмыз. Біздегі билік транзитінің осындай жағдайда өтуі дұрыс шешім болды деп санаймын", - деп түйіндеді ол сөзін. 

Сұхбатыңызға рахмет!

Назерке Сүйіндік

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды