• Басты
  • Құс тұмауы: тауық етін сатып алуға бола ма
1 Қазан, 2020 14:43

Құс тұмауы: тауық етін сатып алуға бола ма

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушысы Тұрсын Қабдолданов елдегі құс тұмауы ошақтары туралы және қазіргі кезеңде тауық етін сатып алу қаупі туралы айтты, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Құс тұмауы: тауық етін сатып алуға бола ма

Қазақстандағы құс тұмауының ошақтары

Тұрсын Қабдолдановтың айтуынша, құс тұмауы расталған немесе құс тұмауына күдік келтірілген 48 елді мекенде карантиндік шектеу шаралары енгізілді. Жедел түрде зертханалық тексеру амалдары жүргізілген.

Соңғы бір тәулікте Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан және Жамбыл облыстарында, Шымкент қаласында құс өлімі болмаған. А Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында құстар арасында тарайтын жұқпалы дерттен құс өлімі біршама азайған. Құс тұмауы таралған елді-мекендерде карантиндік шараларға эпидемиологтардан тұратын отряд жұмыс істеп жатыр, - деді ол.

Осы жылдың қыркүйек айында әлем бойынша 26 елде 429 құс тұмауының ошағы анықталды. Ресейде құс тұмауының 28 ошағы тіркелді. Дәл қазіргі уақытта Қазақстан Ресейдің Челябі және Омбы облыстарынан құс өнімдерін әкелуге тыйым салды. Құс тұмауына қарсы ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан жедел штаб құрылып, тиісті шаралар орындалып жатыр.

Журналитер министрлік өкіліне СҚО Қызылжар ауданы Якорь ауылындағы құс фабрикасында 520 мыңнан астам құстың өлтірілгені туралы сұрақ қойды. Қабдолданов бұл аймақтағы құс фабрикасында зерттеу ұйымдастырылғанын айтты.

Өлген құстардың 256 мыңы ауа жетпей тұншығып өлген. Ол – құс тұмауынан емес. Жалпы фабрикаларды тексерген кезде бізде құс өндіруші кәсіпорындардың міндеттері – жабық күйдегі мекеме ретінде танылуы керек. Сондықтан ол жерде вакцина қолданылмайды. Ереже жалпыға ортақ, әлем елдері осы ережеге бағынады. Егер құс өсіруші компания өз мекемесінде құстың жабайы аңдармен байланысқа түспейтіндей жағдай жасап, ұстап отырса болды. Қазір біз құс тұмауы бойынша екі фабриканы тексеріс жүргізіп жатырмыз, - деді ол.

 Құстарға арналған вакцина

Ресми мәліметтер бойынша, 3,34 миллион бас құсқа мемлекет бюджетінен құс фабрикаларындағы құстар мен үй құстарына вакцинациялау жүргізіледі. Вакцинациялау тәртібін «Құс өсірушілер» Одағымен бекіткен. «Жұмыртқа өндірушілер» қауымдастығы республикалық құс фабрикаларының айналасындағы 20 шақырымдық аймақта табын мен үй құстарына профилактикалық вакцинациялау басталды.

Тұрсын Қабдолдановтың дерегінше, Қазақстанда 1 қыркүйекте барлығы 46,7 млн.құс басы тіркелді, оның ішінде 31,4 млн. данасы – құс фабрикаларында. Вакцинациялау қажеттілігі барлық құс басы үшін қажет болып отыр.

Құс фабрикалары ветеринарлық заңнамада көрсетілген ереже бойынша әркім өз бетінше вакцинация жүргізеді. Бұл ретте бройлерлік бағыттағы құс фабрикалары бройлерлердің өмір сүру мерзімінің аздығына (36-40 күн) байланысты вакцияна салмайжы, өйткені тәуліктік балапандар мен инкубациялық жұмыртқаны құс тұмауынан аналық мал басы вакцинацияланған құс фабрикаларынан алады. Жұмыртқа құс фабрикалары тауықтарға вакцина салуды бастады. Құс тұмауы шыққан ошақтарға вакцинациялау үшін қыркүйек айында республикалық резервтен қосымша 3,1 млн. дозалар,осы аптаның соңында тағы 1,3 млн.доза жеткізілетін болады, осылайша өңірлерге вакциналардың 7,7 млн. дозасы бөлінді,- деді маман.

Дәл қазір құстарға салынып жатқан вакцина отандық өнім болып табылады. Егу жұмыстарына 1185 ветеренар маман жұмылдырылды. Өлген құстың мәйіттерін жоюға 800-ге жуық жұмысшы тартылды.Мәжбүрлі вакцинациялау аясында 1 732 913 құсқа екпе тегін жасалды. құстар вакцинациялаумен қамтылды. Зертханалық зерттеу нәтижелері көрсеткендей, кейбір құс жұқпалы аурудан өлмегені белгілі болды.

Республика аймақтарындағы құс шығыны туралы статистика күн сайын жаңартылып отырады.

Мысалы, Қызылордада 12 бас тауық қырылды. Халық 5 бас тауық өлсе де, тиісті жерге хабарлап айтады. Кейде өлген құстардан құс тұмауы анықталмайы. Демек, табиғи шығын да орын алып жатыр. Жалпы, Қазақстан бойынша осы күнге дейін 588 мың тауық анықталды. Соның ішінде тек 329 651 бас құстың өлімі аурудан болған, - деді министрлік өкілі.

Тұрсын Қабдолдановтың нақтылауынша, құс тұмауы тіркелген Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарындағы кәсіпорындар тек жұмыртқа өндірумен ғана айналысқан. Бұл кәсіпорындар елімізде жұмыртқаға деген сұранысты 100 пайыз қамтамасыз етіп отырған.

Құс етін сатып алу қауіпті ме

Тексеру нәтижесі көрсеткендей, ет өндірумен айналысатын құс фабрикаларында құс тұмауы тіркелмеген. Ет өнімдері сауда орындарына ветеринарлық құжаттармен, арнайы қағаздармен жеткізіледі. Бұл құжаттар өнімдердің тексеруден өткенін растайды. Кез келген тауық етін тұтынушы атушыдан арнайы рұқсат қағазын талап етуге құқылы.

Азық-түлік базарларында ветеринарлық инспекторлар бар. Өздеріңіз білесіздер, базарларға өнім күн сайын әкелінеді, сәйкесінше, бақылау амалдары күн сайын жүргізіледі. Базарларда ветринарлық-санитарлық сараптама зертханалары бар. Тауық етінің режимі, температурасы, өнімді сақтау тәртібі, сатылуы таңнан кешке дейін бақылауда. Сондықтан базардағы тауық өнімдерінің қауіпсіздігі халық үшін толық қамтамасыз етілген деп сеніммен айта аламын, - деді Т. Қабдолданов.

Сонымен қатар, сатылымдағы өнімдері ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан толығымен тексерілетіні белгілі болды. Демек, ветеринарлық санитарлық сараптама зертханалары бар сауда орындарынан ғана алынған құс еті қауіпсіз.

Барлық жаңалықтар