• Басты
  • «Әрекет» жобасының ерекшеліктері мен мүмкіндіктері

«Әрекет» жобасының ерекшеліктері мен мүмкіндіктері

12 Тамыз, 2021 12:49

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде ұйымдастырушылар «Әрекет» әлеуметтік кәсіпкерлік мәдениетін дамыту жобасын іске қосу туралы баян етті. Олардың айтуынша, жобаға қатысып, кәсібін дамытуға 3 млн теңгеге дейін грант ұтып алуға мүмкіндік бар. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Жобаға өтінім қабылдау қашан басталады

«Samruk-Kazyna Trust» Қорының ресми өкілі - Корпоративтік қызмет басшысы Мирас Іргебаев Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған гранттар байқауы «Әрекет» жобасының аясында іске қосылатынын атап өтті. Оның сөзінше, кәсіпкерлер жоба аясында қарастырылған арнайы білім беру бағдарламасы аясында іріктеуден өтіп, біліктілігін арттыруға мүмкіндік алады.

«Өтінімдерді қабылдау 23 тамыздан басталып, 17 қыркүйекке дейін жалғасады. Ал, қарашада екінші кезеңге өткен қатысушыларды онлайн форматта оқыту басталады», - деді.
Білім беру бағдарламасы 2 бағытты қарастырады. Бір - «Инкубатор». Ол бұрын «Әрекет» жобасының грантын ұтып алмаған қатысушылар үшін әлеуметтік кәсіпкерліктің негізгі және маңызды аспектілерімен таныстыру мақсатында болса, екіншісі, «Акселератор» - бұрын грант жеңіп алған әлеуметтік кәсіпкерлерге арналмақ.

3 млн теңгеге дейін грант ұтып алу мүмкіндігі бар

«Екінші кезеңнің қорытындысы бойынша финалистер анықталып, олар өздерінің әлеуметтік жобаларын конкурстық комиссияға ұсынатын болады. Үздік идеялар әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға 3 млн теңгеге дейін гранттар алады. Жоба жеңімпаздары желтоқсан айында жарияланады», - деп толықтырды ол.
Айта кетейік, «Әрекет» жобасының ұйымдастырушысы – «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.

120-дан астам коммерциялық емес ұйым грант алды

«Samruk-Kazyna Trust» қорының ресми өкілі Мирас Іргебаевтың айтуынша, «Әрекет» жобасы іске қосылған 3 жыл ішінде Қазақстанның 120-дан астам коммерциялық емес ұйымы 500 мыңнан 3 млн теңгеге дейін гранттар алған.

«Грант алушылар жобаларының негізгі бағыттары халықтың әлеуметтік осал топтарынан адамдарды жұмысқа орналастыру, ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалту және түзету, инклюзивті білім беру, спорт, жастардың бос уақыты, мектепке дейінгі оқыту болып табылады», - деп атап өтті ол.
Барлығы «Әрекет» жобасы аясында оған қатысуға 360-тан астам КЕҰ өтінім беріп, 130-дан астам ұйым оқудан өткен.

Жалпы, жобаның мақсаты - коммерциялық емес ұйымдар арасында әлеуметтік кәсіпкерлік мәдениетін дамыту, оларды бизнес жүргізу дағдыларына үйрету және әлеуметтік проблемаларды кәсіпкерлік тәсіл арқылы шешу.

«Kishkentai инклюзивті шеберханасы» жобасы

Сонымен бірге, баспасөз мәжілісіне 2019 жылы «Белсен» қоғамдық бірлестігінің негізін қалаған Гүлмира Пармышева қатысты. Кейін оның бастамасымен «Kishkentai инклюзивті шеберханасы» жобасы іске қосылған. Гүлмира Пармышеваның айтуынша, аталмыш жоба аясында балалардың сөйлеуін дамытуға арналған жиынтықтар өндірісі жолға қойлыған.

«Жоба әлеуметтік кәсіпкерлік желісінен басталды және оның бастамашылары үшін пилоттық жоба болды. «Әрекет» грантының арқасында қажетті жабдықтар мен материалдар сатып алынды», - деді ол баспасөз мәжілісі барысында сөйлеген сөзінде.
Оның айтуынша, өнімнің Қазақстанда және жақын елдерде баламасы жоқ. Алғаш рет «Белсен» ҚБ мамандар мен ата-аналарға ерекше балаларды уақытылы түзету мен қалпына келтірудің «кешенді құралын» ұсынған.
«Өнімдер мамандандырылған орталықтарда 5-6 ай ішінде функционалдылық пен сапаға сыналды. Эко-жиынтықтар АҚШ, Еуропа және Ресейден сертификатталған және гипоаллергенді шикізаттан жасалады», - деді ол.
Бүгінгі күні, оның сөзінше, ерекше қажеттіліктері бар 10 мыңнан астам бала (аутистік спектрдің бұзылуы, балалардың церебралды сал ауруы, психо-сөйлеу дамуының тежелуі, сөйлеу дамуының кідіруі, назар тапшылығы мен гиперактивтіліктің бұзылуы) «Kishkentai» эко-жиынтығының арқасында сөз сөйлеп, өз сөйлеу қабілетін дамыта алған. Жоба аясында 1782 бірлік өнім сатылған.
«Жинақтарды жасау үшін ментальді ақауы бар және есту қабілеті бұзылған адамдар (2, 3 топтағы мүгедектер) тартылды, яғни жоба мүгедек адамдарды жұмысқа орналастыру мәселесін де қатар шешеді», - деп толықтырды ол.

Барлық жаңалықтар