• Басты
  • «Қоғамдық кеңестер туралы» заңға қандай өзгерістер енгізілді

«Қоғамдық кеңестер туралы» заңға қандай өзгерістер енгізілді

6 Қаңтар, 2021 13:24

Бұған дейін мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық кеңестердің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойғаны белгілі. Жалпы қолданыстағы «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңның өзі 2015 жылы қабылданған болатын. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тлеповтың заңдағы түзетулер мен өзгерістер жөнінде кеңірек баяндап берді. Оның айтуынша, өзгерістер мен түзетулер Қоғамдық кеңестердің қызметін одан ары жетілдіруді көздейді. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Министрдің айтуынша, қолданыстағы заңға ұзын саны 40 жаңа норма мен 28 түзетілген норма енгізілген. 

Оның ішінде көрсетілген маңызды мәселелер:

-        Қоғамдық кеңестердің құрамын жасақтау

-        Қоғамдық кеңестер саласында уәкілетті органды анықтау

-        Қоғамдық кеңестердің өкілеттігін арттыру

-        Қоғамдық бақылауды жүргізу процедурасын реттеу

-        Қоғамдық кеңестердің қызметін ұйымдастыруды қамтамасыз ету

-        Квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестер құру

 

Қоғамдық кеңестердің құрамын жасақтау

Болат Тлеповтың мәліметінше, бұл жердегі басты талап – дербес және тәуелсіз қызмет ету. Сондықтан да Жұмыс тобының басшысын азаматтық қоғам өкілдері қатарынан сайлау ұсынылған.

«Бұл ұсынысты біз Кеңестер құрамын іріктеу ісіне әкімшілік ресурстардың ықпалын азайту мақсатында қабылдадық», - деді вице-министр.

Сонымен қоса, оның сөзінше, жаңа заңнама – кандидаттар есебінен Резервтік тізім жасауға және Кеңес құрамынан шыққандардың орнына осы тізімнен жаңа мүшелерді сайлауға мүмкіндігін бермек.

«Кеңестер құрамын уақтылы толықтырып отыруға қатысты сын бұған дейін көп айтылатын. Біздің ойымызша, жаңа норма бұл мәселені тиімді жолмен реттейтін болады. Қолданыстағы заңда қоғамдық кеңес мүшелері санының нақты мөлшері қарастырмаған болатын. Бұл ретте, Кеңес мүшелері санын орталық деңгейде – 15-30 адам аралығында, ал жергілікті деңгейде – халық санына байланысты анықтауды ұсынамыз. Басты талап – Кеңес құрамына түрлі әлеуметтік топтардың өкілдерін тарту қажет. Осыған орай, өкілетті орган Кеңестің сандық және сапалық құрамы бойынша ұсыным әзірлейді», - деді Болат Тлепов.

Сонымен бірге, ол құқық қолдану тәжірибесі негізінде қоғамдық кеңес жұмысына қатыспайтын Кеңес мүшелерінің өкілеттіктерін тоқтату тәртібін реттейтін нормалармен толықтырылып отырғанын атап өтті.

Қоғамдық кеңестер саласында уәкілетті органды анықтау

Оның айтуынша, уәкілетті орган ретінде – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ұсынылмақ. Оның басты міндеті – кеңестер қызметін үйлестіру және методикалық көмек беру. Сондай-ақ, уәкілетті органнның міндетіне Мемлекет басшысына Қоғамдық кеңестер қызметі туралы жыл сайын Ұлттық баяндама жасау кіреді.

Қоғамдық кеңестердің өкілеттігін арттыру

Болат Тлепов берген мәліметке сүйенсек, заңнама Қоғамдық кеңестерге келіп түсетін сұрақтарды олардың қоғамдық маңыздылығына қарай өздері іріктеп, қарауға құқық береді.

«Бұл жерде айта кету керек, қоғамдық кеңестер консультативтік-кеңесші орган болып табылады, тиісінше заңды тұлға болып табылмайды. Осыған байланысты, қоғамдық кеңестерге азаматтардың өтініштерін қарау туралы заңнама нормалары қолданылмайды. Бірақ, азаматтардың өтініштері негізінде Қоғамдық кеңес қоғамдық бақылау нысандарының бірін бастау туралы шешім қабылдауға құқылы болады», - деді ол.

Сондай-ақ, Қоғамдық кеңестерге жергілікті деңгейдегі құқық қорғау органдары басшыларының есебін тыңдауға өкілеттік беретін норма енгізіледі. Бұл өз кезегінде, құқық қорғау органдарының жауапкершілігі мен ашықтығын арттыруға септігін тигізбек.

Сонымен бірге, вице-министр мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстық комиссияларына Қоғамдық кеңес мүшелерін қатыстыруға өкілеттік беретін толықтырулар бар екенін тілге тиек етті.

Қоғамдық бақылауды жүргізу процедурасын реттеу

«Бұл – бұрын заңмен айқындалған қоғамдық бақылаудың барлық 4 формасын қамтиды. Атап айтқанда: қоғамдық тыңдаулар, қоғамдық сараптама, қоғамдық мониторинг және мемлекеттік орган жетекшілерінің есебі. Ол үшін өкілетті орган осы рәсімдерді ұйымдастыру және өткізу ережелерін әзірлейді», - деді Болат Тлепов.

Қоғамдық кеңестердің қызметін ұйымдастыруды қамтамасыз ету

Оның сөзінше, бұдан былай жергілікті деңгейлерде ұйымдастыру жұмыстары – мәслихаттарға жүктеледі. Бұл міндет бұған дейін жергілікті әкімдіктерде болатын. Алайда, Қоғамдық кеңестердің бастамасы бойынша және депутаттардың қолдауынан кейін заң жобасына тиісті өзгертулер енгізілген.

«Сондай-ақ, Кеңес өз қызметін қоғамдық бастамалар негізінде жүргізетіндіктен, оның қызметінің кейбір аспектілерін қаржыландыру мәселелерін шешу жолдары қарастырылған», - деді ол.

Атап айтқанда:

- кеңес хатшысының қызметі үшін ақы төлеу. Айта кету керек, ендігі жерде хатшы Қоғамдық кеңестің мүшесі емес, техникалық қызметкер болып табылады. Қазіргі уақытта «Қоғамдық кеңестің хатшысы» лауазымын қолданыстағы лауазымдар тізіліміне енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде

- қоғамдық бақылау жүргізуге тартылатын кәсіби сарапшылардың қызметтері үшін ақы төлеу

- кеңсе тауарлары үшін ақы төлеу

- жергілікті деңгейде көшпелі кездесулер өткізу үшін аймақ ішіндегі іс-сапар шығындарын төлеу

Квазимемлекеттік секторда қоғамдық кеңестер құру

«Мемлекет Басшысының Жолдауында берілген тапсырмалары негізінде квазимемлекеттік секторда, атап айтқанда, ұлттық компанияларда, ұлттық холдингтарда, ұлттық басқару холдингтарында қоғамдық кеңестер құру жөнінде толықтырулар енгізілді. Бұл осы саланың ашықтығын және жауапкершілігін аттыру үшін жасалып отырған шара», - деді вице-министр.

Оның пікірінше, осы уақытқа дейін қоғамдық кеңестер азаматтармен тұрақты байланыстың маңызды институты ретінде толықтай қалыптасқан.

Барлық жаңалықтар