• Басты
  • Ә.Назарбаеваның қоры ауруханаларға 233 оттегі концентраторын алып берді

Ә.Назарбаеваның қоры ауруханаларға 233 оттегі концентраторын алып берді

12 Тамыз, 2020 16:23

Бүгінгі таңда елдің кейбір аймақтарында COVID-19 таралу жағдайы ушығып тұр. Сондықтан Әлия Назарбаеваның қоры қайырымдылық шараларын жалғастыруда және ауруханаларды қолдау аясында 233 оттегі концентраторы сатып алынды. Медициналық жабдықтары бар қайырымдылық жүк Қытай Халық Республикасының шекарасынан өтті, енді бұл жүк алушылардың мекенжайларына жіберіледі, деп хабарлады Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының баспасөз қызметі.

Емдеу үшін өмірлік маңызы бар аппараттар Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды және Қостанай облыстарындағы облыстық, қалалық және аудандық маңызы бар 17 ауруханаға жіберіледі. Қор логистика бойынша мониторинг жүргізеді және 17 аурухананың әрқайсысымен оттегі концентраттарын уақтылы және қауіпсіз жеткізу бойынша тығыз жұмыс жүргізеді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тыныс алу аппараттарына мұқтаж медициналық мекемелердің тізімін ұсынды.

Оттегі концентраторы өкпе ауруларын емдеуде сығылған оттегіге қауіпсіз балама ретінде қолданылады. Аппарат оны пациентке жоғары концентрацияда - 90- 95% мөлшерде береді. Айта кету керек, ауада оттегінің мөлшері шамамен 20% құрайды.

photo5305264632358875741.jpg

«Біздің гуманитарлық көмек дәрігерлерге коронавируспен күресте көмектеседі деп шын жүректен үміттенемін және дұға етемін, сондай-ақ Қытайдан Қазақстанға өмірлік маңызды аппараттарды тасымалдауға қатысқан барлық адамдарға алғыс білдіргім келеді» - деп жазады Әлия Нұрсұлтанқызы Instagram-да. 

Естеріңізге сала кетейік, коронавирустық пандемия кезінде Әлия Нұрсұлтанқызы Назарбаеваның қоры халыққа азық-түлік себеттері, дәрі-дәрмектер, киім-кешек сертификаттары, сондай-ақ балаларды қашықтан оқыту үшін ноутбуктер сатып алу түрінде бірнеше рет қайырымдылық көмек көрсеткен болатын.

Барлық жаңалықтар