• Басты
  • «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» бағдарламаларының жүзеге асырылуы: жыл соңына дейін кімдер үй алады
18 Тамыз, 2020 17:08

«Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» бағдарламаларының жүзеге асырылуы: жыл соңына дейін кімдер үй алады

Өткен аптада ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа берген есебінде және Үкімет отырысындағы баяндамасында «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асырылуы жайында есеп берді. Бағдарламалар аясында салынған тұрғын үйлер туралы ақпаратты Strategy2050.kz материалынан білуге болады.

 «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» бағдарламаларының жүзеге асырылуы: жыл соңына дейін кімдер үй алады

Мемлекет басшысына есеп берген Бейбіт Атамқұлов 2020 жылдың 7 айында пандемияның әсерінен туындаған дағдарысқа қарамастан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жұмысында оң нәтижелер бар екенін айтты. Мәселен, құрылыс саласында нақты көлем индексі жеті айдың қорытындысы бойынша 106,3 %-ды құрады. Өсім өңірлерде құрылыс-монтаждау жұмыстарын қайта жаңғыртуға байланысты құрылыс көлемін арттыру есебінен қамтамасыз етіледі. 16 өңірде оң динамика байқалған.

Тұрғын үй құрылысы саласындағы 7 айдың қорытындысында 6 млн 9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 107,5 %-ға көбейгенін білдіреді. Жалпы республика бойынша барлық қаржыландыру көздерінен ағымдағы жылдың 7 ай қорытындысымен барлығы республика бойынша 61 308 бірлік тұрғын үй, оның ішінде 22 641 жеке тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үйді пайдалануға беру Атырау мен Түркістан облыстарында төмендеу көрсеткішті бергенімен, 15 өңірде өсім байқалады. Министрдің айтуынша, биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 15 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Осы жоспарға қол жеткізу үшін өңірлерге сәуір айында әлеуметтік кредиттік тұрғын үйдің 15 мың пәтерінің құрылысына қосымша 180 млрд теңге бөлініпті. Осы күнге дейін бұл бағдарламамен 7 миллион шаршы метр тұрғын үй салынып, 61,3 мың отбасын баспаналы болып, тұрмыстық жағдайын арттырған. Қасым-Жомарт Тоқаев биыл пайдалануға беріледі деп жоспарланған тұрғын үйлерді уақытында табыстаудың маңызды әлеуметтік міндет екенін айтты.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында баспана берудің бірқатар бағыттары көзделген. Бірінші бағыт – сатып алу құқығынсыз жалға берілетін әлеуметтік тұрғын үйлер. Бұл бағыт бойынша халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына және көпбалалы отбасылар мен жастарға кезек ретімен беріледі. Екінші бағыт – жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтарға, аз қамтылған отбасыларға "Тұрғын ұй құрылыс жинақ банкі" арқылы кредит беру. Осы бағыт бойынша кезекте тұрған көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және мүгедек балалары бар отбасылар қатыса алады. Оларға «Тұрғын ұй құрылыс жинақ банкі» арқылы жылына 2 пайызбен 20 жылға дейін бастапқы жарнасы 10 пайызды құрайтын несие беру көзделген. Бұл ретте бастапқы жарнаның бөлігін қамтамасыз ету үшін әкімдікпен 1 миллион тұрғын үй сертификатын беру қарастырылған.

Қазіргі таңда кезекте 47 мыңнан астам азамат тұр. Оның ішінде көпбалалы отбасылар, әлеуметтік осал топтар, жетім балалар, мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйым қызметкерлері, әскери қызметкерлер бар.

 «Нұрлы жер» бағдарламасының талаптары

Жалпы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй алудың бірнеше тетігі іске асырылуда. Осы жылдан бастап «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына кезекте тұрғандардың табысына байланысты тұрғын үй қолжетімділігінің градациялық жүйесі енгізілді. Осыған орай, табысына байланысты талаптар да енгізілді.

1) Отбасының әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейі бірге дейінгі табыстары бар халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарындағы кезекте тұрғандарға (жетім балалар, 1 және 2-топ мүгедектері және т.б.) кезектілік тәртібімен сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беріледі.

Сонымен қатар, жұмыс істейтін жастарға да мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беру көзделген. Жұмыс істейтін жастарға жалға берілетін тұрғын үй мемлекеттік жастар саясаты саласындағы уәкілетті орган - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2019 жылғы 29 тамыздағы № 318 бұйрығымен бекітілген жұмыс істеп жүрген жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғынжай беру қағидаларына сәйкес беріледі.

Аталған бағыт бойынша тұрғын үй алу үшін жұмыс істейтін жастар  жиырма тоғыз жасқа толмаған, жалпы орта білім беретін мектептердің, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының оқу бағдарламаларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматтары болуы; Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тұрғылықты жері бойынша кемінде соңғы 2 жыл тұрақты тіркелгенін растауы; авариялық жағдайдағы, құлау (қирау) қаупі бар тұрғын үйлерді қоспағанда, өтініш берушінің, жұбайының (зайыбының), кәмелетке толмаған балаларының меншік құқығында өтініш берердің алдында 2 жыл бойы тұрғын үйдің, сатып алу құқығымен жалға берілген тұрғын үйдің болмағанын растауы; қағидаларда айқындалған мөлшерде төлем қабілеттілігін растауы қажет.

 «Бақытты отбасы» бағдарламасының талаптары

 «Бақытты отбасы» бағдарламасы отбасының әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 2-ге дейінгі табыстары бар «көпбалалы, толық емес және мүгедек балалары бар отбасылар» санатындағы кезекте тұрғандарға қол жетімді.

Бағдарламаға қатысуға қойылатын негізгі талаптар:

- Қазақстан Республикасының азаматтығы;

- соңғы 6 айда еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен түсетін, отбасының әрбір мүшесіне шаққанда тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген шамасынан аспайтын табысының болуы;

- неке бұзылған сәттен бастап 3 жылдық мерзімнің өтуі (толық емес отбасылар үшін);

- төлем қабілеттілігін растау;

- ЖАО-ның «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес көзделген санаттарға қатысушылар бойынша тұрғын үйге мұқтаж адамның есепке қойылуын және тұрғын үйге мұқтаж адамның мәртебесін растауы.

 «5-20-25» және «5-10-20» бағдарламаларының талаптары

 Отбасының әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейі 3,1-ге дейінгі табыстары бар кезекте тұрғандар «5-20-25» және «5-10-20» бағдарламалары бойынша кредиттік және жеке құрылыс салушылардың тұрғын үйлеріне үміттене алады (әскери қызметкерлер, бюджет саласындағы» қызметкерлер және мемлекеттік қызметшілер).

Қатысушыларға қойылатын негізгі талаптар:

- Қазақстан Республикасының азаматтығы;

- соңғы 6 айда еңбек және (немесе) кәсіпкерлік қызметтен түсетін, отбасының әрбір мүшесіне шаққанда тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген шамасына дейінгі табысының болуы;

- ЖАО-ның "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тұрғын үйге мұқтаж азаматтың мәртебесі мен тұрғын үйге мұқтаж Қазақстан Республикасы азаматтарының есепке қойылғанын растауы;

- төлем қабілеттілігін растауы қажет.

Пандемияның тұрғын үй құрылысына әсері

 ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлік өкілінің Strategy2050.kz тілшісіне берген сұхбатында биылғы пандемия тұрғын үй құрылысына кері әсерін бермегенін айтты. Статистика деректеріне сәйкес 2020 жылдың 1 тамызына қаржыландырудың барлық көздері бойынша тұрғын үй құрылысына 915 млрд. теңге инвестиция жұмсалды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 127,7% жоғары.

Жалпы алаңы 7,0 млн.шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2019 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда 107,5%-ды құрады.

Тұрғын үй көлемінің жоғарылауы өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 15 өңірде байқалады.

Тұрғын үйді пайдалануға беру көшбасшылары Нұр-Сұлтан (136,8%), Шымкент (122,7%) және Алматы (105,3%) қалалары, Павлодар (127,6%), Алматы (118,3%), Солтүстік-Қазақстан (116,2%), Қарағанды (114,4%), Шығыс-Қазақстан (109,4%), Қостанай (108,4%), Жамбыл (107,1%) және Ақтөбе (105%) облыстары болып табылады.

Осы жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде мемлекет қаражаты есебінен 5982 бірлік жалға берілетін және кредиттік тұрғын үй берілді, қалған үйлер жеке қаражат есебінен және халықпен берілді.

Министрліктің жоспары бойынша биыл барлық қаржыландыру көздерінен 15 млн. шаршы метр тұрғын үй немесе 150 мың тұрғынжай, оның ішінде мемлекеттік инвестициясы есебінен «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 2,0 млн. шаршы метр немесе 39,0 мың тұрғынжай тұрғын үй салу жоспарланды.

7 айлық жұмыс қорытындысы бойынша Атырау (-35,1%) мен Түркістан (-18,1%) облыстарында тұрғын үй салу көрсеткішінің төмендеуі, жеке және көпқабатты тұрғын үйлерді пайдалануға беру көлемінің төмендеуі салдарынан орын алды.

Бүгінгі күні кезекте тұрған адамдардың бірыңғай ұлттық есепке алу жүйесінде республика бойынша 532 781 адам кезекте тұр. Кезекте тұрған азаматтар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйлерді кезектілік тәртібімен коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үй ретінде сатып алу құқығынсыз жалға алу арқылы немесе «5-20-25», «Бақытты отбасы», «5-10-20» бағдарламалары шеңберінде кредиттік тұрғын үйлерді, жеке құрылыс салушылардан бастапқы тұрғын үй және қайталама нарықтан тұрғын үй сатып алуға мүмкіндігі бар.

Фото: ашық дереккөз

Барлық жаңалықтар