• Басты
  • Өмірзақ Шүкеев пен Ералы Тоғжанов өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
10 Қазан, 2019 17:55

Өмірзақ Шүкеев пен Ералы Тоғжанов өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

ҚР Кәсіподақтар федерациясының Төрағасы Ералы Тоғжанов Түркістан облысына іс-сапар жасады. Сапар барысында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шукеевпен кездесіп, өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.


    Өмірзақ Шүкеев пен Ералы Тоғжанов өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Құжат аясында ҚРКФ төрағасы мен Түркістан облысының әкімі әлеуметтік әріптестік деңгейін дамыту және жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек құқықтарын тиімді қорғау мәселесі басты назарға алынды. 

Сондай-ақ, кездесу барысында Өмірзақ Шүкеев кәсіподақтардың еңбек нарығында жұмысшылардың әл-ауқатын жақсартудағы маңызды рөлін атап өтті. Ал, өз кезегінде ҚРКФ төрағасы Ералы Тоғжанов жұмысшылардың еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау жүйесін дамыту үшін әлеуметтік әріптестікті нығайту маңызды екенін айтты. 

Бұдан бөлек, Ералы Тоғжанов оңтүстік өңірге жұмыс сапары барысында Түркістан облысы Арыс қаласының Бас қақпасының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. ҚР Кәсіподақтар федерациясы (ҚРКФ) Бас қақпаның құрылысы туралы бастаманы көтеріп, толыққанды жүзеге асырған еді.

Салтанатты ашылу рәсімі барысында ҚРКФ басшысы арыстықтар үшін қиын кезеңде қазақстандықтардың көрсеткен ауызбіршілігі мен бірлігін айрықша атап өтті. 

«Бірлігі бар елдің, белін ешкім сындырмас» дегендей, ел басына түскен бұл ауыр жағдай қабырғамызды қайыстырса да, ерік-жігерімізді жасытып, сағымызды сындырмады. Әр қазақстандық зардап шеккен бауырларымызға қолынан келгенше материалдық және әлеуметтік көмек көрсетуге даяр екендігін көрсетті», - деді Ералы Тоғжанов. 

Сондай-ақ, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев Кәсіподақтар федерациясының қала өмірін қалпына келтіру ісіне қосқан елеулі үлесін атап өтіп, көрсетілген қолдау үшін өз алғысын білдірді. 

Айта кету керек, Кәсіподақтар Арыс қаласын қалпына келтіруге бағытталған ізгі шарадан тыс қалмай, осы жұмыстарға өз үлесін қосты. Қала қақпасының құрылысы ағымдағы жылы Арыста болған төтенше жағдайдан кейін тамыз айында басталды. 

Құрылысқа 25 маман және 6 құрылыс техникасы жұмылдырылды. Объектінің жалпы сметалық құны – 30 млн.теңге.

Барлық жаңалықтар