«Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы: бағыты, мақсаты мен міндеттері

21 Қазан, 2021 16:08

Биыл 13 қазанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы Жарлыққа қол қойған еді. Осы орайда, елордада өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева министрлік қолға алған жобалармен таныстырды. Оның сөзінше, 10 нақты Ұлттық жобаның ішінде «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы – 3 бағыт, 7 міндеттен тұрады. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Министрдің мәліметінше, жобаның негізгі мақсаты – Ұлттық кодты сақтап, мәдени бірегейлікті жаңғырту, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді насихаттау арқылы – қоғамның мәдени деңгейін, талғамын және рухын көтеру. Сонымен қатар, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың түрлі бастамаларын жан-жақты қолдауды көздейді.

«Сөз жоқ, мазмұны жағынан бұл мәні терең, ауқымы өте кең жоба. Бұл – қаншама ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың мәдени болмысы, тарихы мен тамыры. Сондықтан, әсіресе қазіргі жаһандану кезеңінде оны сақтап қалу, ұрпақ бойына сіңірудің маңызы зор. Өйткені, бүгінгі ұрпақ бойына «ұлттық код» ұғымын қаншалықты терең сіңірсек – ол біздің ертеңгі ұлт болып қалуымыздың кепілі», - деп атап өтті Аида Балаева.

Оның айтуынша, аталған мәселелерді шешу үшін жобаны үш негізгі бағытта іске асыру көзделген.

Бірінші бағыт. экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани Жағырудың» құндылықтарын одан әрі дамыту. Мұнда мемлекеттік тілді дамыту міндеті бөлек белгіленген.

«Жалпы, бұл блок бойынша 38 жоба жоспарланған, оның түпкі мақсаты - ұлттың шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін қолдау мен дамыту», - деді министр.

Ведомство басшысының айтуынша, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту де алғашқы бағыттың маңызды мақсаттарының бірі.

«Өйткені, «ұлтты сақтау» дегеніміздің өзі – тілді сақтап, дамыту екені белгілі. Мемлекет Басшысы қазақ тілінің болашақта – ұлтаралық тілге айналатынына сенім білдіргенін білесіздер. Оған бүгінде барлық негіз бар. Мемлекеттік тілге деген қоғамның сұранысы артып келеді. Бұл – уақыт талабы», - деп толықтырды ол.

Сондықтан, ол бұл мәселеде бірқатар ауқымды жобалар қарастырылғанын атап өтті. Нақтырақ айтқанда, мемлекеттік тілді оқыту бойынша инновациялық ІТ-өнімдер әзірлеу, танымал анимациялық және танымдық арналарды қазақшалау, орта білім берудің тілге қатысты бағдарламаларына өзгерістер енгізу, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін қазақ тіліндегі оқулықтар әзірлеу сияқты жүйелі іс-шаралар бар.

«Бір сөзбен айтқанда, мақсатымыз – қоғамдағы қазақтілді ортаны барынша кеңейту, оны тұрмыста ғана емес, ғылым мен білімнің, бизнес пен әлеуметтің тіліне айналдыру», - деді ол.

Екінші бағыт. Министрдің сөзінше, келесі бағыт - «Ел рухы» деп аталады. Бұл бағыт бойынша, мәдениет саласындағы қызметтердің қолжетімділігін арттыру бойынша шаралар, сонымен қатар отандық мәдени өнімдерді елге және шет мемлекеттерге танытуға бағытталмақ.

«Бұл үшін 2025 жылға қарай 5 нақты нәтижеге қол жеткізу үшін 13 ірі іс -шара жоспарланып отыр», - деді министр.

Атап айтқанда:

- инфрақұрылымды дамыту арқылы, оның ішінде жаңа мәдениет объектілерін салу арқылы ауылдар мен шалғайдағы елді мекендер тұрғындарының 92,5% -ы мәдени қызмет көрсетілетін болады. Жалпы, мәдени орындарға бару санын екі есеге, ал халыққа көрсетілетін мәдениет саласындағы қызмет сапасына қанағаттану деңгейін 75%-ға дейін арттыру жоспарлануда. Осы мақсаттарда 250 жаңа мәдени нысан салынады және 1200 мәдениет нысаны күрделі жөндеуден өтеді;

- елдің шығармашылық әлеуетін тікелей қолдау арқылы отандық мәдени өнімдерді қайта өндіру жүйесі құрылады, оның ішінде кинопрокаттағы отандық фильмдердің үлесін 25%-ға дейін ұлғайту, оның негізінде 40-қа жуық анимациялық фильм шығару. «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі жаңадан құрылады, сонымен қатар талантты тұлғалардың жоғары шығармашылық әлеуеті бар 150 жобасын қолдауға ие болады;

«Сонымен қоса, әлемнің кез келген жерінен ұлттық мәдениеттің барлық жетістіктеріне онлайн режимінде қол жеткізуге мүмкіндік беретін «e-culture.kz» Бірыңғай электронды платформасын атап өткім Үйден шықпай-ақ, әлемнің кез келген бұрышынан біздің мұражай мен театрларға, кітапханаларға және басқа да мәдени көрікті жерлерді тамашалауға болады», - деді министр.

Үшінші бағыт. Министрліктің мәліметінше, үшінші бағыт - «Тәуелсіздік ұрпақтары» деп аталды және бұл еліміздің жастарына арналады.

«Өздеріңіз жақсы білесіздер, биыл Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында туған балалар 29-30 жасқа келіп жатыр. Сөз жоқ, бұл жастар – егемен елдің төл ұрпағы ғана емес, болашақ үміті, ертеңгі иесі. Сондықтан оларды мемлекеттік тұрғыдан қолдап, жағдай жасау – осы жобаның негізгі мақсаттарының бірі. Ол жастардың рухани кемелденіп, кәсіби жетілуін көздейтін үш ауқымды міндетті қамтиды», - деді ол.

Атап айтқанда 2025 жылға дейін:

- жастардың базалық сұраныстарын шешу бойынша шараларды іске асыру. Яғни, сапалы және қолжетімді білім беру, жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету;

- жастардың жан-жақты дамуына құқықтық жағдайлар жасап, рухани-адамгершілік және отбасылық құндылықтарға баулу;

- жастарды қоғамдық пайдалы істерге тартып, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиесіне жаңа мүмкіндіктер ашу;

«Бұл Ұлттық жоба аясында атқарылатын көп жұмыстың негізгі бағыттары ғана. Жоғарыда айтқанымдай, оны іске асыру үшін үш бірдей министрліктің күші жұмылдырылып, нақты нәтижелерге қол жеткізетін боламыз», - деп түйіндеді министр.

Барлық жаңалықтар