• Басты
  • Қ.Көшербаев: Қаныш Сәтбаев халқына қызмет етуді бір сәтке болсын тоқтатқан емес

Қ.Көшербаев: Қаныш Сәтбаев халқына қызмет етуді бір сәтке болсын тоқтатқан емес

3 Шілде, 2021 17:42

Нұр-Сұлтан қаласында Қаныш Сәтбаев пен Қажымұқан Мұнайтпасов көшелінің қиылысында «Қазақстан» спорт кешенінің алаңында қазақтан шыққан тұңғыш академик Қаныш Сәтбаевтың ескерткіші ашылды, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Қаныш Сәтпаев байтақ даламыздың бойындағы бар байлықты ашқан ғұлама. Ескерткіштің ашылу салтанатында Қырымбек Көшербаев Баянауылдан қанат қаққан, қазақ даласының көгінде қалықтай самғап, ғылымның дамуына үлес қосқан, әлемдік білімнің биік деңгейіне көтерілген Қаныш Сәтбаевтың ерекше болмысына тоқталып өтті.

«Ол - ғылым мен индустриалды дамудың көшбасшысы, кемеңгер тұлғасына айналды. Қаныш Сәтпаев ұлтқа қызмет етуді өзінің алдындағы ұрпаққа үлгі еткен. Сондықтан, ел ішіндегі барлық шараға белсене араласты», - деді ол.

Оның айтуынша, Шоқан Уалихановтың ел аузынан жинаған «Ер Едіге» дастанын қазіргі қазақ тіліне аударған. Сондай-ақ, тұңғыш Алгебра кітабын жазып шыққан. Ғалым Қазақ КРС академиясының іргетасын қалаған әрі тұңғыш президенті болған. Геология ғылымдарының докторы, профессор, мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардың лауреаты болған.


«Қаныш Сәтпаев төрт мәрте Ленин орденімен, басқа да отандық және шетелдік сыйлықтармен марапатталған ғұлама ғалым. Қандай жағдай болса да, халқына қызмет етуді бір сәтке болсын тоқтатқан емес», - деді Көшербаев.

Сондай-ақ ол өз сөзінде 1931 жылы басылған А.Затаевичтің «500 қазақ әндері мен күйлері» жинағына Сәтбаев қазақ халқының музыкалық мұрасының інжу-маржаны болып есептелетін 25 әнді өзі орындап, орыс тілінде ғылыми түсініктеме беріп енгізгенін айтып өтті. Ол геологиядан басқа ғылымдардан да, мәдениет саласында да, тарихтан да өшпес із қалдырған.

Қырымбек Көшербаевтың айтуынша, екінші дүниежүзілік соғыс аяқталуға тақағанда, жағдайдың аса қиын ауырлығына қарамастан, Қазақ КСР Ғылым академиясының ұйымдастыру жұмысына басшы болып, оның ісіне бел шеше араласуы ұлыларға тән көрегендікті дәлелдеген. Оның қалдырған ғылыми бай мұраларының ішінде, әсіресе, Жезқазған кені туралы зерттеулерінің, Сарыарқаның металлогендік және болжам карталары жөніндегі еңбектерінің мәні ерекше екенін жеткізді.


Сондай-ақ, Жезқазғанның ірі мыс рудалы аудандар қатарына жатуы кезінде осы кеннің жоспарлы түрде кең масштабтағы барлау жұмыстарын ұйымдастыруға болатын ірі объекті екенін дәлелдеп берген Қаныш Сәтбаев еңбегінің нәтижесі екенін тілгі тиек етті.

«Бүгін біз Елорда күні қарсаңында, сіздермен бірге еліміздің рухани өміріндегі тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясындағы аса елеулі оқиғалардың бірі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей шешіміне сәйкес, халқымыздың ұлы перзенті Қаныш Сәтпаевтың құрметіне орай қойылған ескерткіштің ашылуына себепкер болған Павлодар, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдеріктері мен Баянауыл ауылының жұртшылығына мүсінші Асқар Нартовқа алғысымызды білдіреміз», - деді Көшербаев.

Жиынға қатысқан ҚР Парламенті сенатының демутаты, академик Қаныш Сәтпаев атындағы халықаралық қордың төрағасы Алтынбек Нұхұлының айтуынша, Қаныш Сәтпаев мемлекеттің мол байлық көздерін ашып, ғылымы, білімі мен мәдениетіне мол үлес қосқан.


«Павлодар облысының Нұр-Сұлтан қаласының құрметіне орай сый ретінде ұсынып отырған осы ескерткіштің ашылуымен депутаттар мен жерлерлестерін ашылуымен шын жүректен құттықтаймын», - деді Алтынбек Нұхұлы.

Ол өз сөзінде мемлекет хатшысы Қырымбек Көшербаевқа, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовқа, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновқа, ескерткіш авторы Асқар Нартовқа сондай –ақ демеушілік көрсеткен барлық компаниялар мен жеке тұлғаларға айырықша алғысын білдірді.

Барлық жаңалықтар