• Басты
  • Өңірлердің дамуына мониторинг жүргізу жалғасады – Р. Дәленов
10 Наурыз, 2020 09:39

Өңірлердің дамуына мониторинг жүргізу жалғасады – Р. Дәленов

Өңдеу секторында 9,4% деңгейінде өсуге қол жеткізілді.5 өңірде орташа республикалық деңгейден жоғары өсу байқалады. 12 өңір орташа республикалық деңгейден төмен өсу көрсетті, оның ішінде 1 өңір бойынша төмендеу тіркелді, деді Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Үкімет отырысында, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі. 

 Өңірлердің дамуына мониторинг жүргізу жалғасады – Р. Дәленов

«Осы жылғы қаңтар-ақпанда экономикаға 1,5 трлн. теңге инвестицияланды. Салынған инвестициялардың жартысы Атырау облысына тиесілі.Өңірлер бұған дейін қол қойылған меморандумдарға сәйкес ірі инвестициялық жобаларды іске асыру мониторингін күшейту қажет», - деді Р.Дәленов.

Сонымен қатар, құрылыс секторында өсу 11,9%-ті құрады.

   «12%-тен (нысаналы өсу) жоғары өсуді 4 өңір көрсетті. Ал 4 өңірде төмендеу тіркелді (олар – Маңғыстау, Павлодар, Қызылорда облыстары және Шымкент қаласы)», - деді ол.

  Министр атап өткендей, жыл басынан бері 1,7 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

 «Нұр-Сұлтан (394 мың ш.м.) және Алматы (171 мың ш. м.) қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау облысында (217 мың ш. м.) ең көп тұрғын үй пайдалануға берілгені байқалады. Ауыл шаруашылығында шығарылым 2,2%-ке өсті. Ауыл шаруашылығы бойынша 8 өңір орташа республикалық мәннен жоғары өсуге қол жеткізді», - деді министр.

Министр атап өткендей, өңірлердің ағымдағы өсу серпінін бағалау үшін көрсеткіштердің жиынтық индексі әзірленді.

«Бұл индекс өңірлердің даму трендін көрсетеді және 7 көрсеткіш бойынша жиынтық өсу негізінде жасалды. Бұл – өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, сауда, көлік, байланыс және инвестициялар.6 өңір жақсы нәтиже көрсетті. Бұл – Батыс Қазақстан, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы және Жамбыл облыстары.Төмен көрсеткіштер Солтүстік Қазақстан облысы және Шымкент қаласында байқалады.Өңірлердің дамуына мониторинг жүргізу жалғасатын болады», - деді Р. Дәленов.

Министр атап өткендей, екі айдың қорытындысы бойынша оң серпін сақталып отыр.

   «Сонымен қатар, сыртқы қауіптердің әсерін төмендету үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар келесі аспектілерге назар аударуы қажет», - деді ол.

Олар: 

1.     Сыртқы қауіптерге мониторинг жүргізу және жедел әрекет ету шараларын қабылдау;

2.     Көрсеткіштердің төмендеуіне жол бермеу үшін өңірлер қауіптерінің картасын анықтау;

3.     Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларының жұмысын жандандыру;

4.     Мемлекеттік ұйымдардың, ұлттық компаниялардың және жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында жергілікті өндірушілердің қатысуын көбейту бойынша шараларды күшейту;

5.     Жағдайдың жедел мониторингін қамтамасыз ете отырып, еңбек нарығындағы тұрақтылық мәселесін ерекше бақылау;

6.     Инвестициялық жобалар пулын іске асыру үшін нақты шаралар қабылдау;

7.     Әлеуметтік шығыстар мен шағын және орта бизнесті қолдайтын шығыстарды басым қаржыландыруды қамтамасыз ету.

   «Аталған бағыттар бойынша шаралар макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік береді», - деп түйіндеді министр.

   Аягөз Құрмаш 

Барлық жаңалықтар
3.219.31.204, 192.168.88.100