• Басты
  • Өңірлердегі жаппай газдандыру Қарағандының көмір өндірісіне әсер еткен жоқ – әкім
12 Қараша, 2020 13:36

Өңірлердегі жаппай газдандыру Қарағандының көмір өндірісіне әсер еткен жоқ – әкім

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Махмудұлы Қасымбек Strategy2050.kz тілшісі жолдаған сауалдарға жауап берді.


Өңірлердегі жаппай газдандыру Қарағандының көмір өндірісіне әсер еткен  жоқ – әкім

Strategy2050.kz тілшісі Қарағанды облысында көмір өндірісінің қазіргі ахуалы туралы сұрақ қойды. Қазақстан өңірлері газдандыруға көшкендіктен, көмірдің қажеттілігі азайып барады. Жаппай газдандыруға көшу Қарағандының көмір өндірісіне қалай әсер етті – деген сұаққа Жеңіс Қасымбек былай жауап берді:

Қарағанды облысында да газдандыру ісі қолға алынды. Жылыту маусымында газды қолдану тиімді әрі арзан. Облыста тек көмір емес, металлургия өндірісі дамыған. Газдандыруға көшу көмір өндірісіне кері әсерін тигізбейді. Қарағанды көмірі өңірлерге жіберіледі. Бірақ экспорт көлемі аз, - деп жауап берді.

Келесі сұрақ Қарағанды облысының инвестициялық климатына бағытталды. 2020 жылдың 10 айында Қарағанды облысына 530 млрд теңге инвестиция тартылыпты. Облыста осы қаражатқа 45 инвестициялық жоба жасалып жатыр. Инвестициялық жобалардың 83%-ы – жеке меншік. 

Жыл аяқталғанша тағы 11 жаңа өндіріс іске қосылады. 2,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады. Бүгінде өңір экономикасы дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамиканы көрсетуде. Облыстың ЖӨӨ-дегі өнеркәсіп үлесі 50%-дан асады. 10 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,4 трлн теңгені құрап, 2,4%-ға өсті, оның ішінде өңдеу секторында - 4,6%-ға өсті, - деді Жеңіс Қасымбек.

Қарағанды облысындағы әйгілі «АрселорМиттал Теміртау» және «Қазақмыс» - жүйе құрушы кәсіпорындары Қазақстан бюджетіне кіріс әкелетін бірден бір ірі кәсіпорындар. Қазір әлемдік нарықта мыс пен болат құнының бағасы өскен. Жыл қорытындысы бойынша оң динамиканы 103%-ға дейін қамтамасыз ету жоспарлануда.

Машина жасау өндірісінде де өсім байқалады. Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Саран қаласында бұрынғы РТБ зауытының базасында «Yutong»деп аталатын қытайлық компаниясының қатысуымен автобустар мен арнайы техника өндіру жөніндегі жобаның жұмысы жасалып жатыр.

Автобустар өндірісінің бірінші кезеңі біртіндеп 2021 жылы ұсақ торапқа ауыса отырып, ірі торапты жинау әдісімен жүзеге асырылатын болады. Бірінші автобус осы жылдың соңында конвейерден шығады. Сондай-ақ, кәсіпорын базасында қуаты жылына 3,5 млн шина жасайтын «Татнефть» трансұлттық компаниясымен бірлесіп автомобиль шиналарын өндіру жөніндегі зауыттың ашылуына дайындық жүріп жатыр. Зауыт құрылысы 2021 жылдың наурыз айында басталады. Бұл жобалар басталса, облыс экономикасын әртараптанады, әрі машина жасау үлесі 2 есеге артады, - деді әкім.

Қарағанды облысының агроөнеркәсіптік кешенінде жалпы сомасы 33,3 млрд теңгелік 31 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Ауыл шаруалығында 1 567 жұмыс орны құрылды. Әкімнің айтуынша, мал шаруашылығы да тұрақты дамып, мал басы мен өнім өндірісі артып келеді. Биыл ауыл шаруашылық тауар өндірушілері 270 мың тоннаға жуық картоп пен 53 мың тонна көкөніс жинады. Өңірдегі барлық 126 көкөніс сақтау қоймасы толтырылған. Сондай-ақ резервтік және тұрақтандыру қорлары құрылды: астық - 36,3 мың тонна, картоп - 4 051 тонна және көкөніс – 660 тонна. Облыста азық-түлік тауарларының тапшылығы жоқ, - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Бұдан бөлек брифинг барысында шағын және орта бизнестің жағдайы айтылды. Биылғы пандемия шағын және орта бизнестегі сауда және қызмет көрсету салаларын тығырыққа тіреді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қарағандыда 2,8 мың кәсіпкерге қаржылық қолдау көрсетілді, 2,3 мың адам бизнес жүргізу егіздеріне оқытылды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында облыстың ШОБ-і өнім шығару көрсеткішінің 4%-ға өсуін қамтамасыз етті, 2 200 тұрақты жұмыс орны құрылды. Жыл басынан бері тұрақты түрде жұмыс істеген 89 078 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Осы жылы Қарағандыда мемлекеттік бағдарламалармен 33 000 жаңа жұмыс орны ашылған. Жыл басынан бері жұмыспен қамту органдарына 41 мыңнан астам жұмыс іздеп келген, олардың 35 мыңнан астамы жұмысқа орналастырылды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 140 елді мекенде инфрақұрылым біршама дамыған. Бұлжобаларда 16 мың жұмыс орны құрылды.

Қарағанды өңірі халқының үштен бірі шағын және орта бизнес саласында жұмыс істейді. Жыл басынан бері жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 89 078 бірлікті құрады.

Шағын және орта бизнестегі сауда және қызмет көрсету салалары пандемияға байланысты қиын жағдайға тап болды. Президенттің тапсырмасы бойынша 2,8 мың кәсіпкерге қаржылық қолдау көрсетілді, 2,3 мың адам бизнес жүргізу егіздеріне оқытылды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында облыстың ШОБ-і өнім шығару көрсеткішінің 4%-ға өсуін қамтамасыз етті, 2 200 тұрақты жұмыс орны құрылды. Карантинде көптеген кәсіпкерлер онлайн-сауда мен жеткізілімге көшті. Жыл қорытындысы бойынша электрондық сауданың кем дегенде 3 есе өсуі күтілуде.

Еңбек нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін мемлекеттік бағдарламалардың барлық әлеуеті пайдаланылады. Жыл басынан бері Жұмыспен қамту органдарына 41 мыңнан астам адам жүгінді, олардың 35 мыңнан астамы жұмысқа орналастырылды, ал «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын іске асыру 140 елді мекенде инфрақұрылымның дамуына серпін берді. Инфрақұрылымдық жобаларда 16 мың жұмыс орны құрылды.

Бизнесті бұрынғы қарқынмен қалпына келтіру – жыл сайынғы 10-15% өсімді - кәсіпкерлерді «Бизнестің жол картасы 2025», «Қарапайым заттар экономикасы», «Еңбек», ШОБ субъектілерін жеңілдікпен несиелеу және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» сияқты мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға белсенді тарту есебінен қамтамасыз етуді жоспарланып отыр. Жалпы биыл Қарағанды облысында барлық мемлекеттік бағдарламалар аясында 33 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады, - деді ол.

Жеңіс Қасымбек Қарағанды халқының баспанамен қамтамасыз етілуі жайында баяндады. Облыста тұрғын үйлер салыну жұмысы артқан. 2020 жылы баспана салу құрылысы 105,5%-ды құрады, оның ішінде тұрғын үйді қолданысқа беру қарқыны 10,3%-ға немесе 391,6 мың шаршы метрге ұлғайды. Соның әсерінен кезекте тұрған баспанаға мұқтаж тұрғындар саны 6%-ға азайды.

Жыл соңында 600 мың шаршы метрді қолданысқа беруді жоспарладық. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 25%-ға артық. Биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасын 560 отбасы пайдаланды. Жыл соңына дейін барлық бағдарламалар мен демеушілік көмек есебінен 2 676 отбасы, оның ішінде 653 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етіледі, - деді ол.

Айтпақшы, соңғы екі аптада Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында мемлекеттік бағдарлама аясында берілген пәтерлерді кері қайтарып алуда деген әңгімеге қатысты әкім тарапынан ресми жауап та бүгін айтылды

Жезқазғанда 13 отбасы, Сәтбаевта 9 отбасына берілген үйлер қателесіп берілген. Бұл әрекеттің жаңа әкімге қатысы жоқ. Жезқазғандағы бұл тұрғын үй 2018 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында салынған. Ондағы пәтерлер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілген. Қазіргі уақытта ол жерде қателік кеткені анықталды. Оны бәрі мойындап отыр. Яғни ол тұрғын үй бюджеттік мемекемелердің қызметкерлеріне арналмаған. Бұл қателікке қарамастан ешкім берілген баспанадан шығарылмайды. Алдымыз қыс, біз қазір ешкімді үйден шығармаймыз. Басқа да үйлер салынып жатыр. Сол баспаналар алдағы желтоқсан айында және келесі жылдың көктемі мен жазында тұрғындарға беріледі. Яғни бұл тұрғындар жаңа үйге көшіріледі. Ешкім де далада қалмайды. Осы істі дұрыс жүргізбеген шенеуніктерге сөгіс жарияланады, - деді Ж. Қасымбек.

Әкім Қарағанды облысының коронавирустың екінші толқынына дайындық туралы айтты. Облыста вирусты анықтауға арналған ПТР тесттің саны көбейді. Жалпы өңір бойынша қуаттылығы тәулігіне 10 мың зерттеуге дейін жасай алатын 8 ПТР-зертхана жұмыс істейді, үш айлық дәрі-дәрмек қоры қамтамасыз етілді және ауруханаларды жарақтандыру күшейтілді. Осы жылы облыста ауруханалар, санаторийлер мен жатақханалар базасында 47 госпиталь ашылды.

Биыл өңірде 49 денсаулық сақтау нысаны жөнделді, оның ішінде Теміртау, Шахтинск, Балқаш және Абай қалаларындағы инфекциялық ауруханалар мен бөлімшелер жөндеуден өтті. Жезқазғанда 200 орындық модульді госпиталь салынды. Қазір стационарларда 364 аппарат бар. 25 госпитальде орталықтандырылған медициналық газ беру жүйесі орнатылған, - деді Қарағанды облысының әкімі.

Қарағанды облысындағы Қарқаралы қаласының мәртебесіне қатысты қойылған сауалға әкім жауап берді. Айтуынша, Қарқаралының қала мәртебесіне қатысты сауал Қарағанды әкімдігіне де, Ұлттық экономика министрлігіне де түскен.

Қазір Қарқаралыда 9 мыңдай адам тұрады. Ал жалпы нормативке сәйкес қала мәртебесі берілуі үшін, онда 12 мыңнан астам адам тұруы тиіс. Бірақ Қарқаралының орны ерекше, сондықтан да біз бұл мәселе бойынша министрлікпен де, Үкіметпен сөйлестік. Қарқаралы қала статусынан айырылмайды, өзгеріссіз қала береді, - деді әкім.

Жеңіс Қасымбек сонымен қатар Қарағанды мектептеріндегі техникалық базаның жаңарғанын айтты. Пандемия салдарынан үйден білім алып жатқан оқушылар компьютерлермен толық қамтамасыз етілген.

Облыста 203 мың оқушы оқитын 504 мектеп бар. Олардың 60%-ы қашықтан оқып жатыр. Сонымен қатар, 5 мың кезекші сынып құрылды, онда бастауыш сынып оқушыларының 38%-ы оқиды. Сондай-ақ, шалғайда орналасқан 228 ауылдық мектеп штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Барлық мектепте жалпы саны 47,5 мыңнан астам компьютер бар. Сонымен қатар, аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларды интернетпен қамтамасыз ету үшін 6 мыңға жуық роутер таратылды. Одан бөлек, жергілікті бюджет қаражаты есебінен 58,2 млн теңгеге 3 216 модем сатып алынып, 2 812 бала үшін 26,9 млн теңгеге теңгерім толтырылуда, - деп есеп берді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек.

Барлық жаңалықтар
// (function(m,e,t,r,i,k,a){m[i]=m[i]||function(){(m[i].a=m[i].a||[]).push(arguments)};m[i].l=1*new Date();k=e.createElement(t),a=e.getElementsByTagName(t)[0],k.async=1,k.src=r,a.parentNode.insertBefore(k,a)})(window, document, "script", "https://mc.yandex.ru/metrika/tag.js", "ym");ym(34776295, "init", {clickmap:true,trackLinks:true,accurateTrackBounce:true,webvisor:true,trackHash:true});//
5.255.253.106, 192.168.88.100