• Басты
  • Ә.Ермұхамбетова: Жас зерттеушілердің нетуоркинг алаңына айналдық
31 Қазан, 2019 09:09

Ә.Ермұхамбетова: Жас зерттеушілердің нетуоркинг алаңына айналдық

Осыдан бір жыл бұрын жас ғалымдардың бір-бірімен танысып, тәжірибе алмасып, бірігіп ғылыми жобаларды жүзеге асыруы үшін Жас ғалымдар альянсы құрылған еді. Бүгінгі күні қауымдастықтың құрамында 200-ден астам жас зерттеуші мен ғалым бар. Жастар жылы аясында аталған қауымдастықтың жұмысымен танысуды жөн көрдік. Бір жыл ішінде қандай жобалар жасалды, немен айналысты, қауымдастықтың болашақтағы жоспарлары қандай деген сықылды сауалдарға НУ-дың постдокторанты, Жас ғалымдар қауымдастығының төрағасы Әсия Ермұхамбетова жауап берді,деп хабарлады Strategy2050.kz.

Ә.Ермұхамбетова: Жас зерттеушілердің нетуоркинг алаңына айналдық

Әсия, мұндай жас ғалымдардың қауымдастығын құру идеясы қайдан келді? Жалпы, қазіргі күні аталған альянс немен айналысып жатыр?

Шетелден докторантура бағдарламасы бойынша оқуымды тәмәмдап, Қазақстанға оралғаннан кейін мен білімімді ғана емес, сонымен бірге Ұлыбританияда жинақтаған тәжірибеммен де бөліскім келді. Ұлыбританияда ғалымдар түрлі қауымдастықтар құрып, әртүрлі кездесулер ұйымдастырады. Сондай-ақ басқа да сала мамандарымен жүздесіп, кафедралармен бірлесіп, өз зерттеу жұмыстарымен таныстырады. Ғылымдағы жетістіктерін, ашқан жаңалықтарымен бөлісіп, кеңінен таратуға тырысады. Біз де осындай орта қалыптастыру мақсатында 2016 жылы шетелдік университеттерде білім алған қазақстандық докторанттар мен НУ-дың докторанттары жас ғалымдардың ортақ кеңесін құрамыз деп шештік. Ол кезде Назарбаев Университетіне ғылымға қызығушылық танытатын белсенді жастардың бір тобы жиналған еді.

Сөйтіп, 2018 жылдың сәуір айында Анар Молкенова, Бейбіт Әбдікенов, Серік Тоқболат, Әшіргүл Қожағұлова, Ақнұр Байбатырова, Әйгерім Рахымжанова, Арай Ильясова-Шенфельд, Дияр Токмурзин және басқалармен бірігіп "Жас зерттеушілер альянсы" қоғамдық бірлестігін құрдық. Осылайша, тек ұқсас жобаларды ғана емес, сонымен қатар жас ғалымдарды, студенттерді, дәрігерлерді және ғылыми қызметін енді бастаған жас мамандарға да қолдау көрсетуді қолға алдық.

Шетелде біліміңді жетілдіргенің жайлы айтып қалдың, қай елде және қандай мамандықта білім алдың?

2009 жылдың қаңтарында мен халықаралық "Болашақ" бағдарламасының стипендианты атандым. Сөйтіп, Лондон университетінің (UCL) химиялық инженерия мамандығы бойынша магистратураға оқуға түстім, онда мен энергияны сақтау, баламалы энергия, қалдықтарды басқару секілді түрлі салалалармен таныстым. Менің сол жерде ойға түйгенім, үйренгенім, сондай-ақ белсенді түрде зерттеумен айналысатын профессорлармен танысып, дәріс алуым - менің ғылым саласына деген қызығушылығымды арттырды. Оқуымды бітірген соң Назарбаев университетіне жұмысқа тұрдым. НУ-дың Инженерлік мектебінде ассистент-оқытушы болып жұмыс істедім. мамандығымды университетпен және академиялық ортамен байланыстырғым келді. Сөйтіп,  туралы шешім қабылдағаннан кейін, университет қызметкерлеріне арналған Talap бағдарламасы бойынша шетелде оқуымды жалғастырдым. Осылайша мен Лондон университетінде химиялық инженерия бойынша докторлық диссертациямды қорғадым. Оқып жүргенде литий-күкірт батареяларының жаңа буынымен жұмыс істедім, зерттеу кезінде біз рентгендік томографияны қолдану кезінде литий күкірт электродының құрылымы туралы толық ақпарат алдық.

Қазіргі таңда қандай ғылыми жобаларды қолға алдың?

Қазір мен Назарбаев Университетінде постдокторлық студент ретінде жұмыс істеймін. Бір семестрде бір-екі пәннен ғана сабақ беремін, ал қалған уақытымды зерттеу жұмысыма арнаймын. Мен кеуекті оңтайлы емес құрылымдарды зерттеумен айналысамын. Атап айтқанда, аккумуляторлар, отын ұяшықтары, суперкапакаторлар сияқты энергия сақтау жүйелеріндегі көлік құрылымын зерттеймін. Сонымен бірге, менің тағы бір ғылыми жобам -бірі - гибридтік энергия сақтау жүйелерін зерттеу. Себебі қолданыстағы электрохимиялық сақтау технологияларының ешқайсысы энергияның да, қуаттың да қажеттілігін бір уақытта қанағаттандыра алмайды. 

Осы ғылыми жобаларды жүзеге асыру барысында қандай қиындықтар кездесті? Қазақстандағы ғылым саласының дамуына не кедергі? Жас зерттеушілер жобаларын іске асыру кезінде нендей проблемарлармен бетпе-бет келеді? 

"Шетелде білім алып, әлемге танылған ғалымдармен жұмыс істеп жүргенде біздің де солармен теңдей бәсекеге түсіп, ғылымға жаңалық әкеле алатынымызды түсіндім. Алайда, ол үшін инфрақұрылыммен қатар ғылыми орта да қажет бізге. Дегенмен, қазір Назарбаев Университетінде ғалымның жұмысына барлық жағдай жасалған. Бұл барлық қазақстандықтар үшін үлкен мүмкіндік. Алайда, қиындықтар да жоқ емес. Біз жобаларды іске асыру барысында қажетті ресурстарға, гранттар мен мамандарға келгенде біраз қиындықтарға тап боламыз. Эксперимент жасау кезіндегі негізгі мәселелердің бірі - құрал-жабдықтар мен материалдардың жетіспеушілігі, атап айтқанда, олардың бізге жеткізілуіне ұзақ уақыт керек, сондай-ақ олардың бағасы да арзан емес.

Сол сияқты зерттеуге керекті ресурстардың жетіспеушілігі, өнеркәсіп тарапынан ғылыми зерттеулерге деген қызығушылықтың төмендігі, гранттарды бөлу жүйесінің жетілмегені секілді мәселелер бар.

Біз, қауымдастықтың жас ғалымдары өз кездесулерімізде еліміздің ғылыми саладағы қиындықтары туралы айтып қана қоймай, сонымен қатар Қазақстандағы ғылымның дамуына өз ұсыныстарымызды айтып, мәселенің шешу жолдарын да қарастырамыз. Біздің жастардың ғылымға деген қызығушылығы, потенциалының, сондай-ақ "Болашақ" бағдарламасы, Назарбаев Университеті сияқты жобалардың арқасында отанымыздағы ғылымның болашағы мен мүмкіндіктері зор екеніне сенімдімін.

Қауымдастықтың қазіргі бағыты, болашақтағы жоспарлары туралы айтып берсең. 

Қазіргі таңда Альянстың бағыты қалыптасты. Қауымдастыққа 200-ден астам жас ғалым мен ғылымға қызығатын басқа саланың мамандары мүше. Біз тек ғалымдармен ғана шектелмейміз, сондай-ақ қатарымызда ғылыми әдістерді өз жұмыстарында қолданып, ғылыми мәселелерге қызығушылық танытатындар да бар. Болашақта ғылымды университеттен тыс жерлерде де насихаттау үшін қосымша форматтағы семинарлар өткізу жоспарда бар. Бұдан бөлек, биыл біз ғалымдарға арналған қосымшаны (app) шығаруды жоспарлап отырмыз, оның мазмұны, құрылымы бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен бірге ғылыми-зерттеу қызметін енді бастағандарға арнайы курстарды әзірлеу үстіндеміз. Сондай-ақ басты мақсатымыздың бірі - проблемаларды шешу үшін жас зерттеушілер мен мамандардың бір-бірімен тығыз байланыста болуын, нетуоркинг алаңы болуды жалғастыру. 

Сұхбатыңызға рахмет!

Назерке Сүйіндік

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды