• Басты
  • Ә.Ерғалиев: Ел экономикасы 2,7%-ға өсті

Ә.Ерғалиев: Ел экономикасы 2,7%-ға өсті

11 Тамыз, 2021 10:49

ҚР әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша 2021 жылғы қаңтар-шілдедегі қорытындылары туралы ҚР үкімет отырысына Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баян етті. Оның дерегінше, ағымдағы жылдың қаңтар-шілде айларында Қазақстан экономикасы жедел қарқынмен қалпына келе бастаған және қазіргі таңда 2,7% өсімді көрсетіп отыр. Толығырақ Strategy2050.kz тілшісінің материалында.

Министр Әсет Ерғалиевтің мәлімемінше, қаңтар-шілдедегі негізгі трендтер бойынша нақты сектордағы динамикалық және тұрақты өсім қызмет көрсету секторындағы динамиканың жеделдеуі, өндіруші емес секторлардағы инвестицияның жоғары өсуі, сауда балансының оң сальдосының сақталуы байқалған. Ал, нақты сектор экономиканың орнықты даму факторы болып отыр. Осы жылдың қаңтар-шілдесінде нақты сектордағы өсім 3,6%-ға дейін жеделдеген.

«Іскерлік белсенділік қызмет көрсету саласында 2,0%-ға дейін өсті. Салалар арасында ақпарат және байланыс, құрылыс, сауда, сумен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі, электрмен жабдықтау жоғары өсім көрсетуде. Сондай-ақ ауыл шаруашылығында да жақсы өсім байқалып отыр», - деді министр.

Инвестиция тарту қай өңірлерде артты

Оның айтуынша, экономикалық өсудің маңызды факторы ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту. Оның ішінде өндіруші емес салаларда инвестиция тарту белсенділігі байқалған. 

«Осыған байланысты, есепті кезеңде тау-кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, негізгі капиталға инвестициялардың өсу қарқыны 18,3%-ды құрады. Инвестиция құрылыс саласында – 2,3 есеге, өңдеу өнеркәсібінде – 83%-ға, ақпарат және байланыста – 48%-ға, ауыл шаруашылығында – 46%-ға, саудада – 40%-ға, жылжымайтын мүлікпен операциялар 16%-ға және көлікте – 8,3%-ға өсті», - деді Әсет Ерғалиев.

Оның сөзінше, өңірлер арасында ең жоғарғы көрсеткіш Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Шымкент және Алматы қалаларында байқалып отыр.

Экспорт және импорт

Министрліктің мәліметінше, ағымдағы жылғы қаңтар-маусымда сыртқы сауда тауар айналымы 45,3 млрд АҚШ долларын құрап, оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 27 млрд АҚШ долларын құраған. Бұл ретте, өңделген тауарлар экспорты 25%-ға, яғни 8,9 млрд АҚШ долларына дейін өскен. 

«Тауарлар импорты 18,3 млрд АҚШ долларын құрады. Жалпы, сауда балансы 8,7 млрд АҚШ долларын құрап, оң деңгейінде сақталды», - деді министр.

Өңдеу өнеркәсібі

Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібі тұрақты өсу үрдісін сақтап отыр. Өндіріс көлемі 5,9%-ға өскен.

«14 өңір оң өсу көрсетті. Ең жоғарғы өсу Алматы қаласында, Алматы және Қостанай облыстарында байқалуда. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша фармацевтикалық өнім өндіру 39%, машина жасау – 22,7%, оның ішінде автомобиль жасау – 34,7%, вагондар мен локомотивтер өндірісі – 37,7%, құрылыс материалдары – 13,2%, пластмасса бұйымдары – 24,7%, дайын металл бұйымдары – 20,4% серпінді өсуді көрсетіп отыр», - деді Әсет Ерғалиев.

Ағымдығы жылдың жеті ай ішінде орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 11,1%-ға өсіп, құрылыс секторы жоғары қарқын көрсетіп отыр. Көрсеткіштің оң өсімі барлық өңірлер бойынша тіркелген. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең жоғары өсмі Түркістан және Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалады.

Тұрғын үй

Министрдің дерегінше, тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша да оң динамика байқалуда. Ағымдағы жылғы қаңтар-шілдеде 7,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Көрсеткіштің өсмі 10,3%-ды құраған.

«Есепті кезеңде барлық өңірлер оң өсім көрсетті. Ең жоғарғы өсім Атырау, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалады. Ауыл шаруашылығында 2,4% өсім байқалуда. 13 өңірде оң динамика тіркелді. Ең жоғары өсуді Ақмола, Жамбыл және Павлодар облыстары көрсетті», - деді министр. 

Сонымен бірге, министр жергілікті атқарушы органдарға келесі шараларға назар аударуды ұсынды:

1.   Белсенді түрде инвестициялар тарту, инвесторлармен нақты жұмыс жүргізу, әрбір инвестициялық жобаның экономикалық тұрғыда тиімділігін арттыру.

2.   Шағын және орта бизнеске байланысты мемлекеттік қолдау құралдарын тиімді түрде іске асыру және ASHYQ жобасын кеңейту.

3.   Уақытылы егін жинауды және құрылыс жұмыстарының маусымын тиімді жүргізуді қамтамасыз ету.

4.   «Еңбек» және «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламалары шеңберінде тұрақты және уақытша жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету.

5.   Азық-түлік тауарларына тұрақты мониторинг және бағаның шамадан тыс өсуін тежеу бойынша шаралар қабылдау.

Оның сөзінше, жоғарыда аталған шараларды іске асыру еліміздің макроэкономикалық тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік бермек.

Бұдан бөлек, ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев аағымдағы жылғы 7 айдың қорытындылары бойынша мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштері туралы баяндады.

Кірістер бойынша

Оның мәліметінше, мемлекеттік бюджетке 5 трлн 832 млрд теңге сомасында кіріс түсті немесе жоспар 105,8%-ға атқарылған. Ал, республикалық бюджетке 3,6 трлн теңге түскен немесе жоспар 100,1%-ға атқарылған.

«Жалпы, кірістер бойынша жоспар 4 млрд теңгеге асыра орындалды, оның ішінде салықтар бойынша 3 млрд. теңгеге атқарылмады. Салықтар бойынша атқарылмаудың негізгі сомалары импортқа қосылған құн салығына, корпоративтік табыс салығына, мұнайға экспорттық кеден бажына және пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салыққа тиесілі болды», - деді министр.

Оның айтуынша, импортқа қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмауы Қазақстан Республикасының үшінші елдермен тауар айналымының 2020 жылдың 1-жартыжылдығымен салыстырғанда 1,7%-ға немесе 593 млн долларға төмендеуіне байланысты болды. Ал, корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 2021 жылғы қаңтар-шілдеде 744 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28%-ға азаюына байланысты.

«Шикі мұнайға экспорттық кеден бажы бойынша жоспардың орындалмауының негізгі себебі Теңіз кен орнында шикі мұнай өндіру көлемінің төмендеуі болды. Пайдалы қазбалар өндіруге салынатын салық бойынша жоспардың орындалмауы жерасты суларына мөлшерлеменің төмендеуіне және пайдалы қазбаларды өндіру көлемінің азаюына байланысты болды. Дегенмен, өткізу бойынша айналымдардың 1,6 есе ұлғаюына байланысты ішкі өндіріс тауарларына салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспар асыра орындалды», - деді Ерұлан Жамаубаев.

Бұл ретте, оның сөзінше, қайтару сомасы 8,3%-ға өскеніне қарамастан, қосылған құн салығын қайтару бойынша бизнес алдындағы міндеттемелер уақтылы орындалуда. Ал, салықтық емес түсімдер бойынша жоспарды асыра орындау негізінен мемлекеттік органдар салатын айыппұлдар, өсімпұлдар, санкциялар және өндіріп алулар бойынша қамтамасыз етілген.

«Негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер бойынша жоспар негізінен аукцион өткізу жолымен мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтарын сату есебінен асыра орындалды. Өткен жылы материалдық құндылықтардың негізгі бөлігі басқа мемлекеттік органдардың балансына өтеусіз берілді, яғни материалдық құндылықтарды сату жүзеге асырылмады», - деді ол.

Оның айтуынша, жергілікті бюджеттердің кірістері 116,8%-ға атқарылды және 2 трлн. 191 млрд теңгені құраған. Жоспар 315 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша – 264 млрд теңгеге асыра орындалған. Сонымен қоса, кірістер бойынша да жоспарлар барлық өңірлерде асыра орындалған.

Шығыстар бойынша

Министрдің мәліметінше, мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99,3%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары –99,8%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,7%-ға атқарылды. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда бюджеттердің барлық деңгейлерінде атқарылу көрсеткіші жоғары.

«Республикалық бюджет бойынша сомасы 8,6 трлн. теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 17 млрд. теңгені, оның ішінде үнемдеу 5 млрд. теңгені құрады. Игерілмегені - 12 млрд. теңге. Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Денсаулық сақтау, Қаржы, Төтенше жағдайлар мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінде қалыптасты», - деді министр.

Игерілмеудің негізгі себептері:

- шарттарды қазынашылық органдарына тіркеуге кеш ұсыну;

- төлем жөніндегі құжаттарды ұзақ келісу;

- орындалған жұмыстардың актілерін, шот- фактураларды уақтылы ұсынбау;

- конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу;

- сот талқылауларының болуы.

«Жергілікті бюджеттердің шығыстары 4,5 трлн. теңгені құрады. 58 млрд. теңге атқарылмаған. Ағымдағы жылы өңірлерге 2,5 трлн. теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. 1 тамызға оларға 1 трлн. 160 млрд. теңге бөлінген. Оның 98,2%-і игерілді. Атқарылмаған – 21 млрд. теңге, оның ішінде үнемдеу – 3 млрд. теңге, игерілмегені - 18 млрд. теңге. Ең көп игерілмеу: Нұр-Сұлтан қаласы, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында қалыптасты», - деп толықтырды ол.

Мемлекеттік аудит бойынша

Министрдің айтуынша, ағымдағы жылғы 7 айдың ішінде камералдық бақылаумен сомасы 4,9 трлн теңгеге 583 мың мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылған. Тексеру қорытындылары бойынша 17 мың рәсім бойынша бұзушылықтар анықталды.

«Мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы 16,5 мың хабарламаны орындады. 1 978 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен 1 трлн. 340 млрд. теңге бюджет қаражаты қамтылды. 139 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар анықталды», - деді министр.

Тауарларды жеткізумен, қызметтерді көрсетумен және жұмыстарды орындаумен қалпына келтіру, бюджетке өтеу және есепте көрсету жолымен 90 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылған. Аудит объектілері қызметін жетілдіру және тиімділігін арттыру үшін 1 775 ұсыным берілген.

Мемлекеттік активтерді басқару

Мемлекеттік активтерді жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 733 объектіні сату көзделген. Есепті кезеңде сомасы 25 млрд теңгеге 78 объект сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді.

«70 объект сатылымға қойылды. 5 объекті таратылуға жіберілді. Алдағы уақытта 520 объектіні өткізу керек. Есепті кезеңдегі мемлекеттік қаржының атқарылу нәтижелері осындай», - деп түйіндеді министр.

Барлық жаңалықтар