• Басты
  • Ядролық қарусыз әлeм жoлындағы көшбaсшылық және мемлекет қауіпсіздігін нығайту
7 Тамыз, 2020 14:32

Ядролық қарусыз әлeм жoлындағы көшбaсшылық және мемлекет қауіпсіздігін нығайту

Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан ядролық қауіпсіздік саласындағы бастамаларға белсенді түрде қатыса отырып, қарусыздану және ядролық қаруды таратпау саласында жүйелі әрі жауапты саясат жүргізіп келеді. Бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған уақытқа қарамастан, 1991 жылғы 29 тамызда Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев әлемдегі ең ірі Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойып, үлкен батылдық танытты. Бұл, шын мәнінде, қазақстандықтар арасында ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастық тарапынан кең қолдау тапқан тарихи шешім еді.

Ядролық қарусыз әлeм жoлындағы көшбaсшылық және мемлекет қауіпсіздігін нығайту

Еліміз үшін және бүкіл әлем үшін Семей полигонындағы ядролық сынақтар тарихы – ядролық қаруды таратуға жол беруге болмайтынының айқын дәлелі. Қырық жыл ішінде сынақ полигонының аумағында 456 ядролық және термоядролық жарылыстар жасалып, қазақстандықтардың денсаулығы мен еліміздің қоршаған ортасына орны толмас залал келтірілді. Елбасы 1992 жылдың қазанында БҰҰ-да сөйлеген сөзінде, осынау ажалдың апанын жапқанымызды, бірақ аймақты сауықтырып, зардап шеккендерді емдеу, нәрестелерді қатерден қорғау үшін мол қаржы керек екенін атап көрсетті. Семей полигонын жабу ядролық сынақтарға тыйым салу жөніндегі Қазақстан бастамалары әлемде жаппай халықаралық қозғалысқа ұласты, нәтижесінде БҰҰ Бас Ассамблеясының 64-ші сессиясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні деп жариялау жөнінде қарар қабылдады.

Алайда, полигонды жауып, ядролық сынақтардан бас тартса да, Қазақстан әлемде ядролық арсеналының көлемі жағынан АҚШ, Ресей мен Украинадан кейін төртінші орында болды, сондай-ақ, еліміздің аумағында биологиялық қаруды өндіру мен сынақтан өткізу жөніндегі инфрақұрылым объектілері және химиялық кешеннің бұрынғы әскери кәсіпорындары қалған еді. 1991 жылдың соңында республика аумағында 1216 ядролық оқтұмсық пен ауыр бомбалаушы ұшақтарға арналған ядролық зарядтардан тұратын жаппай қырып-жою қаруының орасан зор арсеналы болды. Бұл сол кезде Ұлыбританияның, Франция мен Қытайдың оқтұмсықтарын қосып есептегеннен де көп болатын. Алайда, Қазақстанның басты артықшылығы – жаппай қырып-жоятын қару-жарақтың мол қорында емес, керісінше, ашықтықта, бейбітшілікте, саналы ой-сана мен моральдық беделдікте болды.  Ол ядролық қарусыз мемлекетті жүздеген, тіпті мыңдаған оқтұмсығы бар мемлекеттерден де қауқарлы күшке айналдыра алатын. Ұзақ мерзімді ұлттық қауіпсіздікті нығайту үшін қатерлі қарудан бас тартудың мұндай саясаты барлық замандарда да өзгелерге үлгі болуға тиіс.

 1994 жылдың қазан-қараша айларында АҚШ Қазақстаннан (Өскеменнен) Америкаға 600 килограм жоғары байытылған уранды алып кету жөніндегі «Жақұт» операциясын іске асырды. 1994 жылдың 5 желтоқсанында Будапештте өткізілген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) саммитінде Қазақстан, Ресей, АҚШ және Ұлыбритания басшылары Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге қосылған елдердің қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы Меморандумға қол қойды. Соңынан Қазақстанға мұндай кепілдікті, Франция мен Қытай сияқты, басқа да ядролық мемлекеттер берді. Бұл әлемдік қоғамдастықтың Қазақстанның өз міндеттемесін орындауын мойындайтынын және оған жауап есебінде қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығына кепілдік беретінін білдіретін. 1995 жылдың мамыр айының соңына қарай Қазақстан аймағындағы ядролық қару толық жойылды немесе әкетілді, баллистикалық зымырандардың шахтадағы қондырғылары да жойылды. Осылайша, сол кезде ядролық қарусыздану үдерісін бастаған Қазақстан өзінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімі бойынша осындай аса ірі ядролық әлеуетінен өз еркімен бас тартты. Мұндай теңдесі жоқ шешім еліміздің ядролық қаруды таратпау және ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үдерісіне сүбелі әрі көпшілік мойындаған үлес болып қосылды.

Сонымен қатар, Қазақстанның Тұңғыш Президенті  ядролық қарудан азат аймақ құру жөніндегі белсенді жұмысын бастап кетті. Соның нәтижесінде 2006 жылдың қыркүйегінде Семейде Орталық Азия өңірін ядролық қарудан азат аймақ деп жариялау туралы шартқа қол қойылды. Бұл жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған маңызды ұжымдық үлес еді. Өңірдегі мемлекеттер өздерінің қарусыздану және қаруды таратпау қағидаттарына, сондай-ақ, қазіргі кезде аса өзекті болып отырған осы проблеманы шешу ісінде ашық ынтымақтастыққа әзір екендіктерін мәлімдеді. МАГАТЭ бұл құжатты Ядролық қаруды таратпау туралы шартты іске асыруға бағытталған нақты қадам және қарусыздану мен ядролық қаруды таратпаудың жаһандық үдерісіне қосылған сүбелі үлес деп бағалады. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун 2010 жылдың сәуіріндегі елімізге сапары барысында бұрынғы ядролық полигонның аумағында болып, Қазақстанның және ел Президентінің жаппай қырып-жою қаруын тарату қатерін азайтуға бағытталған іс-әрекетіне аса жоғары баға берді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылғы 12-13 сәуірде Вашингтонда және 2012 жылғы 26-27 наурызда Сеулде өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі бірінші және екінші саммиттер жұмысына қатысып, бірқатар тың бастамалар жасады. Олардың бірі – Біріккен Ұлттар Ұйымы шеңберінде Ядролық қарудан азат әлем туралы жалпыға ортақ декларацияны әзірлеу және қабылдау жөніндегі ұсынысы. Еліміз ядролық арсенал толық жойылғанға дейін оны кезең-кезеңмен қысқартуды жүзеге асыра білді.

2012 жылдың тамызында Астанада өткен «Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарудан азат әлемге» атты халықаралық конференцияның барысында Елбасы «ATOM» деп аталатын бірегей халықаралық жобаның іске қосылғанын жария етті. Бұл ауқымды жоба әлемдік қоғамдастыққа ядролық қаруды сынақтан өткізудің құжаттамалық түрде расталған апаттық гуманитарлық салдарлары жайлы, атап айтқанда, Қазақстанда жүргізілген ядролық сынақтардың салдарлары туралы ақпарат беруге бағытталған. Сонымен қоса, «АТОМ» жобасының басты миссиясы – ядролық сынақтарға түпкілікті тыйым салуға және ядролық қаруды барлық елдердің толық жоюына қол жеткізу мақсатында бірлескен жаһандық іс-қимылдар жасау.

 2015 жылы желтоқсан айында БҰҰ Бас Ассамблеясы ядролық қарудан азат әлемге жету туралы жалпыға бірдей Декларацияны мақұлдады. Қазақстанның бұл бастамасы  Жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың маңызды қадамы болды. 2015 жылдың тамыз айында Қазақстанда Аз байытылған ядролық отын (аз байытылған уран) банкін (МАГАТЭ) құру туралы келісімге қол қойылды, бұл да аса маңызды оқиғалардың бірі еді. МАГАТЭ-ге АБУ (НОУ) Банкін орналастыруға мүмкіндік бере отырып, Қазақстан, біріншіден – ядролық қару таратпау режимінің нығаюына, екіншіден – ядролық отынды қауіпсіз пайдаланудың мүлдем жаңа тетігін жасауда өзінің кезекті үлесін қосты.

 2017 жылдың 29 тамызында әлемдік қауымдастық жаһандық масштабтағы оқиғаның куәсі болды. Мұндай жоба тарихта алғаш рет жүзеге асты,  аз байытылған уран банкін жасау – атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануға қызмет етеді. Сондықтан да Қазақстан беделді ұйымның «Ядролық қауіпті азайту бастамасына» қолдау білдіріп, Банкті Өскемендегі Үлбі металлургия зауытында орналастыруға ұсыныс жасалды. Банкті құру – Ядролық қаруды таратпау келісімшартының әрбір қатысушысының Ұлттық бейбіт ядролық бағдарламаларын дамытудағы біртұтас құқығына зиян келтірмейді. АБУ Банкінің жобасы – бұл толық мәнінде экологиялық тұрғыдан негізделген және қауіпсіз екені ерекше маңызды. Банк кез келген әсерлерден, соның ішінде сейсмикалық жағдайлардан да қорғалатын болады. Көптеген ядролық жарылыстардың зардаптарын бастан кешкен Қазақстан үшін – бұл аса маңызды. Бейбіт атом энергетикасы зор перспективаға ие. Қазақстанда, түрлі бағамдаулар бойынша, әлемдік уран қорының 15–30 процент мөлшері сақталған. Біздің еліміз - уран өндіруші ірі өнеркәсіп болып табылады, технология мен инфрақұрылымға да ие. Демек, Қазақстан ХХІ ғасырда бейбіт атом энергетикасында маңызды рөлге ие болуға дайын. Қазақстанның қауіпсіз әлемді қолдаудағы көпжылдық қызметі 2016 жылы наурыз айында Вашингтонда өткен ядорлық қауіпсіздіктің төртінші саммитінде аталып, Ядролық қаруды «Таратпаудағы халықаралық көшбасшылығы үшін» арнайы марапатына ие болды. Біздің ел – ядролық қауіпсіздік сферасындағы өзінің биік мәртебесін тағы да бір рет айқындады. Бітімгершілік миссиясы – Қазақстанның сыртқы саясатының ажырамас құрамдас бөлігі болып табылады.

Жалпы, Елбасымыз осы жылдар ішінде халықаралық қатынастардың ядролық қарусыз жүйесін орнату бойынша орасан бастамалар көтеріп, мемлекетіміздің қауіпсіздігін нығайту үшін сүбелі істер атқарды.    Қазақстанның бастамасымен 29 тамыз күні «Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні» деп жарияланды. Елбасы үнемі өзінің еңбектерінде, мақалаларында, сөйлеген сөздерінде осы бағыттағы мәселенің шешімі бойынша нақты  межелерді айқындаумен келеді. Ол бастамалар  «Тарих толқынында», «Бейбітшілік кіндігі», «Сындарлы он жыл», «Ғалам­дық қо­ғам­дастықты түбегейлі жаңарту стратегиясы және өркениеттер серіктес­тігі» еңбек­терінде, 2010 жылы жарияланған «Жаһан­дық әлем және ядролық қауіп­сіздік» мақа­ласында, ядролық қару­сыз­дану бойын­ша Вашингтон, Сеул, Гаага сам­мит­терінде сөйлеген сөздерінде көрі­ніс тауып отырды. Сонымен қатар, Вашингтондағы ядролық қауіпсіздік жөніндегі төртінші саммит аясында «Әлем.ХХІ ғасыр» мани­фесі жария етілді. Менің ойымша, бұл та­рихи маңызы жоғары қадамдар болды.

Қазақстанның бітімгершілік бастамалары адамзаттың көз алдында жаһандық ядролық қауіпсіздіктің жаңа элементтеріне айналды. Қазақстан жаһанды биік мақсаттарға жүйелі түрде қадам басты: ХХI ғасырда адамзат баласына өлім себетін ядролық арсеналдарға орын болмауы тиіс. Сондықтан да 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақстанның басым бағыты - жаһандық ядролық қауіпсіздікті ілгерілету болып табылуы да заңдылық еді. Еліміз қолға алған бітімгершілік қадамдары Қазақстанның күрделі ядролық қарусыздану процесіндегі - ядролық қарудан азат әлем жолындағы көшбасшылық бағытының берік нығаюына ықпал етті.

 

Саясаттанушы,

Меруерт Кенжебайқызы 

Барлық жаңалықтар