• Басты
  • Қазақстандық жасөспірімдердің жыныстық сауаттылығы қандай

Қазақстандық жасөспірімдердің жыныстық сауаттылығы қандай

29 Қыркүйек, 2020 14:23

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы №6 емханада ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ұйымдастырумен жастарға қолайлы жыныстық және репродуктивті денсаулықты қорғау қызметтерін ұсыну үшін Жастар денсаулығы орталықтарын инвестициялаудың маңызына арналған дөңгелек үстел өтті. Шара аясында БАҚ өкілдеріне емхана жанынан ашылған жастар орталығымен таныстыру өтті, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.


Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің №6 қалалық емханасында «Жас талап» деп аталатын жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді. Орталық 2015 жылы ашылған. Осы күнге дейін 10 мыңнан аса жасөспірімге медициналық, психологиялық көмек көрсетіп келеді. Орталық сонымен қатар жыныстық жолмен берілетін аурулардың алдын алу шараларын, репродуктивті денсаулықты сақтау, жауапсыздық пен өз денсаулығына бей-жай қараудың салдары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.

Дөңгелек үстелген акушер-гинекологтар, урологтар, тәуелсіз мамандар, емхана басшылығы, әлеуметтік қзметкерлер мен мұғалімдер қатысты. Дәрігерлер күн сайынғы жұмыс тәжірибесінде жыныстық жәбір көрген мектеп оқушыларының жиі келетінін айтты. ҚР Президенті мен салалық минстрлік басшылары жастардың денсаулығы мен әл-ауқатына көңіл бөлу мен инвестиция тартудың қажеттігін ескеріп, тиісті шаралар қабылдап жатыр. 2019 жылдың қарашасында Найробиде өткен саммитте Қазақстан Үкіметі еліміздің әр аймағында жастар денсаулық орталықтарын қаржыландыру міндеттемесін растады. Еліміздің әр облысындағы осындай орталықтарда балалар мен жасөспірімдерге, жастарға ақпарат беру, қолайлы жыныстық және репродуктивті денсаулықты сақтау қызметтері ұсынылады.

Бүгінгі жиынның бас спикері БҰҰ жыныстық және репродуктивті денсаулықты қорғаудың бағдарламалық сарапшысы Серік Тәңірбергеновтің айтуынша, мұндай орталықтар жастар үшін өте қажет.

Әлеуметтік зерттеулерге сүйенсек, Қазақстанда өмір сүретін 15-19 жас аралығындағы жастардың үштен бірі жыныстық белсенді, бірақ олардың 91 %-ы адамның иммун тапшылығы вирусы мен жыныстық жолмен берілетін инфекциялар туралы ештеңе білмейді. Осы жас аралығындағы жастардың 14,8%-ы соңғы бір жылда жыныстық инфекция жұқтырған. Оның ішінде ең қауіпті ВИЧ инфекциясы да бар. Бұл аса күрделі проблема. Біз дені сау ұрпақты өмірге әкелуіміз үшін, қалаусыз жүктілік, білімсіздіктен болатын жыныстық инфекциялардың таралуын тоқтатуымыз керек. Ол үшін жастарды сауаттандыруымыз қажет, - деді маман.

Оның айтуынша, еліміздің әр аймағында менталитетке сәйкес балалардың жыныстық ақпараттануы әр қалай.

Балалар 13 жастан бастап жылдам әрі жан-жақты өседі. Бұлшық ет массалары мен сүйектері қатайып, өсумен қатар эндокринологиялық өсім де болады. Бұл дегеніміз жыныс жолдарының дамуы, психологиялық өзгеріс. Осындай кезде кейбір жас жеткіншек жыныстық дебютке жол береді. Осы жаста біз балаларды ақпараттандыруымыз керек. Кеңес заманында біз 9 сыныпта биология сабағында жыныстық тақырыпқа келгенде, мұғалімдер өз бетінше оқуды тапсыратын. Жыныстық сауаттылыққа арналған қыздарға арналған параграф пен ұлдарға арналған параграф бөлек өз бетінше оқытылды. Өйткені ұят! Қазіргі заманда мұның ұяттығы жоқ. Біз қызмет бабымен Түркістан облысының бірқатар аудандарында болдық. Сайран, Сарыағаш, Жетісай аудандарында жерглікті менталитет бойынша жастарға жыныстық сауаттылық туралы айтылмайды. Ал іс жүзінде дәл осы аймақтың адамдарына, әсіресе жасөспірімдеріне жыныстық сауаттылық қажет болып шықты. Өйткені, 15-19 жас аралығындағы жастардың басым бөлігі жыныстық байланыс орнатады. Біз колледждің бағдарламасына арнайы жыныстық сауаттылық курсын енгіздік. Бұл мәселе бойынша әр аймақ, елді-мекендерде жұмыс жүргізу өте маңызды, - деді ол.

 Серік Тәңірбергенов өсіп келе жатқан балаларды тазалыққа, ұқыптылыққа және жыныстық сауаттылыққа үйретуде аналардың рөлін ерекше атап өтті.

Бала өсіп, айналасын танып келе жатқанда, әр затты өз атымен атауды үйрету керек. Балаға жастайынан жыныс мүшелерінің атын, оған ұқыптылықпен қарау керектігін түсіндіріп отыру қажет. Қыз баланың жыныс мүшесін өзге нәрселердің атауымен атау қате. Бір елде мынадай жағдай орын алған: кішкентай қызға анасы жыныстық мүшесін "пішнәй" деп үйретеді. Және көпшіл бол, заттарыңды өзгелермен бөлісу керектігін өсіп келе жатқан баланың құлағына құяды. Бір күні қызы келіп анасына: Аға менің пішнәйімді сұрай береді – деп шағым айтады. Анасы бірден ұғына алмай: Пішнәйді өзгелермен бөлісіп жеу керек – дейді. Кейін ағасының балаға көрсеткен жыныстық шабуылы анықталғаннан кейін анасы балаға дұрыс үйретпегенін біліп, өкінеді. Сондықтан әр нәрсені өз атымен атау қажет, - деп мысал келтірді спикер.

Дөңгелек үстел қатысушыларына Жастар денсаулық орталықтарының жұмысы туралы бейнеролик көрсетілді. Орталық дәрігерлері, психологтары жастармен жұмыс істеудегі қиыншылықтарды айтты. Көп жағдайда өтпелі кезеңдегі жасөспірімдер тұйық, ұялшақ келеді. Олар өз проблемаларын ашық айта алмайды.

Жастардың жасөспірім шақтағы денсаулығы мен көңіл-күйі тек оның өмірін емес, бүкіл әлемнің болашағын айқындайды. Жасөспірімдердің денсауығына, біліміне, құқықтары мен мүмкіндіктеріне инвестиция құю – бұл болашаққа қойған инвестиция. Алайда, жасөспірімдік шақта әр адам бұрын бастан өкізбеген түрлі жағдайларға тап болады. Балалық шақтан ересек өмірге қадам жасайды.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, жастардың репродуктивті жағдайы оларға арнайы жағдай жасалған кезде сапалы қалыптасады. Жастар денсаулық орталығы – бұл қолжетімділік, ашықтық, құпиялылық және жасөспірімдерге негіздеоген кеңестер мен қызметтердің хлықаралық деңгейдегі интергациялық жүйесі. Кез келген мектеп оқушысы, колледж, университет студенті кез келген жағдайды біздің орталыққа келіп консультация ала алады, қажет жағдайда ем алады. Біз дәрігерлік құпиялылық сақталатынына кепілдік бере аламыз. Көп жас жеткіншек оның проблемасын ортасы, жақындары біліп қалудан қорқады. Сөйтіп, ішіне сақтап жүре береді. Мұның соңы жақсылыққа апарматынын түсінуіміз керек, - деді Серік Тәңірбергенов.

Қатысушылардың бірі жас акушер өзіне көмек сұрап келген пациенттің жағдайын мысал келтірді.

Жас қыздар маған келгенде бірінші сұрағы «Сізге сенуге бола ма? Ешкімге айтып қоймайсыз ба?». Жақында 13 жасар қыз бала келіп өзінің жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүр болғанын айтты. Оны әкесі зорлаған болып шықты. Кәмелеттік жасқа толмаған қыздың анасы мұндай кезде жанында болу керек. Келесі қабылдауға анасын ертіп келді. Анасы да қандай шешім қабылдарын, қайда барарын білмей тұр. Әкесі басқа әйелге кетіп қалған. Осындай жағдайға тап болған оқушыларға, студенттерге арнайы орталықтар қажет. Біз тиісті көмек беріп, жағдайды құпияды ұстаймыз, - деді акушер-гинеколог.

Болашақта Жастар денсаулық орталықтарының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшңн орталық қызметкерлерін стандарттау бойынша қосымша жұмыс жүргізу қажет болады. Орталықтардың кеңес беру – сауықтыру жұмыстары бірыңғай стандарттау жүйесіне өтіп, оңтайландырылады. Бұл стандарттар орталықтың көмегіне жүгінген жастардың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартуға, Жастар денсаулық орталықтарына қаржылыландырудың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажет.

Жастар денсаулық орталықтарын қаржыландыру мемлекеттік бюджет еебінен, азамттардың міндетті медициналық сақтандыруға төлеген жарналардың есебінен жүргізіледі.

Барлық жаңалықтар