• Главная
  • «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігіне 100 жыл
13 августа, 2020 11:44

«Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігіне 100 жыл

Адамзат кез келген уақытта ақпаратқа мұқтаж. Адамзаттың ақпараттық мұқтаждығын өтеуде газет-журнал, ақпарат агенттігі, телевизияның алатын орны орасан. Осы міндетті орындап келе жатқан «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің құрылғанына бүгін - 13 тамыз 100 жыл толды. Ақпарат агенттігінің тарихынан шолуды Strategy2050.kz тілшісі ұсынады.

«Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігіне 100 жыл

«Қазақпараттың» әр жылдағы атаулары

1920 жылдың тамыз айында қазақ тарихында алғашқы ақпарат агенттігі пайда болды. Агенттік РОСТА-ның Орынбор-Торғай бөлімшесі негізінде құрылды. Араға бес жыл салып агенттіктің аты «ҚазРОСТ» болып өзгертілген еді. Ал «ҚазРОСТ» 1937 жылы «ҚазТАГ» деген атпен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қарауына берілді. Арада 60 жыл өткенде, яғни, 1997 жылғы қыркүйектің 10-ында Қазақстан Президентінің №3629 Жарлығымен «Қазақ ақпарат агенттігі (ҚазАА)» республикалық қазыналық кәсіпорны болып өзгертілді. 2002 жылғы қарашаның 8-інде ҚР Үкіметінің №1186 қаулысына сәйкес ҚазААГ негізінде «Қазақ ақпарат агенттігі» Ұлттық компаниясы («ҚазАқпарат» ҰК) құрылды. 2008 жылғы шілденің 3-інде агенттік ҚР Үкіметінің №668 қаулысына сәйкес, «Арна Медиа» Ұлттық ақпараттық холдингі» акционерлік қоғамының құрамына кірді. Ал 2012 жылғы тамыздан 2014 жылға дейін «Қазақстан» РТРК» АҚ құрамында болса, 2014 жылдың қаңтарында «ҚазАқпарат» елдегі алғашқы халықаралық ақпарат агенттігі (ХАА) мәртебесіне ие болып, өз тарихындағы жаңа кезеңді бастады. 2019 жылдың соңынан бастап агенттік «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі» акционерлік қоғамы болып жаңарды. Ал 2020 жылдың басынан бері «ҚазАқпарат» ХАА ЖШС мен «Қазконтент» АҚ ұжымы қосылып, "ҚазАқпарат" халықаралық ақпарат агенттігі болып жасақталды.

«Қазақпараттың» әр жылдағы қызметі

Бір ғасыр бойы ақпарат агенттігі күн сайын елдегі, шетелдегі жаңалықтарды таратумен айналысып келеді.

Барлық қазақстандық БАҚ құралдарына ақпарат берумен келеді. Сондай-ақ қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге де үлесін қосты. Олай дейтініміз, агенттiктiң Кеңес Одағы кезiнде саяси құжаттаpды, қаулылаpды, одақ пен оpталық басшылаpының айтқан сөздеpiн, баяндамалаpын қазақшаға аударып, халыққа жеткiзді.

КСPО мен АҚШ аpа­сын­дағы ең бipiншi pадиомост ҚазТАГ («ҚазАқпаpат») аpқылы жүзеге асқан. Осы pадиомост жұмысына амеpикалық аты даpдай әншi Пол Pобсонның өзi аpаласқан деседі. Советтік кезеңде КазТаг дүрілдеген.

Қазақстан Pеспубликасының тәуелсiз ел атанғанын алғаш болып ҚазТАГ («ҚазАқпаpат») тiлшi­леpi таpатқан. 1991 жылы 17 желтоқсанда «Казахстанская правда» газетінде Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып жарияланғаны туралы ауқымды материал шықты. Авторы – «Қазақпараттың» тілшілері. Демек, қазақ тарихында тәуелсіз Қазақстан жайлы алғаш ақпарат таратқан - «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігі.

 «Қазақпаратты» басқарғандар

 Агенттіктің маңызды құжаттардың аудармасымен айналысқан кезеңі жазушы Қасым Шәріповтың басшылық етуімен сәйкес келді. 1964-1974 жж аралығында басқарушы болған Қасым Шәріпов аударма ісін жолға қойды. 1969 жылы Мәскеудегі Кремльдің Съездер сарайында ІІІ-Бүкілодақтық колхозшылар съезінде тікелей ілеспе аударманы КазТАГ-тың қызметкерлері жасаған болатын. Ел ішіндегі, одақтағы және шет елдерде болып жатқан оқиғалардан хабардар етіп отыратын ҚазТАГ-тың қызметі ел ішіндегі мәдениет пен ғылым-білімнің дамуына айтарлықтай үлес қосты.  КазТаг-тың журналистері жасаған аударма арқылы қазақ хылқы Одақ пен одақтас республикаларда болып жатқан жаңалықтардан хабардар болып отырды. 

Қасым_Шәріпов.jpg

Қасым Шәріпов

1970-1980 жылдары ҚазТАГ тарихындағы ерекше кезең болды. Тікелей Мәскеудің ықпалындағы ҚазТАГ түрлі себеппен ТАСС-тың көлеңкесінде қалып қойып жүрді. КазТаг-қа басшылыққа келген Кәкімжан Қазыбаев агенттікті жаңа деңгейге көтерді. Ол мекеменің материалдық-техникалық базасын түгел жаңартты. Жоғары жаққа сөзін өткізе жүріп, сол жылдардағы ең мықты заманауи техникамен жабдықтауға қол жеткізді. Шапшаң хабар тарату үшін қажетті жылдамдығы бұрынғыдан бірнеше есе артық шетелдік телетайптар (минутына 200 сөз оқитын) мен су жаңа магнитофондар алдырды. Мұның өзі съездерден, жұмыстың аса қауырт кездерінен ақпарат тарататын журналистің, аудармашының жұмысын жеңілдетті. Ал түпкі нәтижеде телетайптан хабар күтетін теле-радио жаңалықтары мен мерзімді баспасөз уақытында шығып, оперативтілік үдеді.

200510091715564e.jpg

Кәкімжан Қазыбаев

Тәуелсіздік алған жылдары төл ақпаратты ана тілінде тарату ісі жолға қойылды. Білікті қаламгер Жарылқап Бейсенбайұлы қазақ бөлімінің редакторы болған тұста ҚазТАГ -та қазақтілді ақпараттың үлгісі жасалып, стилі қалыптасты. Бұрын орыс тілінен аударғанда сөзбе сөз аударылып келсе, Жарылқап Бейсенбайұлы ақпарат жазатын журналистерді қазақ тіліндегі жаңалықты еркін жазуға үйретті.

100 жылда «Қазақпаратты» әртүрлі қаламгерлер, жазушылар, журналистер басқарып келген. Олар: Аpкадий Иванович Вятич-Киpиллов, Кеңес Үсебаев, Жүсiп Алтайбаев, Жұмағали Ысмағұлов, Амангелдi Ахметәлiмов, Әренов Мұрат, Шалахметов Ғаділбек, Омаров Жанай, Дәурен Дияров және т.б. 

Қазіргі «Қазақпарат»

Бүгінгі таңда «Қазақпараттың» халықаралық деген статусы бар. Агенттік Қазақстанда ең алғаш болып осы статусты алған. 100 жыл бойы саясат, экономика, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және басқа да салалардан жылдам әрі сенімді ақпарат таратып келеді. 

Бұрын «Қазақпарат» орысша ақпараттарды қазақшаға аударған болса, қазір қазақшадан қытай, өзбек тілдеріне аударылып жүр. 2004 жылы агенттік пайдаланушыларына жаңалықтарды қазақ тілінен латын қарпіне академик Әбдуәли Қайдаровтың әдісімен көшірудің жаңа нұсқасын ұсынды. Бұл осы әдісті іс жүзінде қолданған алғашқы ақпарат агенттігі болды. Соның арқасында кирилл қарпін оқи алмайтын шетелдегі қандастарымыз тарихи Отанында болып жатқан оқиғаларды біліп отыруға мүмкіндік алған болатын.

  «Қазақпарат» Президент әкімшілігінен, Парламенттен, Үкіметтен, өңірлердің атқарушы органдарынан ресми хабарлама таратады. Жаңалықтар топтамасы www.inform.kz сайты арқылы қазақ, орыс, ағылшын, өзбек, қытай тілдерінде таратылады. Қазақтілді ақпарат латын әліпбиі мен арабша да жазылады. Агенттің орталығы Нүр-Сұлтан қаласында орналасқан. Агенттіктің дүние жүзі бойынша 15 корреспонденті бар. Олар онлайн режимі арқылы Ресей, Қытай, Түркия, Еуропа елдері, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Иорданиядан хабар тарады.

Қазақстандық интернет-ресурстардың ішінде «ҚазАқпарат» ХАА үздік ондыққа кіреді. «ҚазАқпараттың» жаңалығын әлемнің 200-ден астам елі оқып отыр. Бүгінгі күні «ҚазАқпарат» ХАА халықаралық ақпарат агенттіктерінің бес бірдей қауымдастығының мүшесі. Олар: Азия және Тынық мұхиты елдерінің – ОANA қауымдастығы, ТМД елдерінің – АНИА қауымдастығы, түркітілдес елдердің – ТКА қауымдастығы, Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің - ЭКОНА қауымдастығы, Каспий теңізімен шектесетін елдердің – АКСНА қауымдастығы. Агенттік ТАСС, Синьхуа, ИРНА секілді 43 шетелдік ақпарат агенттігімен тікелей ақпараттық байланыс ұстап отыр. «ҚазАқпарат» агенттігінің ақпаратын 100-ге тарта республикалық және шетелдік басылымдар пайдаланады.