• Басты
  • «Қазақ халқына көреген Ұлы көшбасшы бола білді»: Назарбаев хақында шетелдік сарапшылар пікірі

«Қазақ халқына көреген Ұлы көшбасшы бола білді»: Назарбаев хақында шетелдік сарапшылар пікірі

30 Қараша, 2020 18:01

Бүгін елордада ҚР тұңғыш президенті күні қарсаңында елордада «Нұрсұлтан Назарбаев: жаһандық ауқымдағы саясаткер» халықаралық конференциясы өтті. Жиында қазақстандық сарапшылар мен әртүрлі жылдары әлемдік державалардың мемлекеті мен үкіметін басқарған, халықаралық ұйымдарда жоғары лауазымды атқарған және атқарып жүрген белгілі саясаткерлер шет мемлекеттерден байланысқа шықты. Олардың барлығы бір кездері Нұрсұлтан Назарбаевпен тығыз жұмыс істеді және ең өршіл идеяларды жүзеге асырудың куәгері болды. Осы орайда қатысушылар елбасы жөнінде естелік-пікірлерімен бөлісті, деп хабарлады Strategy2050.kz.

Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун «Нұрсұлтан Назарбаев – жаһандық ауқымдағы саясаткер» атты халықаралық конференцияда сөз сөйлеген алғашқы спикерлердің бірі. Ол ортақ болашақты құруға көмектесу үшін өткенімізде жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті ілгерілетуге уақтылы ықпал еткен ерен көшбасшылық көрініс тапқан кезеңдерді жеке дара көрсету өте маңызды екендігін атап өтті. Спикердің айтуынша, соңғы онжылдықтардағы осындай маңызды сәттердің бірі – Қазақстандағы Семей ядролық сынақ полигонының сәтті жабылуы және кеңестік стратегиялық ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартуы болды. Бұл адамзат үшін, біздің планетамыз үшін тарихи шешім болды. полигонда жасалған 500-ден астам жарылыс жергілікті тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, қоршаған ортаға үлкен зиянын тигізді. 

«Аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті нығайтқан бұл батыл қадам сонымен қатар Қазақстанның ядролық қарусыздану мен таратпау саласындағы жаһандық көшбасшылығының бастамасы болды, сондай-ақ сыртқы саясаттың табысты болуына және жас ұлттың жаңа қалыптасып келе жатқан дипломатиясының жаңа биіктерге көтерілуіне ықпал етті. Бұған 2002 жылғы мамырдағы Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы келісімді ратификациялау; 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Ядролық қарусыз әлем құру туралы маңызды декларациясын қабылдауға бастамашылық ету, және Біріккен Ұлттар Ұйымына 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялауға жәрдемдесу де кіреді», - деді ол. 

Сонымен қатар Пан Ги Мун Назарбаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы ретінде шешуші көшбасшылық маңызды сәттерде жекелеген халықтардың ғана емес, бүкіл әлемнің траекториясын өзгертуге көмектесе алатындығына бірнеше рет куә болғанын атап өтті. 

«Осы мүмкіндікті пайдаланып, барлық жаһандық көшбасшыларға БҰҰ-ның ядролық сынақтар мен таратуға тыйым салынған әлемді, сондай-ақ біз ядролық қарудан толығымен азат болатын әлемді құруға жәрдемдесуде күш-жігерін қайта жандандыруға шақырамын», - деп атап өтті Пан Ги Мун.

Сонымен қоса, Ұлыбританияның экс-премьер-министрі Тони Блэр де өз пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, елдің табысы мен тұрақтылығы Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығымен байланысты. 

«Алда болатын сын-қатерлер мен реформаларға қарамастан, Қазақстан болашаққа сеніммен қарай алады. Президент Назарбаев әлем түсінуі тиіс үш маңызды нәрсені жасады. Біріншіден, ол ядролық қарудан бас тартты, соның арқасында Қазақстан өзінің ядролық арсеналын жойған жалғыз мемлекет атанды. Екіншіден, Қазақстан мұсылман халқы басым ел ретінде діни толеранттылықтың шамшырағы болып табылады. Қазақстанда дін мен мәдениеттегі айырмашылықтарға қарамастан христиан және еврей қауымдарымен жақсы қарым-қатынас орнатылған. Үшіншіден, Қазақстан екі жаһандық алып - Қытай мен Ресейдің арасында орналасқанына қарамастан, Батыстың адал және сенімді одақтасы болып қала берді, бұған мен 11 қыркүйектегі оқиғалардан кейін көз жеткіздім», - деді ол. 

Ол сондай-ақ тұрақты жаңғырту процесінде ел экономикасы бірнеше есе өскенін атап өтті. Бұл айтулы жетістіктер.   

«Егер аймаққа және соңғы 30 жылда басқа елдер тап болған барлық қиындықтарға көз жүгіртетін болсақ, Қазақстан өзінің салған жолын және алдағы уақытта нық сеніммен қадам басар жолын мақтан ете алады деп ойлаймын. Осының бәріне қолжеткізу үшін үлгілі көшбасшылық қажет болды, сондықтан оған өз құрметімді білдіру мен үшін үлкен мәртебе», - деді саясаткер. 

Сондай-ақ, Түркия Республикасының бұрынғы президенті Гүл Абдуллах мырза да Нұрсұлтан Назарбаевпен ұзақ жылдар бойы табысты басшылық еткен белгілі саясаткерлердің бірі. «Нұрсұлтан Назарбаев: жаһандық ауқымдағы саясаткер» халықаралық конференциясында сөйлеген сөзінде Гүл олардың тығыз достығына не себеп болғанын еске алды.   

«Ұзақ саяси өмірімде және 7 жылдық президенттік қызметім кезінде, Құрметті Назарбаев мырзамен бірге етене жақын жұмыс істеуге мүмкіндігім болды және мен оны жақынырақ таныдым. Арамызда берік достық орнады. Осы шеңберде мен ол кісі туралы ойымды үш тармақта түйіндегім келеді. Біріншіден, ХХ ғасырдың ең маңызды саяси оқиғаларының бірі болып табылатын Кеңес Одағының ыдырауы кезеңінен бастап, Құрметті Назарбаев мырза бүгінгі тәуелсіз, дамыған, заманауи Қазақстанның Тұңғыш Президенті ретінде қазақ халқына көреген Ұлы көшбасшы бола білді. Тұңғыш президент ретінде ол шекаралары шегеленген, тұрақты және сенімді мемлекет құрды», - деді ол. 

Оның пайымынша, Қазақстанның ресурстарын өте тиімді пайдалана отырып, Назарбаев Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік жағынан қуатты мемлекет ретінде Орталық Азияда тұрақты даму мен өрлеуін қамтамасыз еткен. 

Сонымен қоса ол елбасы әсіресе білімге, ғылымға үлкен мән берді және соңғы ширек ғасырда Қазақстанның жаңа ұрпағының отандық және шетелдегі ең үздік білім-ғылым ордаларында білім алуына жағдай жасап, оларды болашаққа дайындағанын атап өтті. 

«Екіншіден, өте маңызды бір ерекшелік және бұл өте сирек орын алады. Құрметті Назарбаев өзінің ең мықты кезеңінде яғни саяси жағынан тұғыры биік кезеңде, қазақ халқының және бүкіл мемлекеттік институттардың қолдауы мен адалдығына ие бола тұра, елінің болашағы үшін үлкен кемеңгерлік және парасаттылықпен президенттік қызметінен өз қалауымен бас тартып, жаңа буынның жолын ашты. Бұл – саяси тарихтағы сирек кездесетін оқиғалардың бірі. Қазақ халқының бұл шешімді әрдайым зор ризашылықпен өз жадында сақтайтынына сенімдімін. Назарбаев мырза елінің өз даму жолымен демократиялық елге айналуына, демократиялық құндылықтарға деген сенімнің артуына және парламенттік жүйенің күшеюіне, билік тармақтары арасындағы теңгерімді орнықтыруға бар күшін салды. Халықаралық саясатты терең түсінетін шебер саясаткер ретінде Назарбаев бұл қадамдарды саналы түрде жасады. Ол, расында да, ардақтауға лайық бірегей тұлға!», - деді Абдуллах Гүл. 

Бұдан бөлек ол Назарбаевтың Түркі әлемін жүрегімен сезініп, оған ақыл-ой, парасатымен қызмет еткен қайраткер екенін атап өтті. 

«Мен мұны өзім куә болған адам ретінде айтып отырмын. 2010 жылы Түркі кеңесін бірге құрдық. Мен оны күллі түріктің ақсақалы деп мәртебе тұттым. Құрметті Назарбаев мырзаның сарабдал саясатында, Түркі әлемінің алдымен мәдени-гуманитарлық және экономикалық, содан кейін саяси ынтымақтастықта болуы – оның ең басты мұрат-мақсаты. Осы тұрғыда, Қазақстан әрқашан барлық игі бастамалардың ұйытқысы болып, әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Аса мәртебелі, құрметті бауырыма зор денсаулық, амандық пен есендік тілеймін. Мен қазақ халқының болашағы баянды және жарқын болатынына сенімім мол. Түрік-қазақ қатынастары да, Түркі әлеміндегі Қазақстанның өз алдына бөлек орныда әрдайым тұғырлы, күшті бола берсін, өрлеп өркендей берсін!», - деді Абдуллах Гүл. 

Сонымен бірге «Нұрсұлтан Назарбаев – жаһандық ауқымдағы саясаткер» халықаралық конференциясында сөйлеген сөзінде Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев әлем өзінің әлеуметтік, экономикалық және саяси дамуындағы іргелі ілгерілеу кезеңіне аяқ басқанын атап өтті. 

«Демография мен көші-қон, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-технологиялық салаларда, климаттық мәселелерде елеулі үдерістер орын алуда. Олар көп бағытты үрдістермен сипатталады және қазіргі мен болашақ әлемдік тәртіпке түбегейлі әсер етеді. COVID-19 пандемиясы белгілі бір дәрежеде осы ауыр өзгерістерді тездетіп, бүкіл жаһандық қауымдастық үшін бірқатар жаңа қиындықтар туғызды. Ол әлемнің осындай төтенше жағдайларға дайын еместігін көрсетті, басқару, ұйымдастыру, экономикалық және әлеуметтік салалардағы ірі кемшіліктерді ашты. Біз адамзат тарихындағы ең қарама-қайшылықты және күрделі кезеңдердің бірін бастан өткеріп жатырмыз», - деді мемлекеттік хатшы. 

Сондықтан, оның пікірінше, қазіргі жағдайларда үйлесімді әлемдік тәртіпті қалыптастыруға, жекелеген мемлекеттердің де, тұтас алғанда әлемнің де қауіпсіздігінің әлеуметтік негіздерін нығайтуға жаңа құралдар мен тәсілдер қажет. Бұл мәселеде біздің дәуіріміздің көрнекті көшбасшыларының басшылығымен әртүрлі елдерде жинақталған мемлекеттік құрылыстың және халықаралық өзара іс-қимылдың прогрессивті тәжірибесін жан-жақты түсіну маңызды. 

«Ғасырлар тоғысындағы ұлы қайта құрушылардың осы шағын шоғырына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та кіретіні сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым–Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Әбішұлының көпжылдық серігі және оның стратегиялық бағытын жалғастырушы өзінің бір кітабында былай деп жазды: «Бүкіл әлем «әлемнің екі бөлігі – Еуропа мен Азия, екі өркениет – Шығыс және Батыс, екі саяси жүйе - тоталитаризм мен демократияның қиылысында пайда болған «Назарбаев феномені» туралы айтады». Шынында да, кеңінен алып қарағанда, әлемде мұндай деңгейдегі саясаткерлерді табу қиын. Қазақстандағы барлық прогрессивті өзгерістер оның есімімен байланысты. Әлемде «тарихтың соңы» мен «өркениеттер қақтығысы» туралы концепциялар кеңінен тарағанда, құрлықтың алтыдан бір бөлігі дезинтеграцияға ұшырағанда, еліміз көптеген өткір проблемалармен жалғыз қалғанда, Қазақстанға шешуші, тәжірибелі және қоғамды біріктіре алатын ұлт көшбасшысы қажет болды», - деді Көшербаев. 

Сонымен қоса ол Елбасының феноменалды көшбасшылығының, стратегиялық көрегендігі мен реформаторлық дарынының, болашақтың көкжиегін кеңейту қабілетінің арқасында Қазақстан мықты мемлекет, бастамашыл және жауапты халықаралық серіктес ретінде қалыптасқанын ерекше атап өтті. 

«Елімізде Кеңес Одағы ыдыраған соң 1990-шы жылдардың бірінші жартысындағы әлеуметтік-экономикалық коллапс қысқа мерзімде еңсерілді. Жаңа қоғамдық-саяси институттар құрылып, экономика нарықтық жолға түсті, халықаралық байланыстар жаңадан орнатылды. «Алдымен – экономика, содан кейін – саясат» қағидаты табысты жұмыс істеді. Ел астанасын көшіруді Тұңғыш Президенттің теңдессіз қадамы, қуатты саяси ерік-жігерінің, көрегендігі мен батылдығының көрінісі деп атауға болады. Қысқа мерзім ішінде Қазақстанның шетсіз-шексіз даласында заманауи мегаполис пайда болды, бүгінде оған бас шабыт берушісі мен сәулетшісінің есімі берілді. Елбасының бастауымен қолжеткізілген еліміздің жетістіктері туралы ұзақ айтуға болады», - деді мемлекеттік хатшы. 

Бұдан бөлек ол Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылық феномені көп қырлы екенін тілге тиек етті. 

«Іс жүзінде ол Қазақстанның заманауи мемлекеттілігін құрды, елдің табысты және ұзақ мерзімді дамуының қуатты іргетасын салды. Бүгінде осының арқасында Қазақстанның көпұлтты халқы болашаққа сеніммен қарайды. Бұл үлкен халықаралық резонанс тудырған ядролық арсеналдан бас тарта отырып, Семей полигонын жабу туралы шешім; Азия құрлығында тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, бүгінде жиырмадан астам елді біріктіретін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті құру бастамасы; өкінішке орай, бірер жыл өткен соң ғана іске асырылған, бірақ өзінің өзектілігін дәлелдеген Еуразиялық одаққа бірігу идеясы», - деп атап өтті Қырымбек Көшербаев. 

Сонымен қоса ол 2015 жылы ортақ нарығы 185 миллион адамды құрайтын ЕАЭО өз жұмысын бастап, серпінді дамуын жалғастырып жатқанын еске салды. Оны да ол елбасының саясатымен байланыстырды. 

«Елбасы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымын құруға және дамытуға елеулі үлес қосты. Бұл халықаралық алаң 20 жылға жуық уақыт бойы ықпалы мен беделін арттыра отырып, өзінің тиімділігін көрсетіп келеді. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бастамасы бойынша елордамызда он бір жылдық үзілістен кейін ЕҚЫҰ Саммиті өткізілді. Қазақстан астанасында тұрақты, үш жылда бір рет өткізілетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірегей съездері кеңінен танымал. Олардың бастамашысы да Нұрсұлтан Назарбаев болды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті әлемдік қоғамдастықта шебер және беделді келіссөз жүргізуші ретінде танылды. Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгершілік күш-жігерінің арқасында көптеген өңірлік проблемалар шешілді немесе дипломатиялық арнаға ауысты. Атап айтқанда, бұл жерде Сирия бойынша Астана процесі, Алматыдағы Иран мәселесі бойынша келіссөздер туралы айтуға болады. Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке делдалдығының арқасында 2015-2016 жылдары Ресей-Түркия қатынастарындағы елеулі дағдарыс шешілді. Жалпы, диалог пен сенім сияқты қағидаттар Қазақстанның сыртқы саясатының айрықша белгісіне айналды», - деп түйіндеді мемлекеттік хатшы.

Олар, оның пайымынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың терең дүниетанымынан туған, жасампаздық сипатқа ие және «ковидтан кейінгі» даму мен жаңа сын-қатерлер дәуірінде ұлттардың жаһандық қауымдастығының мүдделеріне сай келеді.

Барлық жаңалықтар