• Басты
  • «Қайырымды істер» марафоны: Қандай іс-шаралар ұйымдастырылады

«Қайырымды істер» марафоны: Қандай іс-шаралар ұйымдастырылады

10 Ақпан, 2021 12:56

Өткен жылы Еріктілер жылының жабылу салтанатында мелекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қайырымды істер» марафонын өткізуді ұсынған болатын. Осыған орай, бүгін жобаны жүзеге асыру барысында меценаттар мен донарлардың кездесуі өтіп жатыр, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Қайырымды істер» марафоны тәуелсіздігіміздің 30-жылдық мерейлі мерекесімен тұспа-тұс келуінің бекер еместігін атап өтті.

«Бүгін, міне, баршамыз осы ортада әдейі бас қосып, осы үндеуді жалпақ жұртымызға, жаны жомарт азаматтар мен жүрегі кең ағайынға – жалпы қазақстандықтарға арнап отырмыз. Президентіміз көтерген осынау игілікті бастама-«Қайырымды істер» марафонымен Тәуелсіздігіміздің 30-жылдық мерейлі кезеңінің шымылдығын ашып отырмыз десек қателеспейміз», - деді министр.

Оның сөзінше, қайырымдылық, меценаттық және донорлық қоғам үшін ең маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті. Сондықтан да, ол президент тәуелсіздіктің 30 жылдығын кең көлемде атап өтуде халық бірлігін арттырып, елді ұйыстыруға арналған ізгі жобаларға басымдық беруге шақырғанын еске салды.

«Бұл – игілігі зор, қайырымы мол ізгі шара. Оған азаматтық сектор мен бизнес-қауымдастық өкілдерінің, мемлекеттік органдар мен барша белсенді азаматтардың қатысуы өте маңызды. Себебі қоғамның әлеуметтік-маңызды мәселелерін шешуде мемлекет – қоғам – бизнес өкілдері арасындағы әріптестікке артылар сенім зор», - деді Аида Балаева.

Соның ішінде, әсіресе, үкіметтік емес ұйымдарға баса мән беріліп отыр. Бұл орайда, бұл ізгі жобаға ниет білдірген барлық азаматтар үшін – арнайы әлеуметтік және экономикалық шаралар қабылдау арқылы – бұл үрдісті одан ары ынталандыруды қарастырылып отыр.

Сондай-ақ, министр өткен жыл көптеген қазақстандықтарды игі істер қозғалысының айналасына біріктірген волонтерлік жылы болғанын атап өтті. Еліміздің қарапайым азаматтарының бастамасымен пайда болған көптеген қайырымдылық және еріктілер жобалары бұған дәлел. Бүгінде, оның сөзінше, олардың саны 100 мыңға жеткен, олар үшін «адамдарға көмектесу» тек жоғары гуманистік акт емес, өмірдің нормасы және жанның импульсіне айналған.

«Сондықтан еріктілерді де, қайырымдылық шараларын да ынталандыру мәселесі бүгінгі күн тәртібінде тұр. Осы мақсатта жоғары оқу орындары мен колледждерге түсу кезінде жұмыс тәжірибесіне еріктілер сағатын енгізу, сондай-ақ еріктілерді сақтандыру сияқты жеңілдіктерді ескеретін заңнамалық жұмыстар жүргізілуде», - деді Аида Балаева.

Сонымен бірге, ол қайырымдылық мәдениетін жүйелі түрде дамыту мақсатында «Қайырымдылық туралы» заң қабылданғанын, ол қайырымдылық инвестициялар көлемінің 4 есеге, тұрғындардың онлайн-қайырымдылыққа қатысуын 3 есе арттыруға ықпал еткенін тілге тиек етті.

Жетілдіру шаралары

Бұдан бөлек, министр қазіргі уақытта мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша нақты және тиімді құқықтық тетіктерді белгілейтін түзетулер әзірленіп жатқанын атап өтті.

Олар:

1.     қайырымдылықты жанама түрде ынталандыру шараларын, электронды және корпоративтік қайырымдылық механизмдерін енгізу

2.     қайырымдылық және еріктілер ұйымдарына құқықтық мәртебе беру тұрғысынан қосымша шаралар енгізу

3.     салықтық жеңілдіктер арқылы қаржылық ынталандыру мәселелерін пысықтау

«Осы барлық жаңалықтардың қабылдануымен елдегі қайырымдылық қозғалысы тұрақты түрде өсетініне, қазіргі марафонның басталуымен олардың қатары іс жүзінде көбейетініне сенімдімін», - деді Аида Балаева.

Осылайша, ол барлық серіктестер мен қоғамның және бизнес қауымдастықтың өкілдерінен ұсыныстар, пайдалы бастамалар күтетінін айтты.

«Қайырымды істер» марафонын ұйымдастыру комитеті немен айналысады

Бұдан бөлек, жиынға қатысқан Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басқарма төрайымы Лима Диас «Қайырымды істер» жобасына тоқталды. Оның айтуынша, бұл қайырымды істерді жүзеге асыруда мемлекет, бизнес және еріктілердің ынтмақтастығы, серіктестігі, сонымен қос өзара қолдауы. 

«Қайырымды істер» марафоны – бұл адам мен ұйымдарды біріктіретін қайырымдылық қозғалысы. Ол адамдарды жақсылық жасауға ынталандырады. Жомарттық, жақсылық және қайырымдылық – бұл қоғамға өз үлесін қосуға, басқа адамдардың өміріне оң өзгерістер әкелуге мүмкіндік беретін құндылықтар», - деді басқарма төрайымы.

Сонымен бірге, ол ұйымдастыру комитетінің жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, «Қайырымды істер» марафонын ұйымдастыру комитеті марафонға қатысушыларға ұйымдастырушылық, әдістемелік, сонымен бірге ақпараттық көмек көрсетумен айналысады. Сондай-ақ, марафон барысында өтетін барлық іс-шараларды қорытындылайды.

«Сонымен қоса, донор, қайырымдылық ұйымы, ерікті санаттарын тіркеу үшін бірыңғай ақпараттық кеңістік құру. Марафон аясындадағы барлық іс-шараны интернет желісінде және республикалық БАҚ-та жариялау», - деді ол.

Негізгі іс-шаралар

Лима Диастың айтуынша, қайырымды істер күнтізбесі жасалмақ. Яғни, тақырыптық, гуманитарлық және әлеуметтік салаға бағытталған халықаралық және ұлттық мерекелерді атап өтуге арналған күнтізбе шығарылады. Ол телефонға арналған қосымша ретінде жасалады.

«Аталған күтізбе марафонға қатысушыларға бағдар береді, онымен акцияларды жоспарлауға, күнделікті қайырымды істерді атап, тіркеуге мүмкіндік береді», - деді ол.

Сонымен қоса, басқарма төрайымы «Ең қайырымды қала», «Ең қайырымды әкім», «Ең қайырымды бизнес», «Ең қайырымды аула», «Ең қайырымды ұжым», «Ең қайырымды ЖОО», «Еңқайырымды ауыл», «Ең қайырымды мектеп» және «Ең қайырымды редакция» секілді конкурстар ұйымдастырылатынын тілге тиек етті. Оның айтуынша, жыл соңында қорытындысы шығарылып, марапатталады.

Сондай-ақ, 4 ұлттық жақсылық күні ұйымдастырылмақ. Бұл күндері республикалық, облыстық деңгейде бір мезгілде қайырымдылық, волонтерлік немесе өзге де акциялар ұйымдастырылатын болады.

Бұдан бөле, Лима Диас қайырымдылық сабақтары өткізілетінін атап өтті. Мәселен, франдрайзинг, корпоратистік волонтерлік, журналистерге арналған сторителлинг және тағы сол сияқты тренингтер мен мастер-кластар ұйымдастырылады.

Осы жоғарыда аталған шаралар барысында 100-ден кем емес коммерциялық ұйымдарды, 300-ден кем емес қоғамдық ұйымдарды, жоғары оқу орындарының 60 пайызын, 10 мыңнан астам азаматтар ұжымын, яғни барлығы 5 млн адамды қамту жоспарланған.

Барлық жаңалықтар