• Басты
  • «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын қаржыландыру 1 трлн теңгеге дейін ұлғаяды

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын қаржыландыру 1 трлн теңгеге дейін ұлғаяды

15 Желтоқсан, 2020 11:14

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен Үкіметтің кезекті онлайн отырысы өтті. Отырыста талқыланған басты мәселе - «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының тиімділігі. Мамин бағдарламаның тиімділігін айтып, оған бөлінетін қаражат көбейетінін хабарлады. Үкіметте бүгін қаралған мәселелер Strategy2050.kz тілшісінің материалында.


«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының нәтижелері

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметовтың хабарлауынша, «Қарапайым заттар экономикасы» салаларында өнім шығару көлемі 2018 жылғы 8,9 трлн теңгеден 2019 жылы 10,1 трлн теңгеге дейін өсті. Ағымдағы жылы өсім жалғасты. 2020 жылы отандық өнім өндірісінің үлесі 2,5 проценттік тармаққа өсті.

«Азық-түлік, құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп өнімдері, жиһаз, машиналар мен жабдықтар өндірісі өсті. Соңғы 2 жылда өнімнің бірқатар түрлері бойынша өсім екі мәнді көрсеткіштерге, ал жекелеген түрлері бойынша 1,5-2 есеге жетті. Ағымдағы жылы өндірістің өсу қарқыны жалғасты. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыру дайын, өңделген өнімнің өсуіне ықпал етеді», - деді министр.

Асқар Мамин бағдарламаның тиімділігін атап өтіп, тағы қаржы бөлінетінін хабарлады.

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы отандық өндірісті дамытудың инвестициялық құралы ретінде өзінің тиімділігін дәлелдеді. Осыған байланысты, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Бағдарламаны қаржыландырудың жалпы көлемі 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды», — деді А. Мамин.

Коронавирус пандемиясына байланысты шектеу шараларын енгізуге қарамастан, «Қарапайым заттар экономикасы» аясындағы жобалар саны биылғы 10 қаңтардан 10 желтоқсанға дейін 2,5 еседен астам — 900-ден 2600-ге дейін ұлғайды, ал олардың сомасы 3,5 есе — 216 млрд теңгеден 700 млрд теңгеге дейін өсті. Аталған жобаларды іске асырудан жұмыс орындары санының болжамды өсуі шамамен 20 мыңды құрайды.

Өңірлер бөлінісінде Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы және Түркістан облыстары көш бастап тұр (үлесінің орташа көрсеткіші 67%-дан 76%-ға дейін). Төмен көрсеткіштер Маңғыстау, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарында байқалады, оларда кейбір салалар бойынша жергілікті қамту үлесі 24%-дан 43%-ға дейін өзгеріп отырады.

Үкімет басшысы бір ай мерзімде жаңа ынталандыруды, соның ішінде мемлекет тарапынан кепілдік мөлшерін ұлғайтуды көздейтін «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдетілген кредит беру бағдарламасына түзетулердің жетінші топтамасын әзірлеуді тапсырды.

Отандық өндірушілерді қолдауға қатысты шаралар

 Қаржы министрі бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірігіп отандық өндірушілерді қолдауға қатысты негізгі төрт шараны атады.

 Бірінші шара – бүгін осыған байланысты Үкіметтің екі бірдей қаулысы қабылданды. Нақтырақ айтқанда, ұлттық режимнен алып тастауды белгілеу бойынша енгізілді. Олар:

1) авто, трансформаторлар және кабельдер;

2) жеңіл өнеркәсіп тауарлары, жиһаз және цемент.

Екінші шара – көрсетілген позициялар Алдын ала біліктілік іріктеу (АБІ) арқылы конкурс тәсілімен ғана сатып алынатын тауарлар тізбесіне енгізілді.

Үшінші шара - мемлекеттік сатып алу туралы заңда тапсырыс берушілердің техникалық ерекшеліктерде ұлттық стандарттарды көрсету міндеті белгіленді.

Төртінші шара – Отандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген құрылыс материалдарын пайдалануды көздейтін құрылыс саласындағы жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы үлгілік шарттар бекітілді.

 

Жер қойнауын пайдалануға қатысты талаптар өзгертілді

 Қазіргі таңда Қазақстанда 994 жер қойнауын пайдаланушы тіркелген. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, 2019 жылдың қорытындысында жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың сатып алу көлемі 7,7 трлн. теңге болды. Жергілікті қамту үлесі 45% құрады. Ал биылғы 9 айда қатты пайдалы қазбаларды қоспағанда, бұл көрсеткіш 3,8 трлн. теңгені құрады. Жергілікті қамту үлесі 46,6%.

Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру шарттары бойынша 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап кәсіпорындарға көрсетілетін преференцияларды кезең-кезеңмен алып тастау көзделген.

Жер қойнауын пайдалану саласында тауарлардағы жергілікті қамту жөніндегі талаптар алып тасталады.

Бұл ретте, жұмыстар мен қызметтер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімдердегі жергілікті қамту үлесі 50% (пайыздан) аспайтын болып белгіленеді.

Уәкілетті органдар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және жер қойнауын пайдаланушылар арасында Кәсіпкерлікті ынталандыру туралы енгізілетін үшжақты келісімдер ерікті негізде іске асырылады.

Келісімде тауарлардағы жергілікті мазмұн бойынша міндеттемелер көрсетіледі. Жер қойнауын пайдаланушылар соның аясында тауарларды сатып алудың реттелетін тәртібі нормаларын қолданбай тауарлар сатып ала алады.

Бұл шара тауарларды сатып алу мерзімін қысқартуға, сондай-ақ өнім берушіні таңдау кезінде шектеулерді алып тастауға мүмкіндік береді.

Аталған ұсыныстарды іске асыру үшін мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша заң жобасы шеңберінде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Кодексіне тиісті түзетулер енгізіледі.

Барлық жаңалықтар