• Басты
  • Тұрғын үй құрылыс жинaқ банкінiң «Жас отбасы» бағдарламасының шарттары қандай

Тұрғын үй құрылыс жинaқ банкінiң «Жас отбасы» бағдарламасының шарттары қандай

4 Тамыз, 2020 15:38

Мемлекеттік тұрғын үй саясаты назарын жас отбасыларға аудара бастады. Өткен айдың бірінен бастап елімізде жаңа жас отбасыларға пәтер сатып алуға мүмкіндік беретін жаңа бағдарлама іске қосылды. Оның алдыңғы бағдарламалардан айырмашылығы қандай, сонымен қатар қандай шарты барын Strategy2050.kz тілшісі дайындаған шолу материалдан толығырақ біле аласыздар.

Бүгінгі таңда «Жас отбасы» ипотекасы жас отбасылар үшін тиімді бағдарлама. Жалпы Қазақстанда, мәселен, 2019 жылы 130 мыңнан астам неке қиыл,ан. Мамандардың сөзіне сүйенсек, жас отбасылардың бір шаңырақ астында ұзақ уақыт тұра алмай, ажырасыуына да баспана мәселесі себеп болып отыр. Ал бұл бағдарлама арқылы жас отбасыларға үй сатып алуға мүмкіндік беріліп отыр.

Жаңа бағдарламаның шарты қандай

-        «Жас отбасы» бағдарламасы бойынша несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық - 6% құрайды (алғашқы екі жыл). Әрі қарай жылдық - 5%.

-        Бағдарламаға қатысу үшін ерлі-зайыптылардың біреуі немесе екеуі де Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде «Жас Отбасы» белгісімен депозит ашып, бір жыл ішінде болашақ баспана құнының 50% жинап, есептік «5» көрсеткішіне жетуі керек.

-        Депозитті ашу кезінде ерлі-зайыптылар үш жылдан аспайтын мерзімде некеде тұруы керек (неке туралы куәлікке сәйкес).

-        Жинақтау кезеңінде депозитке банктің жылдық 2% мөлшеріндегі сыйақысы және 20% мөлшеріндегі мемлекеттік сыйлықақы қосылып отырады.

-        Сонымен қатар сіз ерлі-зайыптылардың екеуіне де шот ашып, оларды «Отбасы пакетіне» қосып, екі жерден мемлекеттік сыйлық ала аласыз.

-        Ерлі-зайыптылардың жасы мен отбасындағы балалар санына шектеу жоқ

 

Осыдан бірер күн бұрын «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова Премьер-министрдің сайтына берген сұхбатында некеде тұру уақытын үш жылдан бес жылға ұзарту қарастырылып айтқан еді. Оның сөзіне сенсек, бағдарлама іске қосылғаннан кейін көптеген жас отбасы үш жылдың аз екенін айтып, оны ұзартуға өтініші жасаған.

«Бүгінгі таңда көптеген жас отбасы некеде тұру уақытына қатысты ұсыныстар айтып жатыр. Олардың сөзінше, 5 жылда да жас отбасы үшін ұзақ уақыт емес. Сондықтан 5 жылға дейін некеде тұрған жас отбасыны да қолдаңыздар деген өтініш келіп түсуде. Бұл ұсыныстар міндетті түрде қарастырылады», - деді Ләззат Ибрагимова.

Сонымен қатар оның айтуынша, жалпы жылдық мөлшерлеме 8,5 пайызды құрайды. Ал осы бағдарламада арнайы жас отбасылар үшін 6 пайыз белгіленген.

«Үйленгеніне 3 жыл толмаған жaс oтбасылар депозит ашып, бiрден тұрғын үй құнының 50%-ын сала алады, сонда ипотека төмендетілген мөлшерлемемен ресiмделетiн болады. Бiзде негiзiнен 8,5%, ал жaс отбасылар үшін арнайы 6% белгіледік. Сұраныс өте жoғары, бiр айда 1,5 мыңға жуық депoзит ашылды», — деп толықтырды басқарма төрайымы.

 

Жаңа бағдарлама бойынша қандай тұрғын үй сатып алуға болады

-        «Жас отбасы» бағдарламасының шарты бойынша, жаңадан отбасын құрғандар жаңа тұрғын үй және қайталама нарықтан пәтер ала алады. Сонымен қатар немесе жер учаскесін сатып алып, үй тұрғызуға да мүмкіндік қарастырылған

-        Бұл бағдарлама қатысушыларына алтыдан тоғыз жылға дейінгі мерзімге несиелер ұсынылады

 

Жас отбасыларға арналған «Жас Отбасы» ипотекасы бүкіл республика бойынша үздіксіз жұмыс істейтін болады.

Барлық жаңалықтар