• Басты
  • Қазақстанда автомобиль, теміржол, авиaция сaлaсында қaндай өзгерістер орын алмақ

Қазақстанда автомобиль, теміржол, авиaция сaлaсында қaндай өзгерістер орын алмақ

5 Тамыз, 2020 18:11

Еліміздегі автомобиль, теміржол, авиация саласында қандай өзгерістер болады? Бұл туралы Инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру жөнінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Сайранбек Бармақов толығырақ айтып берді, деп хабарлады Strategy2050.kz тілшісі.

Азаматтық авиация саласы

Комитет төрағасының сөзіне сүйенсек, азаматтық авиация саласында 2020 жылы қаңтар-маусым кезінде жолаушылар ағынының көрсеткіші 2 млн 300 мың адамды құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 38 пайызға аз. Бұл көрсеткіштің төмендеуі коронавирус инфекциясын таралуын азайту бойынша енгізілген шектеулерге байланысты.

Сонымен қатар Сайранбек Бармақов биыл «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарлама аясында Түркістан қаласында жаңа халықаралық әуежайды іске қосу жоспарланғанын атап өтті. Бүгінде Өскемен қаласы әуежайының ұшу-қону жолын қайта жаңарту басталды. Сонымен қатар Шымкент қаласындағы әуежайдың жаңа терминалының құрылысы, Орал қаласы әуежайының аэровокзал кешенін қайта жаңарту жалғасатын болады.

«Ішкі туризмді дамыту шеңберінде қаржы бөлінген жағдайда Үржар, Үшарал қалаларының ұшу-қону жолын қайта жаңарту жұмысы басталады. Инфекцияның таралуына байланысты әуе тасымалды тоқтатқан сәтке дейін Қазақстан 26 шет мемлекетпен 99 халықаралық бағыт бойынша әуе қатынасы болды. Биыл 1 мамырдан бастап Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия шеңберінде ішкі авиа рейстер кезең-кезеңімен қайта жаңартылды. Бүгінде ішкі әуе рейстері қайта қалпына келтірілді. Сондай-ақ бүгінгі таңда 15 ішкі авиамаршруттар субсидияланды. Министрлік Түркиямен және Оңтүстік Кореямен халықаралық авиарейстерді қайта жаңарту мәселесін пысықтады», - деді комитет төрағасы.

Оның сөзінше, биыл 10 тамыздан бастап Тайланд пен Грузияға авиарейстерді қайта жаңарту жоспарлануда. Сонымен қатар ол ұшулар бас санитар дәрігердің қаулысы бойынша, барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып орындалатынын да еске салды.

    

9800 шақырым автожол жөндеуден өтеді

Өткен жылы желтоқсанда үкімет қаулысымен 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық дамыту мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Мемлекеттік бағдарлама тиімді және бәсекеге қабілетті инфрақұрылым құру, көлік қызметін дамыту, технологиялық жаңа инстуционалдық ортаны жетілдіруге бағытталған. Мемлекеттік бағдарламада жалпы сомасы 5,5 трлн теңгені құрайтын 112 инфрақұрылымдық жобаны іске іске асыру қарастырылған.

Комитет төрағасының сөзіне сенсек, бағдарлама аясында алдағы 6 жылда 10 мың шақырым жолдың құрылысы мен реконструкциясы, републикалық желідегі 11 мың автомобиль жолын орташа және күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған. Республикалық маңыз бар жолдың жақсы және қанағаттанарлық үлесін 100 пайызға дейін жеткізіледі. Бірінші және екінші техникалық санаттағы жолдардың ұзындығы 60 пайызға дейін, ақылы жолдардың үлесі 45 пайызға дейін ұлғаяды. Жол бойындағы қызмет көрсету нысандарымен 100 пайыз қамтамасыз етіледі.

«Биыл автожол саласында биыл жөндеу жұмыстарымен республикалық және жергілікті маңызы бар 9800 шақырым автожолды қамту жоспарланып отыр. Жалпы жол салу жұмыстарында шамамен 200 мыңға жуық адам тартылады. Оның ішінде 100 мың адам қосымша салалардан. Ал бұған дейін республикалық желі бойынша құрылыс және қайта жаңарту жұмыстарымен 4 мың шақырым автожол қамтылды. Күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен 1828 шақырым жол қамтылып, оның ішінде 1118 шақырымының жұмысы биыл аяқталады. Жыл қорытындысы бойынша жалпы қзындығы 2600 шақырымды құрайтын автожол учаскелерінде қозғалыс ашу жоспарланған», - деді Сайранбек Бармақов.

Жобаларды уақытылы іске асыру мақсатында барлық дайындық жұмысы жүргізілген. Қажетті материалдар дайындалып, жеткілікті мөлшерде техника, атап айтқанда, 10 мың бірлік техника, 79 бірлік ұнтақтау және сұрыптау құрылғылары жұмылдырылған.

Сонымен қатар комитет төрағасы биыл коронавирус пандемиясы төтенше жағдайға байланысты құрылыс жұмыстарының қарқыны тек мамыр айының ортасында қалпына келтірілгенін атап өтті. Оның сөзінше, бүгінде обьектілерде 31 млн куб жер төсемі салынды. 807 км асфальтке бетон төселген. 140 көпір және 450 су өткізгіш құбырлары салынды. Құрылыс алаңдарының барлығында мамандарды коронавирус инфекциясынан қорғау үшін қажетті шаралар қабылданды. Барлық қызметкерлер жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген.

   

5 мыңнан астам шақырым жолға төлем жүйесі енгізіледі

Комитет төрағасының айтуынша, қазіргі уақытта республика бойынша ұзақтығы 682 шақырым болатын 4 ақылы уческе жұмыс істейді. Бұлар Нұр-Сұлтан-Щучинск, Нұр-Сұлтан-Теміртау, Алматы-Қорғас, Алматы-Қапшағай. Бүгінде осы учаскелер бойынша алымдар көлемі 2 млрд 781 млн теңгені құрайды. Өзін-өзі қамтамасыз ету мақсатында инвестициялық конкурс аясында 11 мың шақырымға арналған төлем алу жүйесін орнату және қызмет көрсету шартына қол қойылды.

«Шарт шеңберінде ағымдағы жылы ұзындығы 5 783 шақырым қайта жаңартылған учаскелерде төлем алу жүйесін орнату жоспарланып отыр. Кейін тестілік пайдалануға іске қосылады. Қалған 5111 шақырымға қайта жаңарту бойынша жұмыстың аяқталуына қарай 2024 жылға дейін ақы алу жүйесін енгізу жоспарланып отыр», - деді ол.

Бүгінгі таңда халықаралық және республикалық маңызы бар жолдардың бойында қызмет көрсететін 1138 нысан бар. Оның сөзінше, олардың 929-ы ұлттық стандарттардың талаптарына сай. 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың 20 мың шақырымнан астамын жөндеу жоспарланып отыр. Бұл облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 95 пайызын жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізуге мүмкіндік береді.

«Бұл мақсатқа 2020 жылы 238 млрд теңге бөлінген. Оның ішінде республикалық бюджеттен 154 млрд 200 млн теңге және жергілікті бюджеттен 83 млрд 300 млн теңге қарастырылған. Ал жыл соңына дейін 4 мың шақырым жолды жөндеу жұмыстарымен қамту жоспарланып отыр. 350 жол жобасы жүзеге асырылады. 31 мың адам жұмыспен қамтылған», - деді комитет төрағасы.



Вокзал мен пойызда қызмет көрсетудің жаңа стандарттары қабылданбақ


Сонымен қоса комитет төрағасы вокзалдар мен пойыздарда жолаушыларға қызмет көрсетудің жаңа стандарттары қабылданатынын айтып өтті. Оның айтуынша, бұл жолаушыларды теміржол көлігімен тасымалдау сапасын жоғарылатуға әсер етеді.  

«Автомобиль көлігі саласында министрлік халықаралық нарықта отандық автомобиль жүк тасымалдаушыларының үлесін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ұлттық стандартқа сәйкес автовокзалдар мен автостансалардың санын арттыру мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, кәсіпкерлерді ынталандыру шаралары әзірленуде», - деді ол.


Оның сөзінше, жалпы 2025 жылға дейін өңірлерде 4 автовокзал, 6 автостанция және жолаушыларға қызмет көрсететін 33 пунктін салу жоспарланып отыр. Биыл қалалық жолаушылар тасымалын дамыту жөніндегі шаралар кешені әзірленген. Сонымен қатар оның айтуынша, экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар аясында халықаралық жүк тасымалдаушылары 2020 жылдың соңына дейін ершікті тартпақтарды алғаш рет тіркеу кезінде алынатын төлемнен босатылды.

Барлық жаңалықтар